Біз бұған дейін Алматыдағы қоғамдық көліктерге «Оңай» электронды билеттендіру жүйесін енгізу мәселесі туралы жазған едік. Мақалада бұл бастаманы қолданысқа енгізу біршама қиындықтарға тап болуы мүмкін деген болжам да айтылған еді. Айтып ауыз жимадық, «Алматы көлік холдингі» компаниясының басшылығы автобус жүргізушілерінің «Оңай» жүйесіне қарсы майдан ашқанын жариялап отыр.
«Алматы көлік холдингі» ЖШС-і бақылаушылар кеңесінің мүшесі Рифат Абдурамановтың айтуынша, қоғамдық көлік жүргізушілері бұрын өздері жинайтын жол жүру ақысының электронды жүйе арқылы неме монета қабылдайтын арнайы валидаторларға төленуін «қызғанатын» сияқты. Бақылаушылар мен бірқатар жолаушылар автобустарға орнатылған «Оңай» карталарын оқитын аппараттарды пакетпен қаптап тастағандарын байқап қалып, шағымданған. Тіпті, кей жүргізушілердің валидаторларды рұқсатсыз ашып, ондағы ақшаға қол салу оқиғалары кездескен. Ондай жүргізушілердің үстінен қылмыстық іс те қозғалып жатқан көрінеді.
1 қазаннан бастап Алматыдағы бірқатар бағыт бойынша қоғамдық көліктерде қолданысқа енуі тиіс «Оңай» электронды билеттендіру жүйесі осындай кедергілерге тап болуда. Әдетте, қарапайым жол ережелерін сақтамайтын автобус жүргізушілеріне құны 1500 еуро тұратын қымбат аппараттарды сеніп тапсырған «Алматы көлік холдингінің» бұл әрекеті шынымен де қасқырға қой бақтырғанның кебі секілді көрінеді. Енді алдын-ала түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тұтынушылар мен қызмет көрсетушілердің мәдениет деңгейін дұрыс бағаламай асығыс шешім жасау қыруар қаржының желге ұшуына әкеп соқпаса жарар еді деген қынжылыс көптің көңілін мазалары сөзсіз.