Астанадағы автобус әлегі

/uploads/thumbnail/20170708201615104_small.jpg

Астана осы қалпымен кете берсе шынымен де «арман қала» болатын шығар.  Себебі, қарапайым халықтың өмір сүріп, жан бағуы өте күрделі. Қала тұрғындарының басым бөлігі тапқан-таянғанын пәтерақы жалдауға жұмсайды Оның үстіне күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасының шарықтауы жығылғанға жұдырық болып отыр. Ал енді бұған қоғамдық көліктің жырын қосыңыз. Себебі, «ертегі елінде» қоғамдық көлікте жүру құны 90 теңге.

Жол жүру бағасының 60 теңгеден 90 теңгеге көтерілуіне қала әкімі Әділбек Жақсыбековтың еш қатысы жоқ. Себебі, бұл қымбатшылық оған  дейін жасалған болатын. Алайда, құны 10 миллион тұратын жылы аялдамалардың жырына Жақсыбеков мырзаның тікелей қатысы бар. Әрине, бір қарағанда әкімнің бастамасына «Бәрекелді» дегеннен басқа ештеңе айтқың келмейді. Себебі, Астананың қытымыр аязында автобусты сарыла күту қараша халыққа оңай емес. Сондықтан да Елорда көшелерінде жылы аялдамалардың болғаны өте орынды.

Әйтсе де, құны 36 мың доллар тұратын аялдаманың бір айға жетпей бұзылып қалуы отқа май құя түсті. Себебі, дәл осындай аялдамалар Ресейде не бәрі 200 мың рубль тұрады екен. Бұл туралы «Астана» телеарнасына берген сұхбатында Краснояр қаласы Свердлов ауданы әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Алексей Исаев мәлім етті.

Ресейдің Краснояр қаласы Сведлов ауданының билігі 2012 жылы осындай нысандарды орнатқан. Біреуі 200 мың рубльге түскен. Оның өзіне бюджеттің емес, бизнестің қаржысына тұрғызылды. Ескеретін бір жай аялдаманың құны оған қанша адамның сиятынына байланысты. Егер көп адам сыйса, әрине, қымбатырақ болады. Ал стандартты аялдама 200-220 мың рубль тұрады. Бұл ең көп дегенде 10 мың доллар, – дейді Алексей Исаев.

Таяуда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовты қабылдап, «нағыз дағдарыс енді басталды» деп мәлімдеді. Бұл деген сөз алдағы уақытта қаржының оңды-солды шаша бермей, үнемдеп жұмсаңдар дегенді білдіреді. Әйтсе де Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбековке дағдарыс сезілмеген сияқты. Өйткені аталған әкімдік жылдың соңына дейін құны 10 миллион теңге тұратын 25 аялдама пайдалануға береміз деп құлшынып отыр. Демек әкімдіктің бюджетінен 25 аялдамаға 250 миллион теңге жұмсалады.

Осы ретте дағдарыс кезеңінде бізге дәл осындай қымбат аялдамалар керек пе деген заңды сұрақ туындайды. Алайда, біздің кейбір пысықайлар «дағдарыс нағыз ақша табатын кезең» деген тәмсілді жақсы меңгерген тәрізді. Оның үстіне әкімдік әкесін танытып мақтаған VIP аялдамалардың есігі бұзылып, жарамсыз болып жатыр. Мәселен, «ASIA PARK» сауда ойын-сауық орталығына қойылған аялдаманың есігі жабылмай қалғанын өз көзімізбен көрдік. Сондықтан да, оның ішінде болсаңда, сыртында болсаңда бәрі бір суық ауа райы сезіледі. Тоқсан ауыз сөдің тобықтай түйіні астаналық тұрғындар Әділбек Жақсыбековтың жаңалығын жақтырмай отыр.

Айтпақшы, Жақсыбековтың қоғамдық көлікке енгізген жаңалығы бұл ғана емес. Астана қаласы әкімдігі жаздан бері қоғамдық көліктерге жаңарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мысалы Астананың іргесіндегі ауылдарға экспресс автобустар қатынайтын болды. Бұл әрине қараша халыққа қолайлы жағдай жасалғанын білдіреді. Алайда жаңартудың жағымсыз жақтарыда жоқ емес. Айталық, бұрын Шанхай базарынан бастап Қараөткел ауылына дейін № 36 автобус қатынайтын. Қазір осы бір бағыттағы автобусты екіге бөліп тастады. Яғни, бүгінде Шанхай базарынан қоғамдық көлікке мінген адамдар Астана медицина университетінен түсіп қалып, екінші №36 автобусқа отырады. Демек, бұрын 90 теңгеге баратын жеріңізге қазір 180 теңге жұмсап жетесіз. Бұл жаңалыққа Астана іргесіндегі кейбір ауылдардың тұрғындары наразы болып, сол күні мәселені шешіп алды. Ал Астана мен Қараөткелге қатынайтын №36 автобус қарашаның қалтасын қағып тұр. Ұзын сөздің қысқасы Астана қаласы әкімдігі автопарктердің айтқанын екі етпей, ақша табуына жағдай жасап жатыр.

 

Серік ЖОЛДАСБАЙ

Астана

 

Қатысты Мақалалар