19-23 қазан аралығында Қырғызстан Республикасында өткен V Халықаралық «Арт Ордо» театрлар фестивалінде М. Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры «Ең үздік қойылым» номинациясы бойынша бас жүлдемен марапатталды. Бұл туралы «Қамшы» порталы театр баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Бас жүлдені фестивальде сахналанған Ж.Ерғалиевтің «Қас қағым» метафизикалық трагедиясының режиссері Елік Нұрсұлтанға Қырғызстан Республикасының мәдениет, ақпарат және туризм министрі Алтынбек Мақсұтов өз қолымен табыстады.
Қырғызстанда өткен фестивальге Қазақстаннан М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры мен С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды-драма театры қатысқан еді.
Бұдан бөлек, Мукими атындағы Өзбек мемлекеттік академиялық музкомедия театры, Латухи атындағы Тәжік мемлекеттік драма театры, Набережночелнидегі Татар мемлекеттік академиялық драма театры, М.Вахидова атындағы Тәжік мемлекеттік жастар театрлары да фестивальде өнер көрсетті.
Фестивальде ең үздік қойылым – бас жүлде, ең үздік режиссер, ең үздік сценография, ең үздік еркек ролі, ең үздік әйел ролі, екінші пландағы еркек ролі, екінші пландағы әйел ролі, сыншылар көзайымы сынды номинациялар бойынша жүлделер табысталды.
КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов төрғалық ететін қазылар алқасының құрамында Алтынай Таджибаева – өнертану ғылымдарының докторы (Өзбекстан Республикасы, Ташкент, Мәскеу), Ато Ходжаев – Тәжікстанның халық жазушысы (Тәжікстан Республикасы, Душанбе); Андрей Ястребов – филология ғылымдарының докторы, профессор (ГИТИС, Ресей федерациясы); Рашат Файзрахманов – театр қайраткері (Татарстан, РФ, Набережные Челны); Нұрлан Әбдіқадыров – Қырғызстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері (Қырғызстан Республикасы, Бішкек); Марат Козукеев – Қырғызстанның еңбек сіңірген артисі, (Қырғызстан Республикасы, Бішкек) сынды мамандар бар.
Бұдан бөлек, фестивальде құрамында өнертанушы ғалымдар бар сыншылар алқасы да жұмыс істейді.