Бүгін Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында «Алтын жүрек» қайырымдылық сыйлығымен салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтеді. Бұл туралы «Қамшы порталы» «Бауыржан» қайырымдылық қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қайырымдылық сыйлығының марапаттау рәсімі Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің қатысуымен өтеді.
Шараны «Бауыржан» қайырымдылық қоры «Нұр Отан» партиясының қолдаумен ұйымдастырады. Бұл кешке «Алтын Қыран» компаниялар тобы мен «ForteBank» АҚ-ы әріптес болып отыр.
Биылғы жылы «ДОМ» қайырымдылық қорының ұсынуымен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сыйлықтың «Жылдың қайырымды адамы» аталымы бойынша қатысуда. Өзге де аталым иелері қатарында алғашқы балалар хосписін ұйымдастырушы Нагима Плохих, КТК телеарнасының «Дорога Домой» жобасы, Samsung Central Asia компаниясы, 11 баланың әкесі Мұрат Қабылбаев, «Родина» агрофирмасы, Қазақстандағы алғашқы Training Cafe ұйымдастырушысы Анна Құдиярова және де шетелдік азамат, Тараз қаласында жетімдерге баспана ашқан Виктория Шарбоне, тағы да басқалары бар.
Кеш Turkvision-2014 байқауының жеңімпазы Жанар Доғалованың әсем әнімен салтанатты түрде ашылып, қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтеді деп жоспарлануда. Кеш қонақтары қатарында домбырашы Асылбек Еңсепов, ҚР халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, скрипкашы Жәмилә Серкебаева, MEZZO тобы және басқалар өнер көрсетеді.
Сонымен қатар, келушілерге арнайы «100 қайырымды іс» атты фотокормесі ұйымдастырылады.
«Алтын Жүрек» - бұл Орталық Азиядағы және қазақстандық қайырымдылық саласындағы алғашқы және қазіргі бірден-бір беделді сыйлық болып табылады. Сыйлық ұйымдастырушылары «Бауыржан» қайырымдылық қоры жыл бойына республика бойынша «Қазақстанның Алтын Жүрегі» атануға лайық қайырымды жандарды іздестірді.
Сыйлықтың ұйымдастыру комитетінің берген мәліметтеріне сүйенсек, 2015 жылы республикада жалпы 12 миллиард теңге көлемінде қайырымдылық шарасы жүзеге асырылған. Қазақстандағы қайырымды адамдар мен еріктілердің көмегімен 6 спорттық мектеп, 5 балабақша салынып, 5 жалпы білім беретін мектепке, 4 мүгедек балаларға арналған балабақшаға, жағдайы төмен отбасының балаларына арналған 2 лагерға жөндеу жұмыстары жүргізілді, 8 компьютерлік сынып пен 5 емхана құрал-жабдықтар мен қамтылды, жағдайы нашар отбасынан шыққан 1000 бала оқуға дайындалды, ҰОС 25 ардагерінің пәтерлеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді және Алматының сел болған аймақтарына 7 күн бойына асханаларда еріктілер 5 мыңдай адамды күніне екі уақыт тамақтандырды.