Бақыт СӘРСЕКБАЕВ, бокстан Бейжің Олимпиадасының чемпионы: ШЫНДЫҚТЫ АЙТУ ЖАМАН ҚАСИЕТ ЕМЕС

/uploads/thumbnail/20170708201619588_small.jpg

Қазақ спортында қысқа мерзімде үлкен нәтижелер көрсетіп, халықтың сүйіспеншілігіне оранған спортшылар жетерлік. Қазақстан боксындағы сондай жойқын жұдырықты жігіттерінің бірі – Бақыт Сәрсекбаев. Бейжің Олимпиадасының чемпионын соңғы уақытта жанкүйерлері жоғалтып алғандай. Күні кеше еліміздің абыройын асқақтатып, туымызды Олимпиада төрінде желбіреткен батыр ұлымыз қайда жүр? Бұл туралы бүгінде Қазақстанның бокс федерациясында табысты қызмет етіп жүрген Бақыт Сәрсекбаевпен болған сұхбаттан оқисыздар.

 

– Бақыт, сізді оқырман да, спортсүйер қауым да жоғалтып алды. Бүгінде немен айналысып жүрсіз?

– Сүйікті спортымнан алыстаған жоқпын. Бокс федерациясында жұмыс істеп, былтырдан бері тәжірибелік құраманың аға бапкерімін. Бұл құрамға 18-23 жас аралығындағы жас спортшылар енген. Құдайға шүкір, араға жыл толмай жатып біраз жетістіктерге жетіп үлгердік. Былтырғы студенттер арасындағы әлем чемпионатында табысты өнер көрсеттік. Якутияда өткен біріншілікте командалық есепте шаршы алаң иелері Ресейден кейінгі екінші орынды иелендік. Бірақ бұл ресейліктер бізден мықты болды деген сөз емес. Спортта, әсіресе, бокста төрешілердің бұра тартатын әдетінің салдары ғой.

– Ал, бұл қызметтегі сіздің негізгі міндетіңіз қандай?

– Тәрбиеленушілердің физикалық, тактикалық, психологиялық даярлығы – бәрі бізге артылған жауапкершілік. Кейде балалар физикалық тұрғыда дайын болғанымен, психологиялық қысыммен күресе алмай, орта жолда «сынып» қалып жатады. Ол спорттың кез келген түрінде бар. Сондықтан өз басымыздан өткерген жайлардан нәтиже шығара отырып, қолдан келгенше ақыл- кеңесімізді айтып, бағыт-бағдар береміз. Бізде жұмыс істейтін бапкерлердің барлығы білікті. Қазірдің өзінде жастар арасында әлем, Азия чемпиондарын тәрбиелеп үлгергендері аз емес. Ал жаттығу Алматы мен Астанада қатар өткізіледі.

– Бұл құрамаға алынатын балалар арасында іріктеу қалай жүргізіледі?

– Елімізде боксқа әуестігі жоғары балалардың көптігін көріп үнемі қуанып жүремін. Олимпиада чемпионы болсам деген асқақ армандары бар. Бір қызығы, қызығушылық негізінен мегаполистерде емес, ауыл-аймақтарда жоғары. Осыны ескергендіктен, жыл соңында тәжірибелік құрама арасында чемпионат ұйымдастырып, соның нәтижесіне қарап іріктейміз. Биылғы біріншілік Қазақ хандығының 550 жылдығына орайластырылды. Аудан, облыс төңірегінде тасада қалып жүрген дарындарға мүмкіндік береміз. Осы бастамамды қолдап, маған сеніп тапсырған, бүгінде жас былғары қолғап шеберлерінің алаңсыз жаттығуына толық жағдай жасап берген Бокс федерациясының президенті Тимур Асқарұлына алғысым зор. Бұл құрамаға іліккен жігіттерге ай сайын жалақы, жеңістеріне орай сыйақы төленеді. Мұның өзі жастарымыздың алға жылжуына, даярлықты үдете түсуіне үлкен көмек.

– Сонда мұның осыдан бірнеше жыл бұрын қолға алмақ болған «Олимпиада үміттері» атты жобаңызға қатысы жоқ қой?..

– «Олимпиада үміттері» – бұқаралық спортты, саламатты өмір салтын дамытуға бағытталған жоба. Оның басты мақсаты спортқа икемі, қызығушылығы бар жастарға аула клубында ақысыз негізде жаттығуға мүмкіндік беру еді. Дегенмен бастапқыда қол ұшын созамыз деген азаматтар артынша-ақ бас тартып, бүгінде бұл жоба дағдарысқа байланысты уақытша тоқтап тұр. Ал тәжірибелік команда Мырзағали Айтжанов бастаған ұлттық құрамаға резерв іспетті. Яғни ел намысын әлемдік ареналарда абыроймен қорғап жүрген былғары қолғап шеберлерінің жолын жалғайтын ізбасарлары өсіп келе жатқандығын көрсету. Мысалы, кейбір балалар ірі жарыста бір рет жеңіліс құшса, одан кейін спортты мүлде тастап кетуі мүмкін. Ал біз оларды жеңіспен қатар жеңіле білуге де даярлаймыз. Бүгінде осы жобамызды таэквондо, дзюдо секілді бірқатар спорт федерациялары үлгі ретінде енгізіп үлгерді.

– Бақыт, енді аздап тарихқа бет бұрсақ. 2005 жылы Мәскеуде өткен Әлем кубогында сіз кубалық боксшыға жол бердіңіз. Бұл жеңіліс көптеген жанкүйердің ренішін тудырды. Дегенмен, соған қарамастан, құраманың бас бапкері болған Дамир Буданбеков сізге үлкен үміт артып, көзіңізден от көргендігін алға тартты. Мүмкіндік берді. Соған қарағанда, Олимпиадада чемпион болатыныңызды да сезген секілді...

– Бапкердің маған ғана емес, Бақтияр Артаев пен Серік Сәпиевке де сенім артқаны рас. Себебі, сол жылдары біз құраманың «сүйегі» болдық. Дегенмен «бақ шаба ма, бап шаба ма» дегендей, Бейжіңде жеңіске жету бақыты маған ғана бұйырған екен.

– Бақтияр Артаев өзінің бір сұхбатында Қытай астанасындағы Олимпиадаға сіздің ғана жақсы дайындалғаныңызды, ал қалғандарының жаттығуды нормадан тыс жасап, біраз шаршаңқы барғандығын айтып еді. Сонда сіз даярлық жұмыстарын жеке жүргіздіңіз бе?

– Жоқ, әрине. Мен құрамадағы жігіттермен бірге дайындалдым. Бірақ, жаттығу арасында аздап тынығып алып, үзілістер жасап тұрдым. Қазір бұл туралы айтып, бапкерлерге мін тағудың қажеті жоқ шығар. Ол – өткен шақ. Ең бастысы, біз, кем-кетікті көрген боксшылар, өзімізден кейінгілерге дұрыс бағдар бере алсақ деймін. Сол қателіктерден нәтиже шығару қажет. Өзім де бапкер болғандықтан, бапкер мен шәкірт арасындағы өзара үйлесімнің, тіл табысудың маңыздылығын түсініп келемін.

– Есіңізде болса, 2012 жылғы Қазақстан біріншілігінде сіз құрама капитаны Данияр Елеусіновтің 69 келіде өнер көрсетуге физикалық тұрғыда даяр еместігін алға тарттыңыз. Ал қазір Данияр жұлдызды салмағымызға қаншалықты үйренді?

– Мақтанатын жайт, Қазақстанда бокс жоғары қарқынмен дамып келеді. Бапкерлердің дұрыс тактикасының арқасында ұлттық құрамадағы жігіттердің қай-қайсысы да өз салмақтарының көшбасшысы болуға қауқарлы. Қазірдің өзінде қоржынымызда Біржан Жақыпов, Берік Әбдірахманов пен Василий Левитке тиесілі үш жолдама бар десек те, Олимпиада туралы әзірге айту ертелеу. Себебі, оған дейін тағы бір жылдай уақыт бар. Алайда кеше ғана басталған Азия чемпионатында табысты өнер көрсететіндігіне күмән келтірмеймін.

– Қалай ойлайсыз, құрамамыз қай салмақта ақсап, қай салмақта көш басында тұр?

– Бұл сұраққа мен жауап бере алмаймын. Ол ұлттық құрама бапкерлеріне қойылуы керек. Өзіме жүктелген міндет бар. Соған жауаптымын. Ал сіздің сауалыңызға қатысты пікір білдіру менің құзырыма жатпайды.

– Сіздің қатарластарыңыз Сәпиев Лондоннан магистрлік дипломмен оралып, табысты жұмыс істеп жүрсе, ал Артаев оқуға кірісті. Сізде шетелде білім алу туралы ой жоқ па?

– Неге болмасқа?! Бірақ әзірге бар ойым – тапсырылған міндетті абыроймен атқару. Сәті түсіп жатса, алдағы уақытта, бәлкім, маған да шетелде білім алуға мүмкіндік туар.

– Қазір шәкірт тәрбиесіне ден қойдыңыз. «Өзім қалаған жұмыспен айналысып жүрмін» деп айта аласыз ба?

 – Бапкер болып жұмыс істей алатынымды растайтын дипломым бар. Соған қарағанда бұрыннан өзімде қызығушылық болған шығар. Алланың қалауымен шәкірт тәрбиелеуге мүмкіндік туды.

– Соңғы кездері сіз туралы жағымсыз әңгімелер, артық сөз көбейді. Баспасөз бетінде де жағымсыз кейіпкер ретінде айтыласыз. Бұл немен байланысты деп ойлайсыз?

– Жасыратын ештеңесі жоқ. Бұл Азат Перуашевтың маған жасап жүрген пиарының арқасы. Өзіңіз де білетін шығарсыз, тілшілер қауымының арасында да сатылатындары бар. Ал олар өз кезегінде болмағанды болдырып, оның үстіне әсерлі етіп жазып бере салады.

– Перуашев туралы сөз қозғадыңыз. Соған қарағанда араларыңызда біз білмейтін кикілжің бар сияқты ғой?..

– Ол болған, қазір де бар, бола беретін де секілді...

– Сізді мінезді жігіт деп айтады. Сол үшін де кейбіреулерге ұнай бермейтін сияқтысыз. Оны өзгертуге талпынып көрген жоқсыз ба?

– Адамның туабітті мінезі болады. Мысалы, белгілі бір нәрсені дұрыс емес деп тапсам, оны бүкпесіз айтқанды, өз пікірімді білдіргенді жөн көремін. Адам болған соң кемшіліктерім бар шығар. Бірақ, шындықты тура айтуды жаман қасиет деп ойламаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан: Мәдина АСЫЛБЕК

 

Қатысты Мақалалар