– Бақтияр Өрісбайұлы, жақында интернеттен қазақстандық ғалымдар ғылыми дәрежелерін көбіне Қырғызстанда қорғайды деген пікірді көзіміз шалып қалды.
Нақтырақ айтсақ, соңғы бес жылда Бішкекте докторлық немесе кандидаттық диссертациясын қорғаған азаматтарымыздың саны үш есе артқан. Мұны Қырғызстанның Білім және ғылым министрі Эльвира Сариева ашық айтыпты. Ол өз сөзінде: «Бізге қазақстандық ғалымдардың келетін легі үлкен. Қырғызстанда диссертация қорғау оңай деген пікірмен келіспеймін» деді. Ал көрші елдің ғалымдарымен тығыз байланысыңыз бар сіз бұл сұраққа қалай қарайсыз, қалай жауап бере аласыз?
– Бүгінгі қоғамдағы алаңдатып отырған мәселенің бірі әрі бірегейі елімізге жоғары білікті ғылыми-педагогикалық мамандар мен ғылыми кадрлар даярлау мәселесі болып жүргені жасырын емес. Бұл тақырып әр жерде, әртүрлі деңгейде әңгіме өзегіне айналып жүр. Өйткені еліміз Болонья декларациясы талаптарына сай жоғары білім берудің бакалавриат, магистратура, PhD докторантура сынды үш деңгейлі құрылымына көшіп, 2010 жылдан бастап ғылым кандидаттары мен ғылым докторларын даярлауды жабыла жалаулатып жүріп, ақыры айналаға қарамай, елден бұрын жауып тындық. Сөйтіп, Болоньядан келген жаңалықты жатсынбай жеке-дара қабылдап, оза шауып бәйге алғандай болдық. Жан-жағымызға зер салу, әліптің артын бағу болған жоқ. Нәтижеде, кейбір деректерге сүйенсек, үш мыңға тарта ғылым кандидаттығы мен ғылым докторлығына үміткер ізденушілердің диссертациялық жұмыстары, талай жылғы еткен еңбегі кәдеге аспай қалды. Бұлардың ішінде қаншама жылдар бойы мемлекет есебінен оқыған мыңдаған іштей және сырттай оқыған аспиранттар мен докторанттар, ғылыми тағылымдамалардан өткен ғылыми ізденушілер, оларға бөлінген қыруар қаржы, қисапсыз михнат желге ұшып, зая кетті. Ал барлық ТМД елдері, қала берді, Еуразия экономикалық одағы мемлекеттері бұрынғы ғылым кандидаты мен ғылым докторын даярлайтын жүйені де сақтап, бүгінге дейін Болонья үдерісіне сәйкес магистр, PhD докторларын даярлау жұмысын қатар жүргізіп келеді. Біздің бұл тірлігіміз, басқаны қайдам, мен үшін, дәл бір «Қой көрмеген көргенсіз қуалап жүріп өлтіреді, ұл көрмеген көргенсіз дуалап жүріп өлтіреді» дегеннің кері секілді болған сыңайлы.
– Бәрібір ғылым-білім жүйесін интеграциялау, әлемдік стандарттарға сәйкес халықаралық білім кеңістігіне ену, Болонья декларациясына қосылу дұрыс мәселе емес пе?
– Дұрыс. Алайда өтпелі кезеңде, сондай-ақ ТМД мемлекеттері, Елбасымыз Н.Назарбаевтың ұсынысымен өмірге келген Еуразиялық экономикалық одақ елдері қазіргі таңда өте іргелі халықаралық ұйым құрып, көптеген экономикалық, әлеуметтік, ғылыми-техникалық, қорғаныс пен халықаралық, аймақтық қауіпсіздік, экономикалық және басқа да маңызды мәселелерді бірге шешіп отырған жағдайда жоғары білікті ғылыми-педагогикалық мамандар даярлауда ол елдерден бөлініп кету, жеке-дара оқшаулану, басқаны қайдам, бізге саяқ қойдың кейпін елестетеді.
Әлдекімдердің ұсынысымен асығыс түрде қабылданған шешімнің салқыны күннен-күнге білініп келеді. Жасыратыны жоқ, сол өліара тұста «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» демекші, ғылымды оңай олжаға айналдырған кейбір пысықайлар, шен-шекпенділер, шенеуніктер, кәсіпкерлер мен бизнес адамдары да қосылып, ғылыми дәреже, ғылыми атақ дегеніңізді қалпақпен ұрып алып үлгерді. Болмаса, бұл мәселеде тәртіпті қатайтып, талапты биіктетіп, қазіргі көрші кейбір елдердегідей ғылыми дәрежелерді тек оқу-білім, ғылым саласындағы қызметкерлерге берумен шектелгенде, осы күні бұл саладағы жоғары дәрежелі мамандар мен ғылыми кадрлар тапшылығын сезінбес едік.
– Сіздердің кездеріңізде бұл мәселе күрделі секілді еді...
– Иә, ол кезде талап күшті, жауапкершілік зор еді. Мәселен, өз басым сонау 1973 жылдың басынан шалғайдағы ауданның ауыл мектебінде мұғалім болып жүрген кездерден ғылым жолына түстім. Ғылыми зерттеулеріміз мақала түрінде «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан мұғалімі», «Қазақстан әйелдері», «Қазақстан мектебі», «Жалын» сынды елдік басылымдарда, «Мектеп» баспасында мұғалімдерге көмекші құрал ретінде жарық көрді. Он шақты жыл еңбектеніп жүріп, диссертациялық жұмысымызды өзімізде диссертациялық кеңес болмаған соң Мәскеуде қорғадық.
Ол замандарда мектеп мұғалімдері (басқа сала қызметкерлері де) өздері сабақ беретін пәндері (мамандықтары) бойынша сырттай аспирантура арқылы немесе ғылыми ізденуші ретінде тіркеліп, диссертация қорғауына мүмкіндік бар еді. Одан шығатын нәтиже де жаман болмайтын. Айталық, Оңтүстіктің бұрынғы Бостандық ауданы орталығындағы біз оқыған Абай атындағы қазақ орта мектебінде мектеп директоры да (Жұмағұл Сәрсенов), оның оқу ісі жөніндегі орынбасары да (Икрам Қадырбеков) кандидаттық еңбектерін қорғап, кейіннен ол ұстаздарымыз жоғары оқу орындарында, ғылыми-зерттеу институттарында жемісті қызмет етті. Оқулық, оқу-әдістемелік құралдар жазды. Білім беру мекемелерін басқарды. Солардың ізімен тағы да бір-екі мұғалім ғылыми ізденуші ретінде диссертациялық зерттеулерін нақтылы мектеп тәжірибесімен ұштастыра жүргізіп, соңынан жұмыстарын сәтті қорғап шықты. Яғни сол мектептің өзінде ғылыми орта қалыптасты. Сөйтіп, төменнен, өндірістен тәжірибелі ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлау жұмысы қоса жүргізілді.
Бүгінде ол ағалардың біразы өмірден озды, енді біреулері ақсақал жасына жетіп, еңбек зейнетін көріп жүр. Ал бүгінгі мұғалімдердің, әсіресе, ауыл ұстаздарының ғылыммен айналысуына ондай мүмкіндігі жоқ. Ол үшін талапкерлер міндетті түрде магистратурада іштей (өндірістен қол үзіп) оқуы қажет. Оған олардың баласы бар, шағасы бар, отбасы бар дегендей. Қаржылық дағдарыс та қолбайлау. Баяғы ғылыми ізденушілік тәртіп жойылған.
Ал қазіргі даярлап жатқан біраз PhD докторларымыздың сапалық (бәрі деп ғайбат айтуға болмайды) жайын көріп, кейде қарның ашады. Олардың жазған-сызғандарын «Егемен», «Айқын», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Ақиқат», «Жұлдыз» секілді елге танымал басылымдарда жариялауға келмейді. Ғылыми жинақтарда жарық көрген мақалаларын өздерінен басқа ешкім оқи бермейді. Сонда елге, халыққа пайдасыз ондай ғылым, ондай еңбектер кімге керек? Тек PhD докторы атану үшін ғана ма?
Бүгінгі жоғары оқу орындарында қалыптасқан жағдай, олардың кадрлық әлеуеті, кеңестік кезеңнен тартып 2010 жылға дейін қорғап үлгерген ғылыми жоғары дәрежелі мамандар ғылым кандидаттары, доценттер мен ғылым докторлары, профессорлардың қатарлары жылдан-жылға сиреп бара жатқаны, шетелдерде, өзімізде даярланған білікті PhD докторлары білім-ғылым саласындағы еңбекақының аздығынан басқа ақшалы жұмыстарға, бизнеске кетуі бірқатар мамандықтардан кадр тапшылығын байқатып отыр.
Ал парасат-пайымы ғалым деуге тұрмайтын ешқандай қарым-қабілеті жоқ, кемталант педагогтар, қуыршақ ғылым кандидаттары мен дүдамал докторлар, өз елімізде қолдан жасалған бірқатар «шөже» PhD докторлары мынадай бей-берекетсіздік жайлаған шақты ұтымды пайдаланып, шала-жансар, сауатсыз мамандарды даярлауға молынан үлес қосып келеді. Осындай жайларды көргенде «қайнайды қаның, ашиды жаның» (Абай).
Мұндай олқылықтардың орнын толтыру оңайға соқпайтыны, оны қалпына келтіру ұзақ жылдарға созылатыны айдан анық. Халық даналығында «Ауруын жасырғанды өлім әшкере етеді» деген аталы сөз бар. Сол айтқандай, мұның зардабын еліміздің халқы, жоғары оқу орындары, Қазақстан ғылымы енді бірер жылдан соң қатты тартуы әбден кәдік. Өйткені жоғары оқу орындарындағы кадрлық жағдай, кафедралардағы ғылыми дәрежелілік деңгейінің жыл өткен сайынғы төмендеуі, өз елімізде әзірленіп жатқан PhD докторларына бөлінетін орындар санының мардымсыздығы осыны аңғартқандай. Оның үстіне өзіміздегі бірқатар PhD докторанттары докторлық жұмыстарын қалай «жазып» (дұрысы кімдерге жаздырып), қалайша қорғалып жатқанын естіп, нәтижесін көзімізбен көріп келеміз.
– Әңгіменің ашығы ғылым саласына қауіп-қатер төнгендей әсер қалдырады. Шын мәнінде осы салада түйінді мәселе не?
– Сөз орайы келгенде айта кетейік, Ұлттық университеттерге (әсіресе, педагогикалық жоғары оқу орнына) оқуға қабылдауға берілген 70 балдық меже, олардағы студенттер контингентінің күрт азайып, болашақта жабылып қалу қаупін еске салады. Бұл 70 балдық меже қаптаған жекеменшік университеттерге 50 балдан жоғары көрсеткішпен талапкерлер қабылдауға әдейі жасалған қолайлы жағдай секілді әсер етеді. Ондағы түпкі мақсат біреу-ақ, ол – жекеменшік оқу орындарында оқитын студенттердің санын көбейту, жекеменшік оқу орындарының қоржынын, иелерінің қалтасын толтыру екені бесенеден белгілі. Мұның артында кейде сыбайластықтың да исі бар ма деген еріксіз ойға қаласың.
Көрші ТМД, ЕАЭО елдеріндегі жағдайға келсек, біріншіден, олардың бәрінде жоғарыда атағанымыздай, бұрынғы жүйе сақталған, екіншіден, Болон үдерісінің талаптарына сай философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор ғылыми дәрежесін беру де қатар қызмет етіп келеді. Мысалы, Тәжікстан Ресей Жоғары аттестациялық комиссиясының шешіміне сәйкес ғылыми дәрежелер мен атақтар берсе, Түрікменстан 2007 жылдан бастап, бұрында таратылған Ұлттық ғылым академиясын қайта қалпына келтіріп, Жоғары кәсіби аттестациялық комитетін ел Президенті жанынан қайта ашты.
Мұндай орган Қырғызстан, Өзбекстан, Украина, Беларусь, Армения республикаларында Ұлттық немесе Жоғары аттестациялық комиссия (ЖАК), Грузияда Сарапшы ғалымдар кеңесі түрінде, ал Әзірбайжандағы ЖАК біздегі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті сияқты министрлікке емес, тікелей Республика үкіметіне бағынады. Соның жанында, құрамында қызмет етеді. Бұл елдердегі Ғылыми кеңестерге Қазақстан азаматтары қаншама қиындықтарға қарамай лек-легімен сарылып барып, әр- түрлі ғылым салаларынан қорғап келіп жүр. Сол арқылы олар ол елдің ғылыми ойын дамытуға үлес қосып, тың идеяларымен, ғылыми жаңалықтарымен оларға пайдасын тигізуде, бұл елдерде қолдан жасалған тосқауыл жоқ.
– Тосқауыл ретінде нені баса айтар едіңіз?
– Нақты мысал келтірейін. Мен соңғы 3-4 жыл бойы Бішкектегі Қырғыз Білім академиясы мен И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетіндегі оқыту теориясы мен әдістемесінен педагогика ғылымдары бойынша докторлық (кандидаттық) диссертация қорғау жөніндегі Біріккен Ғылыми кеңестің мүшесі ретінде қатысып келемін. Бұл мәселеде қырғыз еліндегі оң өзгерістер айқын аңғарылады. Соңғы бес жылда айыр қалпақты ағайындар ана тілі мен әдебиетін, т.б. пәндерді оқыту әдістемесінен көшілгері кеткені байқалады. Мұны ғылыми-зерттеу тақырыптарының өзектілігінен, практикалық маңыздылығынан, бұрынғы кезеңдегі таптаурын болған идеялар мен қасаң тұжырымдардың, теріс пиғылды көзқарастардың қайта қаралып, ұлттық мүдде тұрғысынан жаңаша бағдар алуынан, елдің мүддесі мен қырғыз халқының игілігіне, ұлт мұратына бағытталуынан айқын көреміз.
Елдегі орын алған демократиялық үрдістер ғылым-білімге де өз өрнегін салғаны сезіледі. Осы реттегі біздің жеке пікіріміз, еліміздің жетекші ғалымдарының алқалы жиын, келелі басқосуларда Білім және ғылым министрлігі басшыларына айтып жүргеніндей, ғылым кандидаты мен ғылым докторын даярлау жұмысын басқа ТМД республикаларындағы секілді философия докторын (PhD) даярлаумен қатар жүргізуді қайта қолға алған орынды дер едік. Ал қазіргі ғылым кандидаттарына Беларусьтағы секілді философия докторы (PhD) дипломын қоса берген жөн. Онда мұндай құжат президент А.Лукашенконың 2011 жылғы №561 жарлығымен бекітілген «Ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар беру ережесіне» сәйкес кез келген ғылым кандидаты дипломына қоса беріледі. Бізде бұл мәселенің ара-жігі әлі күнге айқындалмаған, ресми теңестірілмеген.
Сосын ел президенті жанынан құрылған Беларусь Жоғары аттестациялық комиссиясы бекіткен Ғылыми басылымдар тізімі бойынша жарияланған ғылыми еңбектермен қатар Ресей, ТМД елдері ЖАК-тары бекіткен басылымдарда жарық көрген мақалалар есепке алынады.
Біздің елімізде докторлық (PhD) қорғау үшін мақала сонау Еуропадағы Томсон Рейтер компаниясының деректер базасына енетін нөлдік емес импакт-факторлы басылымдарында жариялануы қажет. Ол үшін 1-1,5 беттік ғылыми жазбаңыздың жарық көруіне міндетті түрде кем дегенде 800 доллардан астам ақша төлеуіңіз керек. Төлемесеңіз, еңбегіңіз (мақалаңыз) жарыққа шықпайды. Сонда тек қазақстандық ғылыми дәрежеден үміткерлер ғана шетелдік әлгіндей компанияларға кіріптар болып, ел несібесін сыртқа, солардың қалтасына еш қиындықсыз салып беріп жатады. Және бір ерекше атап айтарлық жайт, докторантқа (PhD) Ереже бойынша екі бірдей, бірі отандық, екіншісі шетелдік ғылыми кеңесші жетекшілік етуі қажет.
«Шетелдік кеңесші» деген жай аты үшін демесеңіз, оның келу-кету, жүру-тұру, күнделікті күнкөрісі, кеңесшілік қызметі мен мұнда оқыған дәріссымағының шығынын есептеп шықсаңыз (оған PhD докторанттың шетелдік ғылыми кеңесші еліндегі оқу-тәжірибелік тағылымдамасына кететін қаржыны қоспағанда) есіл ақша сыртқа босқа шашылып жатқанын аңғарар едіңіз. Ал мұны мемлекет көлеміндегі PhD докторантурада оқып жүрген ізденушілерді қоса есептесеңіз, қисапсыз, сан миллиондаған, бірнеше миллиардтаған қаржы жұмсалып жатқанына көзіңіз жетер еді.
– Бәрінен де сырт елдерге барып ғылыми жұмысын қорғайтындарға ол жақта қандай сарапшылар тағайындалады?
– Біздің ойымызша, ана тіліміз бен туған әдебиетімізден, ата тарихымыздан, төл педагогикамыз бен психологиямыздан, халықтың мәдени талабын өтейтін жалпыұлттық мәні бар руханиятымыз мәселелерінен Еуропа елдерінде, тіпті түбі бір туысқан Түркия елінде де білгір ғалымдар бар дегенге сену қиын. Бар болған күннің өзінде олардың шама-шарқы аталған ғылым бағыттарынан әуесқойлық деңгейде ғана деп ойлаймын. Мүмкін қателесермін. Біздіңше, қазақ тілі, қазақ әдебиеті, қазақ тарихы, этнографиясы, этнопедагогикасы, этнопсихологиясы, т.т. тек қазақтар үшін, Қазақстан үшін қажет. Оның көгілдір туы қазақ елінде ғана мәңгілікке тігілген, осында ғана желбірейді. Сондықтан әлгі ереже-тәртіпті ойлап тапқан сабаздарға шетелге кіріптар болуды қойып, «ұлт мүддесі, халық игілігіне қызмет ететін рухани құндылықтарымыздың көсегесін өз елімізде көгертіп алған мақұл» деген ой айтқымыз келеді. Мұндай жайт Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ешбірінде орын алып отырған жоқ. Бұл аталған мәселелердің бәрінің басты себебі, елімізде бірегей ұлттық білім беру моделінің жасалмағандығынан деп ойлаймыз. Ал оған ешкім бас қатырып жатқан жоқ та сияқты.
– Осында іргелі іске еліміздегі Ғылым академиясы неге мұрындық бола алмайды?
– Ғылым, ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлау мәселесі туралы әңгіме қозғағанда Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы жайлы айтпай кетуге болмайды. Академия президенті, академик М.Жұрыновтың басшылығымен соңғы жылдары бірқатар жұмыстар қолға алынып, оның жұмысында оң өзгерістер болып жатқанынан жұртшылық хабардар деп ойлаймыз. Академия басшысы ел Президенті Н.Назарбаевтың арнайы қабылдауында болғаннан кейін біраз мәселелер шешімін тапты. Айталық, ҰҒА академиктері мен корреспондент-мүшелерінің жаңадан сайлаулары өткізілді. Ұлттық жоғары оқу орындарымен бірлесе магистрлар мен PhD докторларын даярлау жұмысына, ғылыми жобаларға мемлекеттік гранттар бөлінуде. Академияның салалық бөлімшелерінде ғылыми-зерттеу жұмыстары тақырыптарының басым бағыттары белгіленіп, талқылаудан өтті. Бұл тақырыптар жақын арада баспа бетінде жарық көретін болады. Алдағы уақытта Академия жұмысына өзге көрші елдердегідей мемлекет тарапынан тиісті дәрежеде назар аударылып, оның қызметі бұдан да жандана түседі деген үміт бар.
Сөз соңында айтарымыз, ғылым туралы ғұлама ойшыл Абай он сегізінші қара сөзінде: «Ғылым – Алланың бір сипаты, ол хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық Һәм адамдық дүр. Болмаса, мал таппақ, ғиззат-құрмет таппақ секілді нәрселердің махаббатымен ғылым-білімнің хақиқаты табылмайды» деп баяғыда-ақ айтып кеткені мәлім.