Арман НҰРМАХАМАТҰЛЫ: Біз ұмтылар биік көп

/uploads/thumbnail/20170708201621385_small.jpg

– Арман мырза, қазақ баласының әлемдік деңгейдегі халықаралық ша­ра­ларға жетекшілік етіп, басы-қасын­да жүргені көңілге мақтаныш ұяла­тады.
 Арман қуып, алысқа кетіп, Түр­кияда тұрып жатқаныңызға бірнеше жылдың жүзі болыпты. Аты-жөніңіз­ге сырттай қанық болғанымызбен, жа­қынырақ сөйлесудің реті енді ке­ліп отыр. Сондықтан әңгімеміздің әл­­қи­с­сасын өзіңізбен танысудан бас­та­сақ...
– Мен бұрынғы Кеңес одағында тау-кен орындары, трансформатор және экскаватор зауытымен әйгілі бол­ған Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласында дәрігерлер отба­сын­да дүниеге келдім. Әкем Нұрмахан Жақай – жоғары санатты дәрігер-уро­лог. Тәжікстанда туғанына қарамас­тан, оңтүстіктің нағыз қазақы адамы. Кентау қалалық мәслихатының депу­таты, Қазақ тілі қоғамының төрағасы, денсаулық сақтау саласының үздігі және Кентау қаласының Құрметті аза­маты. Болмысы өте қатал, оның қас-қа­бағына қарап-ақ көңіл күйінің қандай екенін бірден аңғарамыз. Балаларына деген сүйіспеншілігін ашық көрсетпесе де, бәрібір бізге деген махаббаты мен мейірімін жүрекпен сезінеміз. Анам Қымбаткүл Жақаева да дәрігер, анес­тезиолог-реаниматолог. Үйдегі бала тәрбиесімен айналысқан, бізбен бірге мектепке барып, бәрімізді оқытқан, одан қалса би, музыка үйірмелеріне, спорт мектептеріне жетектеп, тыным таппай тасыған кісі. Сол еңбегінің арқасында мен ірілі-ұсақты жеті түрлі оқу орнында оқып, жоғары кәсіби білім алдым. Өзімнен кейін Абай, Абылай есім­ді егіз екі бауырым бар. Олардың да өз қолдары өз ауыздарына жеткен, жо­ғары білімді мамандар. Абай мұнай компа­ниясында қауіпсіздік менеджері болып жұмыс істейді әрі шетелдік әріптес­те­рімен бірге қазақстандық жұмыскер­лерге тренинг өткізеді. Абылай – заң­гер, үйдің ең кішісі деуге болады. Екі інім де ағылшын, түрік тілін біледі. Олар да қазақ-түрік лицейін бітірді. Екеуі де үйленген, тәтті 4 құ­лын­шақ өсіп келе­ді. Балапандарды сон­дай қатты жақсы көремін. 
Өзіме келсем, әке-шешемнің тұла бойы тұңғышымын әрі ең ерке бала­сы­мын. Себебі екі жақтың да алғашқы немересі болғандықтан, атам мен әжем­нің қолында өстім. Әлі күнге дейін ата-анам мені еркелетеді, мен олар үшін әлі де кішкентай бала сияқтымын. Бір жа­ғынан, менің ұзақ уақыттан бері ыстық ұямнан және Отанымнан алыс жүр­ген­дігімнен шығар...
– Бірнеше оқу орнын бітіргеніңізге қарағанда, бастапқыда қай саланы таңдарыңызды білмей, біраз ойланған сияқтысыз. Әлде әу баста көздеген мақ­сатыңызға жету үшін жан-жақты білім іздедіңіз бе? Кескіндемеші-ди­зайнер мамандығынан басталған жо­лы­ңыз би әлемімен қалай түйісті?
– Жо-жоқ, олай емес. Алғашқыда әкем біздің бимен айналысқанымызға қарсылық танытты. «Ер адамның би өнерінде не шаруасы бар?» деп мені екі ініммен бірге музыка мектебінің дом­быра сыныбына жаздырды. Өзіме ла­йық, шағын домбырам да болды. Алай­да үйірмеге жылап барып, жылап қайта­тындықтан, мұғалім «баланы өз ынтасы болмаса, қинап, зорлап үйретуге бол­майды. Одан да қалағанын оқысын» деп мені жақсы түсініп, қолдау көрсетті. Содан музыка мектебін тастап, би мек­тебіне бара бастадым. Қазақ халық биін үйреніп, кейіннен балл биімен айналыстым. Оқушы кезімде, сту­дент­тік жылдарымда да қол үзген жоқ­пын. Сонымен бірге жыл өткен сайын ұйым­дастырушылық қабілетімді дамыттым. Мектепте, университетте староста, студенттер ұйымының төрағасы бо­-лып, үлкен істердің басы-қасында жүр­дім. Өзім экономика факультетінде оқы­сам да, театр және өнер факуль­те­тінің сабақтарына да қатыстым. Бос уақытымның барлығында мәдениет са­райынан шықпайтынмын. Репе­ти­ция­лардан қалмай, университеттің үлкен масштабты концерттеріне шықтым. Бұдан бөлек, бейнелеу өнері мектебіне барып, кескіндеме-дизайн сыныбын 5 жыл оқып бітіргенмін. Сурет салуды кішкентайымнан жақсы көремін. Үй­дегі барлық қабырғаларға сурет салып тастағанды ұнататынмын. Жасыратын несі бар, ата-анама мен сияқты маза­сыз, әрнәрсеге бір талпынған, «гипер­ак­тивті» баланың барлық еркеліктерін көтеріп, төзе білу өте қиын болды. Әсі­ресе, анама көп ауыртпалық түсті. Со­ған қарамастан, көңілім құмартқан үйірмеге жіберіп, арнайы мектептердің табалдырығын тоздырып, қалаған кі­тап­тарымды әперіп, адам қатарына қосты. Әсіресе, ойыншықтарды көп ал­дыртатынмын. Сөздің қысқасы, ата мен әженің баласы болғандықтан, әке-ше­шем менің айтқанымды бұлжытпай орындап отырды. 
– Ұлттық мұраларымызбен қатар, классикалық билерді билеп жүріп, қа­зақ-түрік лицейіне ауысып кеткеніңіз осы еркеліктің көрінісі ме? 
– Менің қазақ-түрік лицейіне қа­дам басуыма да анам себеп болды. Би мен бейнелеу өнерінен бөлек, спорт са­ласында да шымырлығымды байқап көрді. Білім қабілетімді де назардан тыс қалдырған жоқ. Мектепаралық, қалааралық байқауларға, білім сайыс­тарына қатысқанымды жақсы көретін. Маған әрқашанда қолдау көрсетіп оты­ратын. Бірде «қазақ-түрік лицейінің қабылдау емтиханын тапсырып кө­рейік» деген ұсыныс тастады. Нәтиже­сінде, Кентаудағы дарынды балалар тәр­биелейтін қазақ-түрік лицейіне қабылдандым. Мұнда оқыған балалар білімдерімен елді таңғалдырып, ха­лықа­ралық байқаулардан елімізге жеңіс туын көтеріп келетін. Бұл жетістіктер кішкентай қаланың өсіп, дамуына үл­кен септігін тигізді. Кентаудың мақ­танышы да, сүйеніші де осы – Кентау қазақ-түрік лицейі болды. Ал халық биі менің лицейде білім алуыма кедергі болған жоқ. Қыз балалар мен ер бала­лар бірге оқыдық. Қазақстан бойынша ең алғашқы лицей болатын. Содан ке­йінгі білім мекемелері екіге бөлінді. Біздің лицейде аралас оқығандықтан, барлық өнер саласындағы іс-шаралар бірге атқарылатын. Мұнда да мен бел­сенді ұйымдастырушылардың бірі бол­дым әрі қызыл аттестатпен бітіріп шықтым.
– Содан кейін Түркістан универ­ситетінде халықаралық экономика­лық қатынастар факультетін бітіріп, Анкарадағы Гази университетінде ғылыми дәрежеге қол жеткізіпсіз. Кейін магистрлік, докторлық дис­сертация қорғап шығыпсыз. Ұстаздық қызметпен айналысып, экономика­-лық және менеджмент-басқару фа­культеттерінде дәріс берген уақыт­тарыңыз да болыпты. Ғылым жолына неге түспедіңіз?
– Халықаралық Қазақ-Түрік уни­верситетінің экономика факультетінің халықаралық экономикалық қаты­нас­тар бөлімі мен Түркия университетіне қатар түстім. Алайда үйге жақын бол­ғандықтан, Түркістанды таңдадым. Түрік тілін жақсы меңгергендіктен және математика саласын жетік біл­гендіктен, бірінші курсты автоматты түрде бітірдім. Шындығын айтқанда, сабаққа барған да жоқпын. Бұл жы­лымды көбіне ұйымдастырушылық шараларға және өнер саласына арна­дым. Университетті қызыл дипломмен бітіріп, аспирантураға құжат тапсы­-рып, сол жылы Гази университетінің ме­неджмент саласы бойынша магис­тратурасына түсіп, екі оқуымды да үз­дік бітірдім. 
Ағылшан тілінде диссертация жа­зып, қорғаған экономика факультеті­-нің алғашқы түлегі мен болдым. Анам мені тек өнер саласында ғана емес, пән­дік қосымшаларға да апарып, мұға­лім­дер жалдады. Менің жан-жақты же­тілген қазақ баласы болуыма септігін тигізді. Әбден пісіріп, әртүрлі қырымды дамытты. Құдды бір осы жиған-терген білімім менің өмір жо­лымда, кәсіби ізденістерімде пай­да­ға асатынын алдын ала сезген сияқты. 
Магистратура және аспирантурада оқып жүріп, 1998–2002 жыл аралы­ғында университеттің экономика сала­сында оқытушы болып, сонымен қатар ағыл­шын және түрік тілдерін жақсы мең­­гергендіктен, университеттің ха­лықа­ра­лық терминдер сөздіктерін дайын­дау комиссиясында да қызмет атқар­дым. Анкарадағы Хажеттепе универ­си­тетінің менеджмент бөлімінде доктор­лық диссертациямды қорғадым. Түркия­ның жоғары оқу орындарында ака­демиялық қызметімді атқардым. Алайда 2009 жылдан бері ТҮРКСОЙ ха­лықа­ралық ұйымында ұйымдастырушы, үйлес­тіруші және қоюшы балетмейстер бо­лып жұмыс істей бастадым. Ха­лықа­ралық жобалардың көптігіне байла­ныс­ты, ғылыми академиялық карьерам екін­­ші орында қалды. Дегенмен ғылыми мақалалар мен кітаптар жазып, ғылыми халықаралық конференцияларға да қа­тысып тұрамын. 
Егер байқаған болсаңыз, менің бо­йымдағы бұлқынған қабілеттің арқасы ма, әлде қайнаған жұмыс процесін жақсы көргендіктен бе, екі-үш жұмыс­ты қатар атқарып, барлық күш-қуа­тым­ды игілікті істерге жұмсағанды жақсы көремін. 
– Көптеген халықаралық жоба­лардың, кино-фильм костюмдерінің, сән апталықтарының дизайнер-сти­лисі ретінде де бірқатар еңбек сіңір­-ген көрінесіз. Кейін осындай ірі жо­балардың үйлестірушісі, қоюшы ре­жиссері болып, тағы бір қырыңызды іске қосыпсыз... 
– Бейнелеу өнері мектебіндегі ал­ған білімім мен дизайнерлік қабілетім өнер саласында көп көмектесті. Мы­са­лы, суретшілік өнерімнің арқасында өзім билеген және өзім қойған би қо­йылымдарында қолданылатын кос­тюмдерді өзім салуға тырыстым. Осы­лайша өзімнің сән саласындағы сти­листік және дизайнерлік қолтаңбамды қалыптастырдым. Түркияда докто­ран­турада оқып жүріп те би және сурет өнерін тастамадым. Соның арқасында студент кезімде ақша таптым деп те айта аламын. Көптеген қысқаметраж­-ды фильмдерде, сән дефилелерінде, концерттерде, басқа да жобаларда өз өнерімді көрсеттім. Бір жерде тоқ­тап қалмай, үнемі алға ұмтылдым. Бұл менің кішкентайымнан келе жатқан әдетім болар, мүмкін, әрдайым биікке шыққым келетін талпынысым шығар, білмеймін. Білетінім, өзімді бір орында тоқтап қалмауға тәрбиелеп, әрі қарай дамытуға үздіксіз қамшылап жүремін. 
– ТҮРКСОЙ ұйымында жұмыс іс­тегелі қазақ, қытай, өзбек, түрік, баш­құрт, қырғыз, ұйғыр, татар, әзiр­бай­жан, тува, түрікмен, Қырым татар­­лары халық билерін сахналап, би ан­сам­бль­деріне жетекшілік етіп, осы ел­дердің балет өнерінде де жаңалықтар ашып­сыз. Әр ұлттың өзіндік нақышын айшықтап, қимыл-қозғалысын, салт-дәстүрін көрсету үшін сол елдің мә­дениетін жетік білу керек. Би спек­такльдерін қою барысында қандай қиындықтарға кезіктіңіз?
– Дұрыс айтасыз. Түркітілдес ел­дердің би қойылымын жасамас бұрын, алдын ала танысып, білім алу керек, әрі сол елдің би қимылдарының мағына­сын жетік білу міндет. Сол ұлттың би қимылдарының астарын және әдет-ғұрыптарын түсіну қажет. Мұндай мүм­кіншіліктерді игеруіме Анкарадағы студент кезімде Түркияның бұрынғы мәдениет министрі Намык Кемал Зей­бек көмектесті. Бұл кісі менің Түр­-кияда оқуыма да өз септігін тигізген. Екінші адам – өзім ұстазым санайтын, ұлтжанды азамат Дүйсен Қасейінов. Мені ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы­-на жұмысқа қабылдаған, түркітілдес елдердегі іс-шараларға белсенді түрде қатысуыма мұрындық болған ағам. Тіпті екінші әкем сияқты. Дүйсен аға мен сияқты жастарға, өнер адамдарына әрқашанда жол ашып, алға қарай ұм­тылуына көмектесіп жүреді. Сіз айтып өткен елдердегі үлкен іс-шаралардың тізгінін ұстауға мүмкіндік берді. Сон­дықтан да мұндай жауапкершілік жүк­телгенде мұқият болуға және сенімді ақтауға тырысасың. Осы кісілердің ар­қасында әртүрлі түркітілдес елдердің мәдениетімен, олардың би өнерімен, мемлекеттік би ансамбльдерімен және театрларымен таныстым. Бұл тәжі­ри­бем менің би өнеріндегі қойылым­да­рыма үлкен үлес қосты. Би қойылым­дарында мен үшін ең маңыздысы – музыка. Себебі әуен-саз бидің қи­мылын, мағынасын, сюжетін, ойын, костюмін қалыптастырады. Менің шы­ғармашылық ішкі дүниемді түрткілейтін де музыка дер едім. 
– Қазақ хандығының 550 жыл­дығына орай Астана қаласында қою­шы балетмейстер ретінде қазақ би­лерін 4 мың артиске бір мезетте орын­­даттыңыз. Бұл тартуыңызды сіз­дің Отаныңызға деген шексіз құр­метіңіз бен шынайы сүйіспенші­лі­гіңіздің жемісі деп қабылдадық. Мұн­дай үлкен жобаны басқа елде өткізіп пе едіңіз? 
– Қазақ хандығының 550 жылды­ғына орай Астана қаласында өткен театр­алды көріністің қоюшы балет­мейстері болғаным рас. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхаме­диұлы мырзаның шақыруымен келдім. Министрмен көптеген халықаралық және үкіметтік гала-концерттер мен жобаларда бірге жұмыс істедік. Оның инициативасы және жаңашыл шығар­машылық идеяларын жүзеге асыру алғашқыда мүмкін емес сияқты, алайда мұқият тыңдап, ойын түсінсеңіз, өнер үшін, әсіресе, Қазақстан үшін өте қы­зық және табысты идеялар екеніне көз жеткізесіз. Министр мырза да осындай іс-шараларда «жастар жұмыс істесін, олар тәжірибе алсын» деп әрқашан мен секілді жас мамандарды тартады. Аста­нада шетелден шақырылған Англия, Америка және Италия режиссерлік тобымен бірге жұмыс атқардым. Бұл іс-шарада Қазақстанның өте тәжірибелі режиссерлері, балетмейстерлер мен өнер адамдары атсалысты. Олармен бірге жұмыс істеу мен үшін үлкен тә­жірибе. 4 мыңнан астам артистерді игеру, әрине, қиынға соқты. Алайда бір айлық қысқа мерзім ішінде мұндай үлкен жобаның іске асырылуында тек режиссерлік топтың жетістігі ғана емес, сол жобада өзі өнерімен халық­ты тамсандырған актерлер мен актри­салар, балет артистерінің үлкен үлесі жатыр. Күні-түні тынбай жұмыс істе­-ген Қазақстанның өнер адамдарына үлкен рақметімді айтар едім. Осы жо­бада халық артисі Асанәлі Әшімов­пен жолымыз түйісті. Айтулы ағамызды кішкентайымнан танимын. Менің анамның ағасы – танымал режиссер Қадыр Жетпісбаев. Сол нағашы ағам­ның өнерін ары қарай жалғастыру мен үшін бақыт. 
Осы күнге дейін өзімнің режис­серлік қоржынымда жинаған тәжіри­белерімді одан әрі дамыттым. Қазақ­стан­нан бөлек, Түркияда өткен көп­теген үлкен ауқымды стадиондық іс-ша­ралар мен жобаларда жұмыс істедім. Башқұртстан республикасында өткен ШЫЕ және БРИКС елдерінің басшы­ларының саммитіне орай өткен кон­цертте қызмет атқардым. Татарстан­ның астанасы Қазан мен Түркияның Ескішаһар каласының ашылу және жа­былу гала-концерттерінде қоюшы балетмейстер болып тәжірибемді ұл­ғайттым. Сонымен қатар, ТҮРКСОЙ ұйымына мүше 14 елде, АҚШ, Франция, Германия, Ұлыбритания және Авс­трияда өткен Наурыз мейрамының кон­церттерінің бас режиссері болып қызмет атқардым. 
– Жалпы, Астанада өтіп жүрген халықаралық деңгейдегі іс-шара­лар­дың барлығының тізгіні өз қолыңыз­да. Биыл "Түркі әлемінің опера жұл­дыздары" атты жобаны іске асыр­дыңыз. Шараға түркітілдес мемле­кет­терден қонақтар келіп, классикалық өнер фестивалі жоғары деңгейде табысты өтті. Осындай еңбектеріңіз екі ел тарапынан қаншалықты баға­ланып жүр?
– Иә, биыл Түркияның көптеген қалаларында және Солтүстік Кипрде өткен «Түркі әлемінің опера және балет жұлдыздары» атты жобасын іске асыр­дық. Биыл бірінші рет Халықаралық Аспендос опера және балет фести­ва­лінің жабылуы біздің түркітілдес ел­дер­ден келген опера және балет жұлдыз­дарының концертімен өтті. Қазақстан мен Түркияда осындай іс-шараларға белсенді түрде қатысамын. Ал «осын­дай халықаралық деңгейдегі жобалар үшін қандайда бір өнер саласында атақ ал­дыңыз ба?» деп сұрасаңыз, жа­уа­бым – «жоқ»! 
Барлық еңбегімді алдымен қазақ болғандықтан, қазақ халқы үшін шын жүректен тарту еттім. Екінші жағы­нан түркі әлемі үшін де қызмет етемін десем, артық айтпаған болармын. Ал жоғарыда отырған азаматтар уақыты келгенде бағалайды деп сенемін. 
Мен ұзақ уақыттан бері шетелде өмір сүріп келе жатырмын. Өз еліме, Отаныма деген сүйіспеншілігімді, са­ғынышымды, шексіз махаббатымды өнер тілімен халыққа жеткізуге ты­рысып жүрмін. Қазақтың халық биін шетелдіктерге паш етіп, ұлттық биі­міздің қазіргі сапасын, стилін және үл­гісін көрсетіп, насихаттап және үйрету үшін ешқандай марапат дәметпеймін. 
– Елге оралу туралы ойланасыз ба?
– ТҮРКСОЙ халықаралық ұйым­ның ұйымдастырған өнер саласындағы іс-шараларға белсенді түрде қатысуға аянбаймын. Себебі бұл – менің жұмы­сым. Жаңа адамдармен, жаңа елдер мен ұлттардың өнерімен, мәдениетімен, салт-дәстүрімен танысу мен үшін жаңа көзқарастарға, жаңа ізденістерге жол ашады. Анкарада тұрып жатқаныма 15 жылдан асты. Егер жақсы бір ұсыныс түссе, неге келмеске?!
– Қазіргі жоспарларыңыз қандай? 
– Басты жоспарларымның бірі, бойдақ болғандықтан, ең алдымен үй­леніп, шаңырақ көтеру. Балалы-шағалы болып, ұрпақ өсіру. Өзім сияқты қабі­летті, белсенді, ешнәрседен шарша­май­тын қазақ балаларын дүниеге алып ке­лу. Ата-анамнан көрген тәрбиемді, тә­жірибемді балаларыма аманаттау.
Шүкір, қызметтік жетістіктерге осы күнге дейін жеттім, алайда бір орында қарап отыра алмайтын адам болған­дықтан, ары қарай өзімді жетілдіремін және қазақ деген ұлы халықтың бір баласы ретінде жетістіктерімді дүниеге паш етемін! 

Қатысты Мақалалар