Атырау облысы Жылыой ауданына қарасты Шоқпартоғай ауылында 2016 жылы пайдалануға берілген 605 миллион теңгелік балабақша сүрілетін болды, - деп хабарлайды Qamshy.kz Ақ Жайық басылымына сілтеме жасап.
Ел игілігі үшін салынған «Балдәурен» балабақшасы жаңа бола тұра, іргетасы шөгіп, қабырғалары қақырап, бүгінде апатты күйге түскен. Бірақ осы жағдайға жауапты бірде-бір лауазымды тұлға жауапқа тартылмаған. Құрылысқа бөлінген қомақты қаржының тағдырына әкімдік те, мердігер де нақты түсініктеме бермей отыр.
160 орындық бұл балабақша «Теңізшевройл» компаниясының қаржылай қолдауымен, «Игілік» бағдарламасы аясында салынған болатын. Алайда нысан пайдалануға берілген соң көп ұзамай-ақ қабырғалардан жарықтар байқала бастаған. Жобаны жүзеге асырған мердігер – «АтырауРемСтройМонтаж» ЖШС бірнеше рет «жөндеу жұмыстарын» жүргізгенімен, нәтиже шықпады. 2022 жылы ғимарат ресми түрде апатты деп танылып, жабылды. Содан бері үш жыл бойы қаңырап бос тұр.
Ең сорақысы — бұл жағдайға не себеп болғаны әлі күнге дейін белгісіз. Құрылыс кезінде жіберілген өрескел қателіктер ме, әлде дұрыс таңдалмаған жер телімі ме – ешқандай нақты қорытынды жоқ. Тергеу де, сараптама да – қағаз жүзінде ғана. Қоғамның сұрағына: "605 миллион теңге қайда кетті?" дегенге ешкім нақты жауап бере алмай отыр. Ал қаржы – толық игерілген.
«Балабақша жабылғанына үш жыл болды. Қазір 20 бала Құлсарыға тасымалданса, 82 бала мектеп жанындағы шағын топтарға орналасқан. Көп ата-ана баласын үйде ұстап отыр. Сұраныс жоғары», – дейді аудандық білім бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Гүлжансара Таңатарова.
Аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова балабақшаның техникалық сараптамадан өткенін, және нәтижесінде оны бұзу туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді.
Бір қызығы, дәл сол ауылда тағы бір балабақша құрылысы басталып кеткен. Тағы да «Теңізшевройл» қаржысы, тағы да әкімдік бақылауы. Бұл жолы 280 орындық. Құрылысы келесі жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Бірақ бұл жобаның тағдыры да бұрынғы "Балдәуреннің" күйін кешпесіне кім кепіл?
Бір кездері болашақтың балалары үшін деп салынған нысан енді сүрілуге бет алды. Ал жауаптылар – тасада. Халықтың сенімі мен салық төлеушінің ақшасы тағы да далаға кетті.