Қытай халық республикасының ең жоғоры билігінің баспасөз органы саналатын «Рынмин Рыбао» (Халық газеты) 2015 жылдың 25 тамыздағы санында Қытайдың Қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің осы жылдың 22 тамызындағы бұйрығына сілтеме жасай отырып, ендігі жерде Қытай қоғам қауіпсіздік (ішкі істер) тарауларының 18 түрлі анықтаманы бермейтіндігін жариялады. Соның 14-і «заңға қайшы қылмысының бар немесе жоқтығы» жөніндегі анықтама. Онда аталған анықтаманы не себепті бұдан былай жеке тұлғаның өзіне бермейтіндігі (бұрын Қытайдың өз ішінде ерекше қажет болған немесе азаматтың жеке басына байланысты күдік-күман туындаған жағдайда ғана беріліп келген) жөніндегі құзіретті министрлік былайша түсіндіріпті: «Кез-келген жеке тұлғаның қылмысқа қатыстылығы жөніндегі мәлімет қоғамдық қауіпсіздік мекемелерінің ішкі шаруасы, сол себепті, мемлекеттік әкімшілік және әділет мекемелері жеке тұлғаның саяси толымдылығын тексергісі және де жеке тұлғаға қатысты басқа да жағдайаттарды анықтағысы келсе, ал, кәсіп орындар мен қоғамдық мекемелер өз қармағындағы аса маңызды деген лауазымды орындарға тағайындамақшы болған жеке адамдар жайлы толық мағлұмат алғысы келсе, тексеру өкілеттігі бар құзыретті адамдарын жұмсап, арнайы қызметтік куәлігімен және аталған мекемелердің арнайы қатынас хатымен келген жағдайда ғана берілуі мүмкін» дей келе: «Ал, жеке тұлғаның өз қолына аталған анықтама бұдан былай еш қашан берілмейді»-деп бір-ақ кесіпті.
ҚХР-сы Қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің аталған бұйрығына сәйкес, Қытайдан елге оралатын ағайындар ҚР-сы Ішкі істер органдарының талабын орындаймын деп ендігі жерде «қылмыстық жағдайға байланысты анықтаманы» Қытайдың құзыретті органдарынан сұрап бос әуреге түспегені жөн. Жалған анықтама әкеліп, жазықты болудан тіпті де сақ болыңыздар,ағайын!
Рақым АЙЫПҰЛЫ