Жалғызбастылық – ұлттық тәрбиенің аздығы

/uploads/thumbnail/20170708201653339_small.jpg

«Қазақстанда 400 мыңнан аса ана балаларын жалғыз тәрбиелеп отыр» деген ақпаратты оқыдым. Бұған заманның өзгеруі, әйелдердің еңбекке араласуы, жанұяны сақтау үшін барлық жүкті мойынға алуы – басты себеп пе деп ой­лаймын. 
Бұл – 90 жылдардағы қиын­дықтың жемісі. Оның алдында «Ананы қорғау керек» деген желеумен қазақ отбасын бұзуға жасалған саяси жұмыс­тардың соңы әйелдердің жалғызбасты атануына алып келді. Одан кейін, қыз­дарымыз тіршілікке бейімделу жағынан қатты дамып кетті де, жігіттеріміздің кейбір көзқарасы «артта» қалып қойды. Қоғамда жігіттерді қорғау мәселесі бұрынғыдай болмай қалды. Үйі-күйі жоқ жігіттер үйленбеуге себеп іздейді. Алысқа бармай-ақ қояйық, Алматы мен Аста­надағы қазақ жастарының, әсіресе, жас жігіттердің көбі жұмыссыз. Отбасының ыдырауын әлеуметтік мәселемен са­лыстыратындар да көбейді. Егер баяғы соғыстан кейінгі жетімдерді баққанымыз секілді, жұмыссыздар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға мемлекет қамқорлығына алса, бұл статистикалық деректер өзгерер еді. Жұмыссыздық пен оқудан шет қалған қазақ жігіттерінің үйлену мәселесі – қоғамды толғанды­ратын дүние. Оларға тым құрығанда, арзан несиемен қолжетімді жатақхана салынса, құба-құп болар еді. Қолжетімді баспанаға екінің бірінің қолы жете бермейтіні тағы бар. Менің бақылауым бойынша, некесіз туған балаларға «Ана үйін» салмай, керісінше, анасы мен баласының бірге тұруына мүмкіндік жасап, бір бөлмелі жатақханалар салсақ, онда әкесі де отбасына оралар еді. «Ана үйі» деп желеулетіп насихаттағанша, ана баласынан айрылмайтындай жағдайлар жасағанымыз дұрыс. Сонда бала жетім болмас еді. Әлеуметтік мәселесі шешілсе, әйел жалғыз болмас еді. 
Жалғыз әйел трагедиясы – баланың анаға, ананың балаға құрметінің жоға­луына әкеліп отыр. Біздің бойжеткен қыздарға қоғам тәрбиелеу шараларын ұйымдастырмаса, болмайды. Жалғыз­басты әйел мен жалғызбасты әкенің көбеюінің тағы бір себебі – ұлттық тәрбиенің аздығы. Ұлттық тәрбие әлсіреп кетті. Қазақ қызының ұлттық тәрбиесі мектептен бастау алуы қажет. Отанды сүюдің, ошақты сақтаудың, ана болудың жауапкершілігін көп айтпасақ, мектеп кезінде қыздардың құлағына құймасақ, ертең өзіміз ұтыламыз. Мұндай ұлттық тәрбиені насихаттайтын сабақтар біздің мектептерде мүлдем жоқ.

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА

"Айқын" газеті

 

Қатысты Мақалалар