Үстіміздегі жылы қыркүйек айында «Нұр Отан» партиясы Лисаковск қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөліміне «Уралдомноремонт – Л» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бір топ жұмысшысы өздерінің төрт ай бойы еңбекақы алмағанына, кәсіпорын директоры Сергей Ильич Жеряков күнде «ертеңмен» алдап жүргеніне шағымданып, мәселені шешуге көмектесуін өтінген. Осыған орай біз Қостанай облысының Лисаковск қаласына хабарласып, бірнеше жұмысшымен мәселенің анық-қанығын сұрап білген едік.
Валерий ДУДКО, «Уралдомноремонт – Л» ЖШС жұмысшысы:
– Менің «Уралдомноремонт – Л» кәсіпорнында жөндеуші маман болып жұмыс жасап келе жатқаныма үш айдан асты. Кәсіпорын басшысы Сергей Жеряков бастапқыда маған «айлығыңыз 60 мың теңге болады» деп уәде берді. Жұмысымыз өте ауыр. Еңбек заңында бекітілген күніне 8 сағаттың орнына уақытпен санаспай 12 сағат жұмыс жасадық. Өкінішке қарай, үш айдан бері көк тиын еңбекақы алған жоқпыз. Өйткені отбасымда әйелім және төрт балам бар. Олардың ең үлкені 8 жаста да, кішкентайым екіде. Бұған қоса, әйелімнің бесінші нәрестеге аяғы ауыр. Отбасыммен бірге осындағы жатақхананың екі бөлмесін айына 22 мың теңге төлеп, жалдап тұрамын. Жатақханаға қарызым да жиналып қалды. Жатақхана қожайыны күн сайын «бөлмені босат!» деп әлек салуда. «Қыстың көзі қырауда шиттей балаларымызбен далада қаңғып қаламыз ба?» деген үрей бойымызды билеуде. Сондықтан заңсыздықпен күресіп келе жатқан – «Нұр Отан» партиясынан көмек күтеміз. Осы іске сіздер араласып, «Уралдомноремонт – Л» ЖШС-нің басшысы С.И.Жеряковтан барлық еңбекақымызды алып берсеңіздер екен деген үміттеміз.
Тұраш БЕРМҰХАМБЕТОВ, «Уралдомноремонт – Л» ЖШС жұмысшысы:
– Мен жас отбасының өкілімін. Шаңырақ көтергеніме бірер айдың жүзі болды. Жалдамалы пәтерде күн кешудеміз. Айтпағым, біздің бригада жұмысшыларының айлық көрмегеніне үш-төрт айдың жүзі болды. Сондықтан сіздерден үлкен көмек күтеміз. Бізге қиналғанда қол ұшын беріп, тығырықтан шығарсаңыздар екен. Өзіміз «Уралдомноремонт – Л» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бастығы Сергей Жеряковтан «қашан жалақы бересіз?» деп сұрасақ болды, алуан түрлі сылтау айтып, тайсақтайды. Сондықтан біз орын алып отырған заңсыздықты жазып, қалалық прокуратура мен сотқа да арыздандық. Менің «Халық банкінен» алған кредитім бар. Айлықтың кешігуі салдарынан бірнеше ай бойы банк қарызын төлей алмай отырмын. Сондықтан біз «Нұр Отан» партиясынан зор үміт күтеміз.
Ал «Нұр Отан» партиясы Лисаковск қалалық филиалының есеп, статистика және қоғамдық қабылдау секторының меңгерушісі Нұрлан Батырханұлы Бальдиков болса, «Уралдомноремонт – Л» ЖШС директоры Сергей Ильич Жеряковпен жолығып, мәселенің мән-жайын сұрап білгенін, сонда кәсіпорын басшысының Рудный қаласындағы тапсырыс беруші «ССГПО» АҚ-тың атқарылған жұмысқа аударылуы тиісті қаржыны дер кезінде аудармауы салдарынан жұмысшыларға екі айдың жалақысы кешіктірілгендігі туралы хабарлағанын жеткізді. Бұған қоса, «Нұр Отан» партиясы Лисаковск қалалық филиалының бөлім басшысы орын алған оқиғаны қала прокуроры Еркін Тайкешовке тапсырған. Жұмысшылармен жүздескен қала прокурорлары олардың мәлімдемесіне орай кәсіпорын басшысынан жұмысшылардың жалақысын беруді талап еткен. Алайда, талаптың мезгілінде орындалмауына байланысты Лисаковск қалалық прокуратурасы аталмыш кәсіпорында еңбек заңдылығының қадағалануын тексерген. Тексеру нәтижесінде «Уралдомноремонт – Л» ЖШС-де еңбек заңдылығының өрескел бұзылып келгені анықталып, кәсіпорынға 250 АЕК (МРП) көлемінде айыппұл салынды.
Біз Лисаковск қаласына телефон шалып, «Уралдомноремонт – Л» ЖШС-нің директоры Сергей Ильич Жеряков мырзаға хабарластық.
– Рас, қазіргі күні біздің кәсіпорын осындағы 21 жұмысшыға бірнеше айдың еңбекақысын бере алмай отыр. Мұның себебі, бізбен келісім жасаған Рудный қаласындағы мердігер компания тиісті қаржыны біздің есепшотымызға әлі күнге дейін аудармай, кәсіпорынды тығырыққа тіреп отыр. Ал біз болсақ, тапсырыс беруші «ССГПО» АҚ-тың тапсырмасын осыдан бірнеше ай бұрын белгіленген мерзімде толық орындадық. Алайда, тапсырыс берушінің уәдесінде тұрмауы салдарынан, жұмысшыларға жалақы бере алмай отырмыз.
– Сонда жұмысшыларға тиесілі бірнеше айдың еңбекақысын қалай төлемексіз?
– Шынымды айтсам, қазір не істерімді білмей жүрмін. Дегенмен, бір-екі апта күтсек, тиесілі қаржы шотымызға түсер деген үмітім бар. Ал жұмысшылар уақытпен санаспай жұмыс жасады. Сондықтан оларға тиесілі жалақы берілуі қажет. Өткен жұма күні қандай келісімді тапсырысты атқарғанымыз және оның келісілген құны қанша екендігі туралы барлық құжаттар тігілген жазбаша ескерту-хатты біздің заңгердің қатысуымен тағы да тапсырыс беруші компанияға жолдадық. Егер бұл жолы жауап болмаса, онда жергілікті сотқа жүгінуімізге тура келеді, – деп «Уралдомноремонт – Л» ЖШС-нің директоры Сергей Ильич Жеряков мәселенің мәнісін түсіндірді.
Дереккөз: Айқын-ақпарат