4147 өтініштің 1254-і оң шешімін тапты

/uploads/thumbnail/20170708201656433_small.jpg

«Нұр Отан» партиясына деген халық сенімі күн өткен сайын артып келеді.
Партияның Алматы облыстық филиалындағы қоғамдық қабылдау бөлмесіне биылғы  9 айда 4147 өтініш келіп түсіп, оның 1254 яғни (30,3%) оң шешімін тапқаны сол сенімнің дәлелі бола алады. Расын айту керек, қарапайым тұрғындар кез келген мәселе бойынша әділ шешім мен қолдауды бүгінде «Нұр Отан» партиясынан күтеді және ең соңғы үміттің жетегімен қабылдау бөлмесінің есігін қағады.
Текелі қаласының тұрғыны, партия мүшесі, зейнеткер Людмила Михеева Текелі қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне үміт арқалап келгені анық. Кейуана сол күні кестеге сәйкес қабылдау өткізген қала әкімінің орынбасары Болат Белдебековке  кеншілер қаласын ыстық сумен және жылумен қамтамасыз ететін «Казцинк-ТЭК» ЖШС кейбір  үйлерде тұрғындарының қарызы қалыптасуына байланысты қаладағы барлық үйлерде  ыстық су және жылумен қамту желілерінің ажыралытыны туралы хабарлама таратқанын баяндады. Қала әкімінің орынбасары «Казцинк-ТЭК» ЖШС басшысына дереу қоңырау шалып, мәселені шешті.  Яғни ыстық су және жылумен қамту желілері өшірілмейтін болды.
«Қыс мерзімі Текелі қаласында суық әрі ызғарлы. Үйдегі ыстық су мен жылудың тұрақтылығы қарт адамдар үшін өте маңызды.  Осы мәселе өзінің оңтайлы шешімін тапқаны үшін қалалық филиалға және қоғамдық қабылдау өткізіп отырған қала әкімінің орынбасары Б.Белдебековке ризашылығымды білдіремін», – деп алғысын айтты партия ардагері.  
Текелі қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде ағымдағы жылдың 9 айының қортындысы бойынша 297 өтініш-шағым түсіп, оның 138-і оң шешімін тауыпты.
Еңбекшіқазақ аудандық филиалының қоғамдық  қабылдау бөлмесіне жас маман Динара Қорғаш өтінішпен келді. Тілегі – мамандығы бойынша жұмысқа орналасу екен.  «Бүгінгі күннің басты мәселесі, әсіресе, жастар арасында, ол – мамандығына сай, лайықты жұмысқа орналасу екендігі жасырын емес. Есік гуманитарлық-экономикалық колледжін бітірген менің алдымнан да осы мәселе шықты. Мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Барған жерлерім тәжірибенің жоқтығын алға тартады. Барар жер, басар тауым қалмады», – деген жас маманның  өтінішінің орындалуына  аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қуат Байғоджаев ықпал етіп, Динара аудандық білім бөлімі арқылы Қайрат орталау мектебіне жұмысқа орналасты. Аудандық партия филиалының кеңесшісі Бағдат Рахимов маманның жұмысымен танысу мақсатында арнайы білім ошағына барып та қайтты. Жас маман партия пәрменділігіне ризашылығын білдіріп, алғысын айтуда.
 Кербұлақ аудандық филиалының қоғамдық қабылдауына келген Сарыөзек ауылының тұрғыны Күмісхан Мұхаметжанова:   «Балам Тұрсынжан Иманиязов І топ мүгедегі. Апармаған жерім қалмады. Жағдайымыз өте  нашар. Үкімет тарапынан қандай да бір көмек болар ма екен», – деп       мүгедек баласына көмек сұрады. Партияның Кербұлақ аудандық филиалы төрағасының бірінші  орынбасары Жомарт Бозымбеков бұл  мәселені өз назарына алып, аудандық  жұмыспен қамту  және әлеуметтік  бағдарламалар бөліміне  хабарласты. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік  бағдарламалар бөліміндегілер өтініште жазылғандарды растады. Күмісхан Мұхаметжанова жеке көмекші ретінде  ай сайын 16 мың теңге көлемінде ақша алатын болды. Осылайша, жарты жыл бойы шапқылап, мәселесін шеше алмай жүрген ананың өтініші бірер сағатта қанағаттандырылды.  
Кербұлақ аудандық филиалының  қоғамдық қабылдау бөлмесіне жыл басынан бері 11 мүмкіндігі шектеулі азамат келіп, олардың өтініштерінің 75 пайызы оң шешімін тапты.
Алматы облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне ат арылтып жеткен Сарқан ауданы, Лепсі ауылының тұрғыны, 3 баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана Зәмзәгүл Кәрімова: «Мен Астана қаласындағы жүріп жатқан құрылыстардың бірінде сылақшы болып жұмыс істедім. Кенже  балам Төреқұл Ақзердені медресеге орналастырып, одан кейін Алматы қаласында жоғарғы оқу орнында ақылы негізде оқып жатқан баламның қасына барып жәрдемдесуді жоспарлағанмын. Алайда, медресеге баламды орналастыру мүмкін болмай, кері қайтуға тура келді», – деп өтінішін жеткізді.
Ана мен баланы облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Мұқановтың өзі  арнайы қабылдап, Қаратал ауданы, Үштөбе қаласындағы №13 мектеп жанындағы интернатқа Төреқұл Ақзердені орналастыруға көмек жасады. Сонымен бірге   партия белсенділерімен бірлесе отырып, баланың мектепке керекті заттарын және мектеп-интернатқа төленетін үш айлық қаражатын шешіп берді.
 

Қатысты Мақалалар