Өкімет басындағылар халық көп жиналатын мәдени-көпшілік, қоғамдық-саяси және спорттық іс-шаралардан секем ала бастағандай. Алдағы уақытта халық көп жиналатын мұндай шараларды өткізу кезінде ұйымдастырушылар мен қатысушылардың жауапкершілігі күшейтілмек. Мәжіліске «Мәдени-спорттық, спорттық және баса да көпшілік іс-шараларды өткізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша ҚР-ның бірқатар заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын таныстыруға алып келген ішкі істер министрі Қ. Қасымов осыны айтты.
Жаңа заңда көпшілік іс-шараларды өткізуге жауапты тараптар мен жергілікті билік органдарына қосымша міндеттер жүктелмекші. Атап айтқанда, осындай шараларды ұйымдастырушылар мемлекеттік органдарға өтетін іс-шараның мерзімі, оған қатысушылар мен сатылған билеттердің саны, автотұрақтардағы орындар туралы мәліметтерді күні-бұртын ұсынуға міндеттелмек. Сонымен қатар, жер-жерлерде көпшілік іс-шаралар өткізетін ұйымдардың жұмысын үйлестіріп отыратын ұйымдастыру комиттеттері құрылып, мәдениет, спорт саласындағы кейбір тұлғалардың мұндай шараларға қатысу кезіндегі құқықтары мен міндеттері кеңейтілмек. Аталған сала мамандарының қызметіне қатысты енгізілетін шектеулер де жоқ емес.
Министрдің айтуынша, халық көп жиналатын шаралар өткізу барысында қоғамдық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін немесе төтенше жағдайға себеп болатын қандай да бір жәйттер анықталса, ол іс-шаралар мейлі халық әртісінің концерті болсын, мейлі футболдан ұлттық құраманың ойыны болсын дереу тоқтатылатындай тетіктер осы заңда қарастырылмақ.

Министр таныстырған заң жобасы бойынша ҚР-ы Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске, «Мәдениет туралы», «Дене мәдениеті және спорт туралы» заңдарға өзгеріс енеді. Аталған заң жобасының бірінші оқылымда-ақ мәжілістің қолдауына ие болып, қабылданып кеткені де биліктегілердің бұл мәселеде ерекше мүдделері бар екенін оңай аңғартады.
Жалпы, Қазақстанда көпшілік шаралар өткізу бұрыннан оңай жұмыс емес. Бейбіт шерулер мен митингілер өткізуді реттейтін заңнамаға сәйкес ұйымдастырушылар жергілікті әкімдіктердің рұқсатын алмай бірде-бір саяси көпшілік шара өткізе алмайды. Рұқсатсыз митинг өткіземіз деп он бес тәулікке қамалған талай саясаткерлер мен қоғамдық белсенділерді білеміз. Ендігі кезекте саяси сипаты жоқ, мәдени-спорттық мазмұндағы көпшілік шараларды өткізуге талап күшеймекші. Көптеген шетелдерде әр футбол матчы мен танымал өнер жұлдыздарының концерттерінің соңы шуға ұласып жататынын білеміз. Ондай жағдайлар оңғы уақытта біздің елде де көрініс тауып жүр. Естеріңізде болса, 2013 жылдың 31 тамызында Алматыдағы «Прайм-плаза» сауда орталығы ауласындағы караоке-концерттің соңы жаппай бұзақылыққа ұласып, концертке жиналғандар алып сауда орталығының шаңырағын ортасына түсіре жаздаған болатын. Бірқатар көлік қирап, сауда нысанының терезелері шағылған сол шиеленісте бірнеше полиция қызметкерлері мен ішкі әскер жауынгерлері де жарақат алды деген бейресми мәліметтер тарады.

Әрине, шама-шарқына қарамай шетелден әртіс шақыртып, орталық алаңдар мен стадиондарда сататын су-суанына дейін жарнамалап концерт өткізетін сауда магнаттары мен бай-манаптарды тәубесіне түсіре алса – бұл заңның нағыз халықтық заң болғаны. Ал, аттап басқаны үшін айып салып, концерт тамашалауға барған жазықсыз студенттерді түрмеге тоғытудың, елдегі билік пен саясатқа қатысты өзіндік пікір-көзқарастары бар елшіл азаматтарды мұқатудың құқықтық құралына айналса – биліктің бет-бердесі оңай ашылмақ. Олай деуге негіз де жоқ емес. Келіншегі жұмыстан шығып қалған, өзінің айлығы қысқарған, мектептегі баласы ақша сұрап басы қатқан, әлеуметтік қиындықтар ашындырған азаматтардың көше бойындағы жағымпаздар мен жарамсақ жастар қозғалыстары өткізіп жатқан кез-келген «флэш-мобыңыз» бен концертіңізді ұйымдастырушылардың ойына мүлдем кіріп шықпаған басқа «концертке» айналдырып жібермесіне кім кепіл?!
Дархан Мұқан