МІНДЕТ – ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІП САЛАСЫНДАҒЫ АХУАЛДЫ ЖАҚСАРТУ

/uploads/thumbnail/20170708201706058_small.jpg

Парламент Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Сейітсұлтан ӘЙІМБЕТОВ мырзамен сұхбат:
Парламент Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Сейітсұлтан ӘЙІМБЕТОВ мырзамен сұхбат:
– Сейітсұлтан Сүлейменұлы, Мемлекет басшысының бастамасымен бүгінгі таңда бәсекеге қабілетті отандық өнімді өндіруге баса мән беріліп отыр. Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі саласының кешегісі мен бүгіні жә­не болашағы туралы жан-жақты әңгі­мелеп берсеңіз.

– Дамыған елдерде де, дамушы елдерде де жеңіл өнеркәсіптің маңызы зор және ол тұтыну деңгейі бойынша тек азық-түлік өнім­дерін тұтынудан кейін екінші орында тұр. Мысалы, жеңіл өнеркәсіптің үлесі АҚШ, Италия, Германия, Қытай, Түркия, Пор­тугалия сияқты дамыған елдерде 12-20%-ды құрап отыр.

Бәсекеге қабілетті өнім шығару жағ­дайында ол салынған ресурстардың жо­ғары айналымдылығы (жылына 2-3 есе) мен тиімділігін, кең ауқымды өңіраралық және салааралық кооперацияны қамт­а­масыз ете отырып, тауар өткізудің ор­нық­ты нарығын иеленеді. 

Өткен кезеңге көз жүгіртсек, Қазақ КСР жеңіл өнеркәсібі республика бюд­жетін 25%-ға дейін қалыптастырғаны бә­­­ріміздің есімізде. Оның өңдеуші өнер­кәсіп құрылымындағы үлесі 21%-ды құ­рады. Республикада 1 000-нан астам ірі жә­не орта кәсіпорын, оның ішінде қала құ­райтын кәсіпорындар жұмыс істеді. Мы­салы, 10 мыңнан астам жұмысшысы бар Алматы мақта-мата комбинаты, 1 мың­нан астам жұмысшысы болған Ал­маты кілем фабрикасы, 9 мыңға дейін адам­ды жұмыспен қамтыған Қостанай мауы­ты-шұға комбинаты сияқты алып кә­сіпорындар болғаны белгілі.

Ал бүгінгі таңда бұл көрсеткіштер бір­неше есеге қысқарғанын көреміз. 2014 жы­лы аталған салада жұмыспен қамтыл­ғандар саны небары 13,7 мың адамды құ­ра­ды. Бұл сала көп өзгерістерге ұшырады. 1990 жылдардағы қаржы дағдарысы кезін­де жағдайы мүлдем құлдырап кеткені анық. 

– Ендеше, аталған саланы дамытудың, оны қалпына келтіру мен жаңғыртудың қан­дай жолдары бар? 

– Халықаралық бағалау бойынша отан­дық өндірістің үлесі ресурстардың жал­пы көлемінде 30 %-ға жеткен жағ­дай­да, елдің экономикалық қауіпсіздігінің шек­ті деңгейіне кол жеткізіледі екен.

Тәуелсіздік жылдарында отандық жеңіл өнеркәсіпті дамыту және елдегі ішкі нарықты қорғау үшін мемлекеттік қолдау шаралары тұрақты түрде қабылданып жатқанын атап өткім келеді.

Мысалы, жеңіл және тамақ өнеркә­сі­бінде импортты алмастырудың 2001-2003 жылдарға арналған бағдарламасы, Мақта-тоқыма кластері – «Оңтүстік» АЭА құру, Қа­зақстан Республикасында жеңіл өнер­кә­сіпті дамыту жөніндегі 2010-2014 жыл­дарға арналған бағдарлама қабылданды. Сонымен қатар 2010-2014 жылдарға ар­налған үдемелі индустрияландырудың ме­млекеттік бағдарламасында жеңіл өнер­кәсіп дамудың негізгі секторларының бірі болып айқындалды. Бұл ретте, 2008-2013 жыл­дарда жеңіл өнеркәсіптің негізгі капи­талына салынған инвестициялар 37 млрд 910 млн теңгені құрады.

Бірақ бұған қарамастан, отандық кә­сіпорындардың көрсеткіштері көңіл көн­шітпейді. Мәселен, отандық тоқыма және тігін өнеркәсібі республиканың ішкі на­рығы қажеттілігінің тек 8%-ын, аяқкиім 1%-ға жуығын ғана қамтамасыз етеді және жеңіл өнеркәсіп өнімінің  90%-дан астамы импорт үлесіне тиесілі.

2008-2013 жылдар аралығында жеңіл өнер­кәсіп тауарларының импорты бес есе­ге жуық өскен, өсу қарқыны рекордтық көр­сеткішті – 481,5%-ды құрады, ал экс­порт небары 5 %-ға өсті. 

Бұл үрдіс әлі жалғасуда. 2014 жылғы талдау жеңіл өнеркәсіп тауарларының им­порты экспорттан 12 есеге жуық асып тү­сіп, 2 млрд 241 млн 492 мың долларды құ­ра­ғанын көрсетті.

– Біздің еліміз шикізат пен еңбек ре­сурстарына бай емес пе? Неге біз импортқа тәуелді болып отырмыз?

– Мемлекеттің шикізат пен еңбек ре­сурс­тары бойынша орасан әлеуеті бола тұра, толықтай импортқа тәуелді болып отырғанымыз рас. Тауарлар импорты мен шикізат экспорты ғана болған кезде нақты экономиканың қандай да бір өсуі туралы сөз қозғау артық шығар.

Өндірушілер үшін тең емес экономи­калық жағдайлар отандық тауар өндіру­шілерге ішкі нарықтарда да, сыртқы на­рық­тарда да өндірісті тиімді дамытуға мүм­кіндік бермейді. Оның үстіне жеңіл ин­дустрия өніміне жыл сайынғы қажет­тілік 5 млрд долларға жуық деп бағаланып отыр.

Біздің ойымызша, елдің ішкі нарығын қорғау үшін жеңіл өнеркәсіптегі өз өн­дірісіміздің планкасын экономикалық қауіпсіздік деңгейіне дейін жеткізу, яғни, отандық өндіріс үлесін 30 %-ға дейін жет­кізу керек. Ішкі нарықты отандық сапалы өніммен толтыру үшін қолайлы жағдайлар жасағанымыз абзал. Шикізатты дайын өнімге дейін терең өңдеуді жүзеге асыра­тын жеңіл өнеркәсіп өнімін өндірушілер үшін жеңілдіктер беру тетігін енгізу қажет. Оларды қосылған құн салығынан босатуға, преференциялар мен субсидияларды және басқаларды беруге болады. Санитариялық-гигиеналық нормативтерге, техникалық регламенттер мен стандарттарға сәйкес кел­мейтін тігін, тоқыма, тері-былғары жә­не аяқкиім өнімін өткізу үшін жауап­тылықты қатаңдатқан жөн. Отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілетті тауар­ларын сыртқы нарыққа жылжытуына қол­дау жасау қажет. 

– Қандай кедергілер бар екені байқалып отыр?

– Әуелі сапалы шикізатты терең қайта өңдеу және олардың жетіспеушілік проб­лемасын шешу қажет. Мысалы, қазіргі уақытта мақта талшығының тек 2%-ы ғана дайын өнімге дейін қайта өңделеді, жүн­нің 12%-ы бастапқы өңдеуге жатқы­зы­лады. Статистика деректері бойынша, шит­ті мақта, өңделмеген тері, жуылмаған жүн түріндегі шикізаттың 90%-ға жуығы шет елге экспортталады. Тігін өнеркәсібі іс жүзінде Қазақстанда өндірілмейтін импорттық маталарды, иірілген жіпті, фурнитураны пайдалануға мәжбүр болып отыр. Бұл бұйымдар құнының жоғары болуына және бағасы бойынша олардың импорттық өніммен бәсекелесуге қабілет­сіздігіне әкеп соғады. Сондықтан отандық өндірушілер шетелдік өндірушілермен бәсекелестік күресте жеңіліп жатады.

Бұл проблеманы шешу үшін шикізат экс­портын тежеу және өңделу дәрежесі тө­мен өнімді әкетуге жоғары баждарды ен­гізу бойынша шаралар қолданылуға тиіс.

Сондай-ақ отандық жеңіл индус-трияны дамыту үшін өндірісте шикізатты алудан дайын өнімді жасауға дейінгі толық циклі аса қажет. Мысалы, өсірілген мақ­тадан шитті мақтаны алу ғана емес, со­нымен бірге одан мата дайындалғаны және дайын киім тігілгені біз үшін маңыз­ды.

Бұл мәселеде біздің кеңестік дәуірден көп жылғы тәжірибеміз бар. Біздің өз ши­кізат қорымыз болған, толық қайта өң­деуді және дайын өнім шығаруды жүзеге асырдық. «Алматыкілем», Шымкент қаракүл зауыты, Семей тері-былғары ком­бинаты, Алматы мақта-мата комбинаты, Жам­был жүн өңдеу комбинаты және Ал­ма­ты қаласындағы «Жетісу»  аяқкиім  фаб­рикасы сияқты қазақстандық жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары әлемге әйгілі бол­ды, өнімдері жоғары сұранысқа ие бол­ған еді. 

Қазіргі кезде республикада шикізат қо­рын дамыту мәселелері мемлекеттің аг­роөнеркәсіптік кешенді мықты және жүйелі қолдау бағдарламаларын іске асыру арқылы шешілуде. Сондықтан Қазақ­стан­ның жеңіл өнеркәсібін бұрынғы қар­қы­нына жеткізу үшін барлық алғышарттар бар. 

– Ол үшін іс-шараларды қолға алған жөн.

– Бірінші кезекте, бәсекеге қабілетті дайын өнімді шығаратын кәсіпорындарды қол­дау және ішкі нарықты қамтамасыз ету мақ­сатында, сондай-ақ өткізілген өнім бір­лігіне қосымша жеңілдіктер беру жо­лымен одан әрі экспортын ынталандыру қа­жет. Мысалы, дайын өнімнің экспортын ынталандырудың мұндай әдісі Қытайда, Өз­бекстанда табысты қабылданған. Мұн­дай шаралар шикізатты дайындау мен өң­деу, материалдарды сапалы дайындау, ха­лықтың, әсіресе, әйелдердің жұмыспен қам­тылуын қамтамасыз ету және ең бас­тысы, аталған салада және жалпы рес­пуб­ликада қосымша жұмыс орындарын ашу бойынша жеңіл өнеркәсіпті дамытуға жаңа серпін береді. 

Сондай-ақ қазіргі заманғы жеңіл ин­дуст­рияның ғылымды қажетсінетінін ес­керу керек. Қазіргі уақытта бұл саланың бә­секеге қабілеттілігінің технология мен ин­новацияға салынатын инвестицияның дең­гейіне тәуелділігі жоғары.

Өкінішке қарай, отандық кәсі­п­орындардың көпшілігінде жабдықтардың, сондай-ақ өндірістің технологиялық үдеріс­терінің физикалық және мораль-дық жағынан тозуы еңбек өнімділігіне, өнім сапасына теріс әсер ететіні сөзсіз.

Біз өз өнімдерімізді таныстыра білуіміз де керек-ақ. Отандық өндірушілердің тех­нологиялар трансфертінде белсенді әрі ұтқ­ыр болмауы – тағы бір маңызды мә­селенің бірі. Мысалы, «Mango», «Zara» сияқ­ты көпшілікке қолжетімді брендтер жаңа киім үлгілері таныстырылғаннан кейін, 10-15 күннен соң, бүкіл әлемде са­тыла бастайды екен.

Тағы бір мәселе, әлеуетінің жоғары бол­уына қарамастан, жеңіл өнеркәсіп 2015-2019 жылдарға арналған индуст­рия­ландырудың екінші кезеңінің бағдарла­масына енгізілген жоқ. Демек, біз осы са­лада жоғары нәтижеге қол жеткізбей, жарты жолда тоқтап қалдық. 

– Нарық заманында тері бұйымдарының ба­ғасы артып тұр. Ал біз бар байлықты іске асыра алмай отырмыз. Тері өндірісін қалай жолға қоюға болады? Осы салаға арнайы тоқталып өтсеңіз.

– Қазақстанда климаттың, сапалы жем-шөп базасының және табиғи селек­ция­ның арқасында тері сапалы әрі жоғары сұранысқа ие. Жеңіл өнеркәсіп кәсіп-орын­дары қауымдастығының деректері бойынша, 2012 жылы елімізде толық өң­делмеген 10 млн дана тері өндірілген. Оның ішінде 2 млн дана экспортталған, іш­кі өңдеуге 1,7 млн дана жіберілген. Им­порт мүлдем жүзеге асырылмаған дерлік. 6,3 млн дана өңделмеген тері «көлеңкеде» қа­лып отыр және «қара» және «сұр» экс­порт схемасы арқылы заңсыз жолмен ел­ден шығарылған.

Жалпы, тері – стратегиялық өнім, оны жо­ғары өңдеуге дейін жеткізіп, дайын өнім­ді экспортқа шығаруға болады. Мә­се­лен, практика көрсеткендей, өңделген те­ріні сатқанға дейін тері шикізатының са­тып алу бағасын 20 есеге, ал дайын өнім (аяқкиім, күртеше, сөмке) шығарған кез­де оны 70 есеге дейін көтеруге болады. Мы­салы, Қазақ КСР-нің аяқкиім  сала­сы­ның қалыптасу кезеңінде аяқкиім өн­дірісінің көлемі жыл сайын шамамен 390 млн жұп болған.

Тері дайындау осы саланың тағы бір маңызды проблемасы әрі тежеуші фак­торы болып табылады. Қазақстан аграр­лық ел болғанына қарамастан, бізде тері дайын­дау және өңдеу жөніндегі кәсіпо­рын­дар қалған жоқ десек те болады. Сон­дықтан облыстық әкімдіктер биз­нес­пен бірлесіп, сатып алу-дайындау кең­се­лерін ашу жұмыстарын жүргізуі керек. Бұл рет­те, дайындау кеңселері теріні кейіннен отан­дық тері зауыттарында өңдеу үшін оны бастапқы өңдеуді өз міндеттеріне ал­ғаны жөн.

Алдағы уақытта осы салаға терең мән бе­ріліп, еліміз өзінің артықшылықтарын, яғни тері өндіру бойынша Орталық Азия­да­ғы үстем жағдайын, географиялық жа­ғы­нан қолайлы орналасуын пайдалануы керек-ақ. Оның үстіне бізге Қытай нарығы жақын, ол да тиімді болмақ. Мұның бар­лығы Қазақстанға бүкіл Орталық Азияда тері шикізатын өңдеу жөніндегі өңірлік процессингтік орталықтың орнын иелену­ге мүмкіндік береді.

Сол секілді жүн өңдеу саласында да проблемалар бар. Жыл сайын қырқылатын 40 мың тонна жүннің шамамен 30%-ы, оның ішінде 17%-ы жуылмаған күйінде экс­портталады. Бұл төмен бағаға кетіп жат­қанын білдіреді.

Жүннің 70%-нан астамы жоғалады, өң­делмейді. Берекетсіз жүн нарығының болуы­нан жүн арзан бағамен бақылаусыз жә­не сертификатсыз Қазақстаннан тыс жер­лерге, ал түскен қаражаттың айтарлық­тай бөлігі «көлеңкелі айналымға» кетіп жатыр, бұл үлкен шығындарға әкеліп, осы­ның салдарынан мемлекет жыл сайын 6,0 млн доллар жоғалтып отыр.

Егер жүн өндірісінің шығындарын ба­рынша азайтсақ, ол елдің бюджетін тол­тырып қана қоймай, сонымен қатар ха­лық­тың жүн өндіру мен оны өңдеуде, оның ішінде ауылдық жерлердегі азамат­та­рымыздың жұмыспен қамтылуын ұл­ғайтуға мүмкіндік береді.

– Мақтаны ел ішінде «ақ алтын» деп атай­тыны белгілі. Оңтүстік өңірде мақта өсір­генімізбен, шын мәнінде, оның табысы артуына қандай кедергілер себеп болуда?

– Бізде жыл сайын шамамен 100 мың тон­на мақта талшығы өндіріледі, оның 90%-ы экспортталады. Бүгінгі күні Оң­түс­тік Қа­зақстан облысында 15 мақта өңдеу зауыты бар, бірақ олардың жабдықтары энер­гияны көп қажетсінетіні, шығары­латын талшық сапасының төмен болуы және өз шикізатының жетіспеушілігі – басты проблемалар.

Бұл ретте, мақта шитін егудің жаңа тех­нологияларын, яғни өсірудің қазіргі заманғы әдістемелерін, пленка астында тамшылатып суару әдісін қолдануға назар аудару қажет, бұл егіс алқаптарын ұлғайт­пай-ақ, оның өнімділігі мен сапасын арт­тыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, суб­сидиялау тетігін қайта қарайтын кез кел­ді. Оларды жанар-жағармайға, суа­ра­тын суға және минералдық тыңайт­қыш­тарға бөлудің орнына, субсидияны өнді­рілген өнімнің бірлігіне, яғни шитті мақ­таға бөлу тиімдірек болар еді.

Қысқа мерзім ішінде спутниктік бай­ла­ныс пен хабар таратудың ғарыштық жүйесі, автомобиль, радиоэлектроника, өнер­кәсіп жабдығын өндіру, машина жа­сау кешені сияқты ғылымды қажетсінетін және инновациялық күрделі өндірістерді іске асыра білген тәуелсіз елімізде жеңіл өнер­­кәсіпті де «аяғынан тұрғызу» қиынға соқпас деп ойлаймын. Осы орайда, Үкімет жеңіл өнеркәсіпті экономиканың басым сек­торларына қосып, оған деген көз­қа­расын қайта қарауы қажет. Елбасы айтып өткендей, өндірушінің сапасы мен кепіл­ді­гін білдіретін «Қазақстанда жасалған» де­ген жазуы бар танымал бренд жасау ке­­рек.

– Елімізде жеңіл өнеркәсіпті серпінді да­мыту туралы қандай ұсыныстарыңыз бар?

– Ол үшін тұрып қалған кәсіпорын­дар­ды жеңіл өнеркәсіпті басқару жөнінде дербес ұлттық оператор құру арқылы іске қосу үшін мемлекеттік даму институтта­ры­ның, оның ішінде «Kaznex Invest» ак­цио­нерлік қоғамының, «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі» акционерлік қоғамы­ның құралдарын пайдалану қажет. Өнді­ріс­ке инвестиция қажет. Сондықтан ше­тел­дік инвесторлар үшін де, өзіміздің өн­дірушілерді ынталандыру үшін де тар­тымды жағдай жасаудың маңызы зор. Шетелдіктер үшін келісімшарттың қолда­нылу уақытына оңайлатылған визалық режим мүмкіндігін қарау керек. Сондай-ақ өндірістерде техникалық бақылау бө­лімдерін жаңғыртқан жөн. «Қазақстанда жа­салған» деген белгісі бар тауарларды та­нымал ету және қазақстандық тауар өн­дірушілер және киім мен аяқкиім бренд­тері туралы танымдық теле-радио бағ­дар­ламаларын шығару арқылы қайта қарау ке­рек. 

– Көп байқалмай жүрген тағы қандай маңыз­ды мәселе бар деп ойлайсыз?

– Бұл ретте, балалар тауарларын өндіру мен қамтамасыз ету проблемасын ерекше атап өткім келеді. Өйткені бүгінгі күні, са­рапшылардың бағалауы бойынша, бала­лар киімі мен аяқкиімі нарығының көлемі жыл сайын 200,0 млрд теңгені құрайды екен! Алайда отандық балалар тауарлары­мен қамтамасыз етілуі 1 %-дан аспайды.

– Оқушыларды сапалы әрі денсаулығы үшін қауіпсіз мектеп формасымен қамта­масыз ету мәселесі де ерекше алаңдатады. Мә­селен, жыл сайын күзде ата-аналар мек­теп формасын іздеу мен оған тапсырыс берудің әлегіне түседі. Өйткені оларды бізге Қытайдан, Түркиядан, Қырғызстаннан әке­леді. Неге бұлай?

– Осы біз «Балаларымыз үшін қандай киім сатып алып жатырмыз?» деген сұрақ­қа ойланып көрдік пе? Бізге бағасы қым­бат, бірақ сапасы төмен, қауіпсіздік серти­фикаттары, шығарылу сертификаттары жоқ, инвойстары жоқ тауарлар ұсынады. Ең сорақысы, сол мектеп формасына ба­ла­ларымыздың денсаулығына зиян кел­тіретін синтетикалық маталарды жиі қол­данылады.

Біз өз өндірушілерімізді қолдаудың ор­нына, іс жүзінде басқа елдердің эконо­микасына инвестиция салып, оларды көтеріп әрі байытып отырмыз. Жеңіл өнер­кәсіп кәсіпорындары қауымдас­тығының ақпараты бойынша, қазақ­стан­дық оқушылардың саны шамамен 2 млн болса, 1 балаға шаққанда мектеп форма­сы­ның бағасы шамамен 15 мың теңге де­ген есеппен алғанда, бұл нарықтың көлемі жыл сайын шамамен 30,0 млрд теңге деп ба­ғаланып отыр. Міне, қаражат қайда кетіп жатыр?!

Сондықтан Үкіметке бірыңғай мектеп фор­масын енгізу және оны тек Қазақ­стан­да ғана өндіруді міндеттеу мәселесін қа­райтын уақыт келді.

Бұл бір жағынан – мәжбүрлі әрі қажет­ті шара, екінші жағынан – балаларға ар­нал­ған мектеп формасын, спорт костюм­де­рін, киім және аяқкиім шығаратын, пат­­риоттық рухта жұмыс істеп жатқан отан­дық тауар өндірушілерді нақты қол­дау.

Жеңіл өнеркәсіптің отандық кәсі­п­орындарының қарулы күштер, ішкі істер органдары, құтқару және басқа да қызмет­тердің қызметкерлері үшін нысанды киім-кешек тігуі екінші қадам болуы мүмкін. Біз Қазақстанның барлық өңірлері мен қалаларында сапалы мектеп формасы мен нысанды киім-кешек тігіп, жемісті жұмыс істегісі келетін кәсіпорындар бар деп се­німді түрде айта аламыз.

Бұл үшін тауарларға үнемі мониторинг жүргізу, бірыңғай ақпараттық портал құру, облыстық әкімдіктердің сайттарында ақ­парат орналастыру, жеңілдікті шарттармен сауда алаңдарын ұсыну қажет.

– Ойыңызды қорытындылай келгенде, атал­ған салаға тың серпін беру үшін тағы да қан­дай мәселелерді ескерген жөн болар еді?

– Бүгінгі күні қазіргі заманның талап­та­рына сай келетін білікті кадрлардың же­тіспеушілігі Қазақстанның жеңіл өнер­кәсібі үшін өткір проблема болып отыр. Жұмысшылар, тігіншілер ғана емес, жо­ғары және орта буынның техникалық жұмыс­керлері де жетіспейді. Елде әртүрлі дең­гейдегі жеңіл өнеркәсіп мамандарын дайындайтын оқу орындары жеткілікті бол­ғанымен, көптеген түлектер өзінің ман­­сабын өндіріспен байланыстырғысы кел­­мейді. Бұл еңбек жағдайының ауыр­лығы мен жалақының төмендігіне байла­ныс­ты. Кәсіпорындарда кадрлардың бас­­­қа салаға кетуі байқалады.

Сондықтан кадр мәселесі персоналды басқару мен кәсіптің беделін көтерудің жаңа тәсілдерін енгізуді талап етеді. Бү­гін­гі күні мамандар даярлаудың сапалық көрсеткіштерін жақсартуға баса екпін берілуге тиіс және мұнда білім мен кәсіби шеберлік өндірістің маңызды ресурсы ре­тінде қаралуға тиіс. Бұдан басқа, білім беру мен экономиканың нақты секторы ара­сындағы алшақтықты жою қажет.

Бұл үшін біздің білім беретін ве­домство­ларымыз бизнес мұқтаж болып отыр­ған мамандарды даярлауға мем­ле­кеттік тапсырысты қалыптастыруы керек, сон­дай-ақ оқу стандарттарын нақты биз­нес өкілдерімен және салалық қауым­дас­тықтармен келісуге тиіс. Сондай-ақ бұл кә­сіптің беделін көтеру үшін «Өндіріс оза­­ты», «Ерен еңбегі үшін», «Үздік тігін­ші», «Үздік өндіріс шебері» атақтарын жаң­­ғырту қажет.

Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру жөнінде Мемлекет бас­шысы қойған міндеттерді орындау мақ­сатында депутаттық корпус жеңіл өнеркәсіп саласындағы ахуалды жақсарту бойынша үлкен жұмыс атқаруда. Партия­лардың қоғамдық қабылдауының, «Нұр Отан» фракциясы жанындағы маңызды кеңестердің диалог алаңдарында жеңіл ин­дустрияның және агроөнеркәсіптік ке­шеннің онымен өзара байланысты сал­а­ларының еңбек ұжымдарымен, қоғамдық бір­лестіктерімен және кәсіпкерлерімен кездесулер мен талқылаулар өткізілуде. Мұн­да депутаттар аталған саланың жағ­дайын жақсарту және саланың тұтыну­шылары мен қызметкерлерінің құқық­та­рын қорғау бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуде.

Сонымен қатар қазіргі уақытта Пар­ламент Мәжілісінде мақта саласының дамуын жетілдіру, арнайы экономикалық аймақтар мәселелері жөнінде маңызды заң жобалары қаралуда. Кәсіпкерлік кодексінің жобасын жан-жақты талқылау және пысықтау жұмысы жүргізіліп жатыр. Ағымдағы сессияда Парламент кәсіп­керлік қызмет үшін жағдайды түбегейлі жақ­сарту, мемлекеттің кәсіпкерлік қыз­метке қатысуын шектеу мәселелері жө­нінде заңдар қабылдады, бұл заңдар биз­нес жүргізу жағдайын жақсартуға, кә­сіпкерлікті қолдауға және елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

Елімізде алға қойылған міндеттерді шешу үшін барлық мүмкіндіктер бар. Бү­гінгі күні жеңіл өнеркәсіптің жедел дамуы­на серпін беруге қабілетіміз де жеткілікті. Ол үшін кешенді жұмыстар атқарылуы ке­рек.

– Еліміздегі жеңіл өнеркәсіп саласының үлкен мәселелерін қозғап, өз ойларыңыз бен ұсы­ныстарыңызды айтып бергеніңізге рақ­мет!

Дереккөз: Айқын-ақпарат

Қатысты Мақалалар