Ұлттың болашағы – ұлттық тәрбиеде

/uploads/thumbnail/20170708201712480_small.jpg

Сайын БОРБАСОВ, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің О.Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институтының директоры, саяси ғылымдар докторы, профессор:
– Ұлттың келешегі болашақтағы азаматтардың іс-қимылына байланысты. «Ұлтым» дейтіндер көп болса, ұлттың болашағы бар. Сіз болашақ азаматтардың бет-бейнесін қалай елестете аласыз? 
– Қазіргі буын ел болашағын ой­лайтындығына сенімді. Ал шын мәнінде, біз ел қамын жеп, халықтың болашағын ойлай алып, оны қамтамасыз ететін істер жасап жүрміз бе? Бұл мәселенің төңі­регінде ойлану керек сияқты. Экономика, әлеуметтік инфрақұрылым, ғылым мен техника дамуда. Олардың келер ұрпаққа қызмет ететіні анық. Ал «сол ұрпақтың болашақтағы рухани бет-бейнесі, адами болмысы мен мінез-құлқы қандай болмақ» деген мәселені шеше алмай келеміз.
 Ұлтжанды қазақ зиялылары болашақ азаматтардың келбетін, бейнесін бы­лайша елестететін сияқты: ол ана тілін біліп, құрметтеп, күнделікті қызметі мен өмірінде қолданып отырады. Сонымен қатар ағылшын тілін, орыс тілін біледі, пайдаланады. Көпшілігі – көптілді қызметкерлер. Екіншіден, олар өздерінің қазақ екендігін жақсы сезініп, негізгі ұлттық құндылықтарды сақтап, өзінен кейінгі ұрпаққа қалдыруға мүдделі. Үшіншіден, олар өз саласындағы кәсіпті жақсы меңгерген маман, еңбекқор, адал еңбегімен отбасын асырап, халыққа қызмет етуді ойлайтын. Төртіншіден, ол жаңалыққа жаны құмар, әлемдегі ғылым, білім, өнер саласындағы озық үлгілерге ден қоятын креативті тұлға. Бесіншіден, қазақ азаматы әділет пен заңды ұста­натын, өтірік пен өсекті іс қылмайтын парасатты тұлға. Алтыншыдан, қазақ азаматы – Алланы сүйген, өзінің діні мен діліне берік азамат. Жетіншіден, ол елі үшін, жері үшін, халқы үшін күреске дайын, отаншыл патриот.
 Міне, осындай тұлғалар Қазақстан мемлекеті мен қазақ ұлтының көсегесін көгертіп, оны ғасырлардан-ғасырларға алып жүретін ұрпақтар тізбегін жасаса екен деп көксейміз. Біздің пікірімізше, мемлекет пен қоғамның алдында тұрған ең өзекті әлеуметтік міндет – бүгінгі ұрпақты жоғарыда аталған талаптар тұрғысында тәрбиелеу. Осылай ете алсақ, ұлт болашағы баянды болып, Қазақстан ұзақ тарихи кеңістікте өмір сүре алады. Ұлттық рухани құндылықтар мен ұлттық мұраттар төңірегінде топтасуы мемле­кеттік қауіпсіздікті күшейтетін, оны сыртқы жауларға бермейтін маңызды субъективті факторға айналдыратыны даусыз.
– Десек те, көп нәрсе ұрпақ тәрбие­сіне келіп тірелетін сияқты.
– Иә. Ұрпақ тәрбиесіндегі орын алып отырған келесі вариант – ұлттық, этни­калық белгілері екінші кезекке кеткен, азаматтық құндылықтары басым ұрпақты тәрбиелеу. Тәрбиенің бұл бағытын ана тілін білмейтін, орысшылданған халық­тың тобы жақтайды. Олар үшін Қазақстан азаматының мемлекеттік тілді білуі міндетті емес. Ол өзі елінің патриоты болса жеткілікті. Ұлттық дүниетаным, тарихи сана, салт-дәстүрлер мен мәде­ниет маңызды емес, жалпы адамзаттық мәде­ниет пен құндылықтар болса жеткі­лікті. Халықтың ұлттық, этникалық белгілері маңызды емес, ол өзін қазақ­станның азаматымын деп есептесе жеткілікті. Адамзаттың діні, құдай­шылдығы маңыз­ды емес, ол білікті, адал, парасатты болса болды. Оған қазақ­стандық мемлекеттік мүддені қорғау қажет, бірақ ол әлем азаматы ретінде ел, жер мүддесін жаһан­дық мүдделерге жығып беруге дайын.
 Қарасақ, тәрбиенің екінші варианты да қорқынышты емес сияқты. Өкініштісі, халық бұлайша болуының үлкен қауіпті жасырып тұрғандығын түсінбей келеді. Қазақстан халқының тең жартысынан астамы осындай жалпыадамзаттық құн­дылықтар жетегінде. Қайшылыққа толы әлем жағдайында Қазақстан мемлекетін құтқаратын, оны күшейтетін – тек ұлттық, этникалық тәрбие мен мемле­кеттік тілдің үстемділігі. Екінші тәрбие варианты Қазақстан халқын бірікпеген, босаң тобырға айналдырады. Ол сыртқы қауіптерге төтеп беруге қабілетсіз болады. Олар үшін сырттан келген жауға қарсы қарумен шығудан гөрі, өмірді сақтау маңызды. Ал ұлттық құнды­лықтармен топтасқан халық үшін мемлекеттің тәуелсіздігі жеке бастың өмірінен ма­ңызды. Себебі ұлттың, келер ұрпақ­тар­дың сақталуына тек тәуелсіз мемлекеттің сақталуы кепілдік береді. Ұлттық идеялар мен мемлекеттік құн­дылықтар идея­ларымен топтаспауға халықтар үнемі жеңіліске ұшырап, мемлекеттерінің күйреп қалуына жол беріп отырған. Оған Ұлы Түркі қағана­тының, Византияның, Алтын Орданың, Кеңес Одағының, Ирактың, Ливияның, т.б. елдердің тарихи тәжірибесі дәлел бола алады.
Тәрбие, насихат және идеология ұлттық топтасу мен жинақталу үшін қажет. Тәрбиенің негізгі мақсаты сөз жоқ адами сапаларды қалыптастыру. Осы­ларды тәрбиелеу барысында ұлттық сананың және мемлекетшілдік сананың іргетасы қаланады. Сондықтан бала­бақшада, мектепте, колледжде, ЖОО-да тәрбиенің мазмұнын алдымен ұлттық үлгілермен, құндылықтармен толтырып алып, сосын барып жалпыадамзаттық құндылықтармен байытқан дұрыс деп есептейміз.
– Ұлттық құндылықтардан жалпы­адамзаттық құндылықтар қайнап шығуы тиісті. Ал ұлттық мазмұнынан айырылған қандай да болмасын құндылықтар аза­маттарды аралық деңгейге немесе мари­гиналдандыруға бастайды емес пе?
– Сөз жоқ, келісемін. Өзінің ана тілін біліп, ұлтының рухани байлықтарына енбеген тұлға өз мемлекетін қорғауға құ­лықсыз. Ол үшін қандай мемлекет бол­ғаны маңызды емес. Ол үшін өзінің және отбасының амандығы мен бай-қуатты өмірі маңызды. Ал болашақ ұрпақтардың қандай болатындығы олар үшін екінші кезекте. Міне, осы мәселеде үлкен қателік пен зор қауіптің жасырын тұрған­дығын аралық, дүбәра тұлғалар сезін­бейді, түсінбейді. Оның ұрпақ­тарының, тіптен балаларының бақытты өмірін тек тәуелсіз мемлекет ғана іске асыра алады. Мысалы, маригинал қазақ Ресейде, Қытайда, Өзбекстанда өмір сүрсін. Олар – ол елдер үшін бәрібір кірме, келімсек, «екінші сортты» азамат. Заң алдында барлық азаматтар бірдей болғанымен, әлемнің басым көпшілік мемлекеттерінде сол елдің тарихи иесі болып саналатын ұлттар ғана өздерінің толыққанды басымды­лығын сезініп өмір сүретіні ақиқат. Жекелеген мысалдар бұл заңды­лыққа қарсы шыққанымен, негізінен, автох­тонды ұлттың басым болуы даусыз жағдай. Тіптен демократияның отаны АҚШ пен Батыс Европаның дамыған мемлекеттері өздерінің төл азаматта­рының қоғамдық қатынастардың барлық саласында басым болғанын жүзеге асырып отырады.
 Сондықтан әрбір елде адамдардың сол елдің тарихи иесі болып саналатын этностық ұлттық құндылықтары мен дәс­түрлерінің, дүниетанымы мен идео­ло­гиясының негізінде тәрбие алғаны дұрыс және болашақтың кепілі. 
– Біздің жағдайда қайтпек керек?
– Қазақстанның болашағына қызмет ететін жас ұрпақты тәрбиелеуден өткен маңызды міндет жоқ. Отаншыл, жершіл, халықшыл және мемлекетшіл ұрпақ­тарды тәрбиелей алған елдердің болашағы баянды екендігін әлем тарихы ұдайы дәлелдеп келеді. Осы қағидаттық шын­дыққа жауап беретіндей жұмыстар жүргізбесек, Қазақстанның болашағы бұлыңғыр болмақ. Мемлекеті үшін халқы күреспесе, ол әлемдік қақтығыстардың, бөліністердің құрбанына айналады. Сондықтан болашақты ойласақ, жас ұрпақтың денсаулығының жақсы бо­луына, оның сапалы білім алуына, саналы тәрбиеленуіне қамқорлық жасалынуы керек. Бұл жұмыс бірінші кезекте жетім балаларға деген мемле­кеттік қамқор­лықтан басталғаны абзал. Ел бойынша 90-100 мыңдай жетім бала­ларды толықтай мемлекеттік қамқор­лыққа алуға ақша да, орын да табуға болады. Ол үшін ел көлеміндегі той-томалаққа жұмсайтын қаржыны азайту жеткілікті.
 Тәрбие жүйесінде бірінші кезекте ұлттық ізгілікті құндылықтарды наси­хаттау, жас ұрпаққа сіңдіру пайдалы. Отаншылдық – ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтардың үндесуі. Әр азамат өзінің туған ұлтының ізгі жақсылықтарын біліп, кемшіліктері мен қателіктеріне сыни көзбен қарап барып ненің жақсылық, ақиқат пен әділет екендігін түсінуге жетеді. Демек, ұлттық белгілер мен сапалардың сақ­талуы жалпыадамзаттық құндылық­тардың салтанат құруының алаңы болмақ. Бұл екі құбылыс бірін-бірі толықтырып, қатар­ласып жүреді. Біреуі екіншісін жоққа шығарғысы келсе, ауытқу басталады. Ол ұлттық эгоизмнен, шовинизмнен, на­цизмнен көрініс табады. Ал жалпы­азаматтық құнды­лықтарды желеу етіп, ұлттық мақсат-мұраттарды жоққа шы­ғаруға тыры­сушылық керісінше әсер беріп, ұлттық өмірдің жандануы жо­лындағы күреске әкеледі. Сондықтан ұлттық өмір мен жалпы адами өмірдің үндестік заңдарын сақтау маңызды. Сенің ұлттық құндылықтарың: тілің, дінің, салт-дәс­түрлер мен мәдениетің басқа халы­қтар­дың, азаматтардың өмір сүруіне бөгет болмайды; қандай да болмасын ұлттық қайшылық мәселелерін бейбіт жолмен, барлық мүдделі таптардың өзара келісімімен, ақылдасуымен шешуге ұмтылыс; мемлекет мүддесінің, оның территориялық тұтастығының барлық даулы мәселелерден басым тұруы; тәуел­сіздікті ұлт мәселесіндегі ең басты, ең қымбат құндылық ретінде бағалау, сақтау; әлем халықтарын және олардың мәде­ниеттерін тең көру және құрметтеу; әлемдік тәртіптердегі әділетсіздіктерге зорлық-зомбылыққа, күш көрсетулерге төзбеу, әлемдегі бейбітшілік пен ты­ныш­тық жолында үзбей күресу; табиғи, техногендік апаттарға ұшыраған елдерге көмек беруге дайын болу; табиғат пен эко­номиканың үндестігін сақтауға ұм­тылу, экологиялық мәселелерді белсе­не шешуге кірісу сияқты маңызды істерді айтуға болады. Жалпыадамзаттық даму мен ұлттық дамудың түйісер жерлері бұдан да көп. Мәселе сол бағыттардың бірінің-бірі дамытылуында өзара көмекке келуі.
– Болашақты ойласақ баршаға ортақ құндылық отбасыны нығайту мәселесі бірінші орынға шығады. Қазақтың қазақ болып қалуы қазақи мазмұны бар отбасын сақтау және күшейтуге тәуелді емес пе?
– Әрине. Ұлттық тілді, дәстүр мен мәдениетті сақтап, балаларын осы рухта тәрбиелеген отбасылары ұлттық өмірдің қайнар бұлағы. Жас ұрпақ үлкенге қарап өседі. Сондықтан отбасы тәрбиесінің тиімді болуы ата-ананың үлгісіне тәуелді. Әкесі мен шешесінің өтірік айтатынды­ғын, арамдық істейтіндігін, әділетсіз­діктер жасайтындығын көріп, біліп өскен бала жақсы азамат болмайды. Отбасын­дағы жақсылық пен әділет, тыныштық пен сүйіспеншілік баланың бақыты ғана емес, оның болашағы да. Шыншылдық пен әділетті, еңбекқорлық пен ұқыпты­лықты, тазалық пен тиім­ділікті өмірлік принциптеріне айнал­дырған отбасы­лардың балалары рухани бай азаматтар болып өседі.
 Әрбір отбасы баланы имандылыққа баулуы маңызды. Имандылық бар жерде ғана жақсылық пен әділет, тыныштық пен татулық салтанат құратыны ақиқат. Имандылықтың бастауы – Құдайды сүю, Алланың жолымен жүру. Жүрегінде Алланың нұрын жинақтаған бала ұя­сынан ұшқаннан кейін де жаман істерге бар­майды. Оған ұрлық, өтірік, өсек, мақтан­шақ, жалқаулық сияқты қылықтар жат болады. Иманды адам өз жақын­дарын, Отанын, елі мен жерін сүйеді. Ол – еңбек­шіл, адал және әділетті тұлға. Бәсе­кеге қабілетті болу үшін Қазақстанға керегі осындай азаматтар. 
 Ұлтжандылық пен отаншылдық – халықтың ұюының, бірігуінің ғана бастауы емес, мемлекеттің бүгінгі қуатын арттырудың және келешекте дамуының да бастауы. Мәселе қазіргі ашық қоғамда, нарықтық қатынастар жағда­йында ұлт­жандылық пен отаншылдық ұстаным­дарды тәрбиелеу тетіктерін табуға келіп тірелуде. Кейінгі кезде көңілге қонымды «Қазақстандықтар қазақстандық тауар­ларды сатып алайық» деген бастама осы отаншылдыққа бас­тайтын бастама. Осындай үлгілер алда­ғы уақытта отандық киноға, отандық БАҚ-қа, отандық өнерге, мемлекеттік тілге қатысты күшейе түссе, мемлекеттің іргесі нығая берер еді. «Қазақстан тәуелсіздігі қазақ халқымен бірге барлық Қазақстан халқы үшін бақыт» деген қағида елдің әрбір азама­тының өмірлік ұстанымына айналса, Қазақстан нағыз Мәңгілік ел санасына ие болары даусыз.
– Өкінішке қарай, ашық қоғам, нарық­тық экономика, жаһандану үрдістеріне ұлтжандылық пен мемлекетшілдікті ұластыру мәселесі шешілмей келеді. 
– Сөз жоқ, ағылшын тілін білу қа­жеттілік. Бірақ ағылшын тілін енгізу қазақ тілінің дамуына ешқандай бөгет болмауы керек. Балалар мектепте ана тілдерін толық меңгеріп алып, ағыл­шын­ша оқи бастасын. Бірінші сыныпта қазақ, ағылшын, орыс тілдерін қатар оқытуға ешқандай зәрулік жоқ. Бұлай болуы ойланбай, асығыс істелген қате шаруа. Осы қателікті түземеу үлкен тілдік дағ­дарысқа әкеледі. Қателіктен ұлтқа зор зиян келуі қауіпті. Кейде ұлтқа қарсы, ұлттық топтасуға қарсы шаралар мақсат­ты түрде ұйымдастырылып жатқандай көрінеді. Келесі мысал БАҚ кеңістігіндегі Ресейдің үстемдігіне байланысты. Адам санасын БАҚ билеген заманда ешбір мемлекет саяси плюрализм принципін толықтай басшылыққа ала алмайды. Ресей БАҚ-тары Қазақстан халқын толықтай Ресей идеологиясы мен саясатына бағындырып барады. Сонда тәуелсіз елді қайтадан Ресейдің бодан еліне айналдыруымыз қажет пе?
 Керісінше, тәуелсіздік идеологиясын ұран еткен Қазақстан БАҚ-тары елдің ақпараттық кеңістігінде 80-90 пайыздық басым үлеске ие болып отыруы керек. Сонда ғана болашақ ұрпақта қазақстан­дық патриотизм санасы мен мемле­кет­шілдік психология тәрбиеленеді. Қазір дамыған мемлекеттерде мектептер мен БАҚ, негізінен, ана тілінде сөйлейді, қызмет етеді. Мысалы, Францияда 80 пайыз француз тілінде, Испания, Италия, Польшада да осындай. Ресейде бұл көрсеткіш 90 пайыздан астам.
 – Көбіне тәрбиенің тиімді болуы тәрбие берушілердің, үлгі-өнеге көрсететін адам­дардың беделіне байланысты деп жатады... 
– Бедел – өте ықпалды рухани құбы­лыс. Адамдар беделдінің соңынан еруге дайын. Бедел күш көрсетуді, үгіттеуді екінші орынға сырып тастап, үлгі-өнеге мен абыройды бірінші кезекке шығарады. Халық беделді басшының соңынан ерсе, жас ұрпақ беделді педагогтардың сөзіне құлақ түреді. Бедел – тұлғаға берілген қоршаған адамдардың әлеуметтік бағасы. Қазір беделді жасауға имиджді жасау да көмекке келуде. Имиджеология саяси ғылымның бір саласына айналып отыр.
 Десек те, бүгінгі қоғамда шын бедел бар және қолдан жасанды жасалынатын жалған бедел бар. Нағыз дұрыс тәрбие шын бедел бар жерде ғана мүмкін. Жа­санды беделге ден қою жастардың өмірлік ұстанымдарын бұзатын қауіпті құбылыс. Кеңес Одағы кезінде комму­нистік идео­логия жалған бедел жасауға құмар болды. Қоғамды өтірік пен жал­ғандық жайлап алды. Кеңес Одағының аса зор ресурстары бола тұра күйреп қалуының түпкілікті себебі жалған сөйлеу, шындықты бұрма­лау мен жас­тарды жалған беделдер арқы­лы тәр­биелеуге байланысты. Өкінішке қарай, осы жалғандық бүгінгі Қазақстанда да орын алуда.
 Жас бала адал, еңбекқор, шыншыл адаммен тәрбиелік қатынаста болса осы ізгілікті салаларды қабылдайды. Өтірікті, өсекті, жалған сөйлеуді, әділетсіздікті ұстанған адамдарды көріп өссе, солардың жаманшылықтарына үйір болады. Нағыз бедел еңбекқорлықта, әділеттілікте, шын­шылдықта ғана ықпалды болады. Сондықтан жас баланы қоршаған орта­сындағы моральдық-психологиялық атмосфераның ізгілікті құндылықтармен толғаны абзал. Беделді тәрбиешілер ізгілікті құндылықтарды өмірлік қағидат­тарына айналдыра білген жақсы адамдар. Қоғамда жақсы адамдар көп болса, оның дамуы баянды, жақсылығы көп болады. Мұндай қоғамда адами құндылықтар басым болып, қайшылықтар, қайғылар мен өкініштер аз болады.
 Қазақстандағы тәрбие жұмысы адамгершілік идеологиясы ұғымының төңірегінде жинақталуы керек деп білеміз. Адамгершілік идеологиясының тірегі Абайдың сыншыл көзқарастарына негізделген «кемел адам», «толық адам» концепциясы, Шәкәрімнің «шын адам» концепциясындағы «ар ілімі» бола алады. Абай, Шәкәрімнің гуманистік идеялары әл-Фараби, Ж.Баласағұн, Қ.А.Иассауи сияқты отандық ойшылдардың және әлемдік адамгершілік идеяларының озық үлгілерімен байытылады.
 Әлемдік ізгілікті ойдағы «барлық бай­лықтар мен игіліктер тек қана адал, тиім­ді, белсенді еңбекпен ғана келеді» деген қағида үстемдік құрғаны абзал. Қоғам таза, адал еңбекпен толыққанда ғана имандылық үстем болады. Имандылық арлы адам болудың негізі екендігі белгілі. Иманды қоғам ұлттық салт-дәстүрлерге сүйенетін қоғам. Әке – әке, шеше – шеше, бала – бала болуы шарт. Әке – асы­раушы, басқарушы. Шеше – отба­сының иесі, баланың тәрбиешісі. Бала – ата, анасына көмекші, олардың айтқа­нын орындаушы. Міне, осындай қарапа­йым шындықтардың қызмет етуі отба­сының нығаюы үшін ең қажетті нәрсе. Отбасы құндылықтарының мызғымас маңызы туралы Қытай ойшылы Конфу­цийдің ұстанымдарын пайдалану абзал.
– Әрине, бұрынғы заманның авторитар­лық отбасын толықтай қалпына келтіру мүмкін емес.
– Қазіргі екі жыныстың теңдігіне негізделген биоархаттық құндылықтар жүйесі күрделі. Бірақ тығырықтан шығар жол – бұрынғы патриархалдық отбасы жүйесінің пайдалы жақтарын бүгінгі шындықта жандандыру. Батыста отбасы болу қазір өз маңызын жоюда. Дамыған елдерде азаматтардың көпшілігі бала тәрбиесі болуы үшін толық отбасының болуы міндетті деп есептемейді. Адам табиғатына жат мұндай қате, зиянды ұстанымдар соңынан ілесіп кетуге болмайды.
 Ізгілікті адамзат жинақтаған гумани­тарлық құндылықтарда отбасы тәрбиесі, ата-ана үлгісі бірінші кезекте тұрады. Сондықтан Қазақстан қоғамы адамгер­шіліктің орнына прагматизмді бірінші кезекке қоятын батыстық тәрбие үлгі­лерінің қате жолына түспеуі керек. Тағдырлық таңдауда ұлттық тәрбие жүйесінің қателеспегені дұрыс.
 Тәрбиенің негізгі діңгегі – ұлттық тәрбие. Әр халықтың өкіліне өзінің этникалық үлгілері жақын, табиғаты таныс. Жас нәрестенің өзінің генети­калық кодында белгіленген ана тілінде тәрбие алуы өте үлкен игілік. Баланы қоршаған орта, отбасы мен мектепте ең алдымен ана тілі ұлықталуы міндет­ті. Қазақ баласы отбасында шешесіне – анашым, әкесіне – әкешім деп қарым-қатынас жасауының өзі тәрбиедегі үл­кен қадам, баланы жылылыққа, жақсылық­қа бастайтын қадам. «Мама, папа» деген өгей сөздерге қарағанда «анашым, әкешім» деген сөздер әлдеқайда тәр­биелік, адами, ізгілік қуатқа ие. Қазақы тәрбие алған жас отбасылар «анашым мен әкешім» сөзіне маңыз бере бастады. Бұл ізгілік үрдісін қазақ қоғамы қолдауы міндет. «Анашым мен әкешім» деп өскен ұрпақ «апашым мен аташымды» да құрмет тұтатын ұрпақ болары сөзсіз.
 Сондықтан адамның шын бақыты оның отбасындағы тыныш, тату өмірі екендігін ұдайы еске салып отыру ма­ңызды. Әлеуметтік өмірдің тірегіне отба­сындағы тәрбие негіз бола алады. Атаның аталық үлгісі, әкенің әкелік үлгісі, әженің әжелік үлгісі, ананың аналық үлгісі әрқайсы маңызды. Олай болуы үшін ең алдымен үлкендер тәрбиелі болуы шарт.
 Бізге дейінгі ұрпақтар ақылсыз бол­маған. Олар біздің ұлы аталарымыз бен аналарымыз иманды ұрпақты қалай тәрбиелеуге болатындығын тайға таңба басқандай етіп көрсетіп кеткен. Тәрбие­шілердің өзекті міндеті – өткен ата, баба тәрбиесінің озық үлгілерін қалпына келтіріп, бүгінгі ұрпаққа ұсыну. Тарихтан сабақ алу дегеніміз осы. Эгоизмді, инди­видуализмді, қатыгездікті, жалқау­лықты, қылмыскерлікті тек адал еңбек ететін иманды халық қана ауыздықтайды. Ал еңбек тәрбиесі, иман тәрбиесі отбасынан басталады. Ата, ана өзіне қажетті үлгіні ұлттық тәрбиедегі құндылықтардан ғана таба алады. Өткеннің озығын бүгінгі күннің теңдігі, әділеттілігі, өзара силас­тығы, өзара түсінісу құндылықтарымен байыта білсек қана жаңа заманға сәйкес отбасы қалыптаспақ.

Қатысты Мақалалар