Мәскеуде Қазақстан және Ресей қаламгерлерінің екінші кездесуі өтті

/uploads/thumbnail/20170708201753605_small.jpg

Қазақстан және Ресей жазушылары жиі кездесе бас­тады. Былтырғы қараша айындағы бірінші кездесу Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің бастамасымен өткен болатын.
«Қазақстан-Ресей» әдеби аль­манағының бірінші басылымын таныстыру рәсімі жаңадан бас қо­суға себеп болды. Салтанатты іс-шара 27 қазанда Ресей Мем­лекеттік кітапханасының Шығыс әдебиеті орталығында өткі­зілді. Альманахты Қазақстан Жазу­шылар одағы «Литературная га­зета» және «Роман-газетамен» бірлесе отырып, Мәскеудегі Қа­зақ­­станның дипломатиялық өкіл­ді­гінің қамқорлығымен басып шығарды.
Жинаққа Әбіш Кекілбаев, Олжас Сүлейменов, Юрий Поля­ков, Әбдіжәміл Нұр­пейісов, Вла­димир Личутин, Нұрлан Оразалин, Лев Аннинский, Евгений Рейн, Бақыт­жан Қанапиянов және тағы бас­қа екі елдің атақты жазушы­ларының шығармалары кірді.
Қазақстандық-ресейлік жи­нақ­тың тұсаукесер рәсіміне Ресей­дегі Қазақстан елшісі Марат Тәжин, Ресей Прези­дентінің ха­лық­аралық мәдени ынты­мақ­тастық жөніндегі арнайы өкілі Ми­хаил Швыдкой, ақын және жазу­шы Олжас Сүлейменов, «Лите­ратурная газетаның» бас редакторы Юрий Поляков, «Роман-газетаның» бас редакторы Юрий Козлов, шығармалары альманахқа кірген бірқатар жазушылар, мемлекеттік және қо­ғам қайраткерлері, екі елдің шығар­машылық интеллигенция­сы өкіл­дері, белгілі ресейлік ғалым­дар мен журналистер және қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.
Іс-шараны бастаған Марат Тәжин Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Біз мәдениетіміздің ерекшелігіне жа­татын: өз ана тілімізді, руха­ниятымызды, дәстүрімізді, құн­ды­лықтарымызды сақтасақ қа­на, қазіргі заманғы қыр көр­сету­лерге тиісінше жауап бере ала­тыны­­мызды естен шығар­мау қа­жет… Мәдени кодын (ерек­шелігін) жоғалтқан ұлт өзін жо­ғалт­қанымен бірдей болады. Мұ­ны бол­дырмаудың амалын жасауға тиіс­піз», де­ген сөздерін келтірді.
Қазақстан елшісі жазу­шы­лардың бірінші кездесуінде бір­қатар қажетті ұсыныстар айтыл­ғанын еске салып, олардың қа­та­рында қазақстандық-ресейлік бірлескен әдеби альманахты ба­сып шығару, «Литературная газетаның» бетінде Қазақстан әдебиеті туралы мәліметті арнайы бөлімде шығару, әдеби аударма дәстүрін қайта қалпына келтіру мақсатында өлең және қара сөз аудармашылар бәйгесін өткізу секілді ұсыныстар болғанын мә­лім­деді. Бұл бірлескен жоба­лардың жүзеге асырыла бастағаны екі ел қаламгерлерінің диалогы тәжірибелі іске айнала бастағанын көрсетеді, деді ол.
–Аталған ынтымақтастық ба­ғыт­тарының нақтылығына қара­мас­тан, олар қазіргі кездегі Қазақ­стан және Ресей, тіпті, бүкіл Еу­разия аймағы үшін ең өзек­ті болып тұрған жүйелі мәселелерді ашып көрсетуде, – деді М.Тәжин. – Алайда, осының өзінде бүгінгі мақсатымыз одан да зор, ол бір-бірімізге өзара құрметпен қадам жасауға серпін беру болды. Бүгінгі басқосуымыз да осы бағыттағы нақты қадамға айналғанына сенімдімін.
Қазақ дипломатының пікірі бойынша, осы тұрғыда әдеби сын саласында да екі ел жазушылар қауымдастығының ықпалдасу дәстүрін қалпына келтіру маңыз­ды мәселеге айналмақ.
– Шүбәсіз, әдебиеттану үде­рі­сі ғылыми тәсілдемені талап ете­ді. Біздің елдеріміз қажетті инфра­­құры­лыммен қамтылған. Сон­дық­тан, мүмкін екі елдің мәде­ниет, білім министрліктерін және әде­би институттарын осы іске тар­та отырып, Қазақстанда және Ре­сейде әдеби үдерістерге арналған ғылыми зерттеулерге бастамашылық ете аламыз, – деді Марат Тәжин.
Ресей Президентінің халық­аралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Михаил Швыдкой өз сөзінде жазушылар арасында басталған кездесулерге және әдеби альманахтың шығуына жоғары баға беріп, шекаралас елдің шын жағдайын тек әдебиет арқылы білуге болады деді.
Ол альманахтың өз оқырман­дарын жаңа дарындармен та­ныс­тырғанын және ТМД Мем­ле­кет­­аралық гуманитарлық ынты­мақ­тастық қоры осындай бастамаларды қолдауға әзір екенін айтты.
–Альманахтың мәнісі зор және ол кітапханалардың қорларында болатынына сенімдімін. Әдебиет бар жерде, ұлттың рухани өмірі де, тарихтағы ұлт тағдыры да бар, – деді Михаил Швыдкой.
Ақын әрі жазушы Олжас Сүлейменов өз кезегінде, бүгінгі таңда әдебиет дағдарысқа ұшы­ра­ғанын айтты, себебі, «Кеңес Одағы жойылғаннан бері біз ұлы оқырманды жоғалттық», деді ол. Оның пікірі бойынша, тәуелсіздік кезеңі барлық адамдардың өзара байланыстылығын сезетін кезеңі, ал әдебиет осы байланыстарды қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
– Әдебиеттің қазіргі мәде­ниет­тегі салмағы төмендегеніне менің бір әріптесім басын жоғалтқан шашым-ай деп жыламайды деген еді. Алайда, менің ойымша, әдебиет – шаш емес, мәдениеттің басы, – деді ақын.
Әйгілі қазақ көсемсөзшісі, жазу­шы Ғаділбек Шалахметов жазу­шылардың былтырғы жыл­ғы кездесуі барысында орыс тілі­нен қазақ тіліне және қазақ тілі­нен орыс тіліне аудармашылар бәй­гесін өткізу бойынша қабыл­данған шешім туралы еске салды. Ол бәйге жеңімпаздарын мара­паттау рәсімі 16 тамызда Алма­тыда өткенін және олардың қата­рында қазақстандық-ресейлік жазу­шы Анатолий Ким болғанын мәлім­деді.
Анатолий Ким өз сөзінде әдеби аударманың ерекше рөлін атап өтіп, оны барлық жұртты біріктіретін адамның негізгі қыз­мет­терінің біріне жатқызды.
– Адамның жанын білсең оны сүйе де аласың. Бұл халыққа да қатысты. Халықтың жанын сүйер болса, ол өзге халықты да сүйе алады. Ал жанымыз туралы білімді біз басқа біреуге тек әдебиет арқылы жеткізе аламыз, – деді А.Ким.
Қазақ классиктерінің белгілі аудармашысы Анатолий Ким қазақ әдебиеті бойында өзге әлемдік әдебиеттерде жоқ нәр­сенің бар екенін айтты. Оның пікірі бойынша, барлық атты көш­пенділер өркениеті мен мәдениеті өз тарихи жолының соңында қазақ әдебиетінде орын тапты.
«Литературная газетаның» бас редакторы Юрий Поляковтың айтуынша, әдебиет әркезде де өз заманының алтын тілінің нормасын қалыптастыруда. Бірақ, соңғы жиырма жыл бойы әде­биеттің осы қызметінің мағы­насы өте төмендеді және осы тұрғыда тығыз әрі сапалы әдеби аудармалардың арқасында бі­рін бірі байытатын ұлттық мә­де­ниеттер ықпалдастығы аса маңыз­ды мәселеге айналды. Ол Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы ел­ші­лі­гімен бірлесе отырып іске асырылып жатқан жемісті ынты­мақтастықты үлгі ретінде келтірді. Оның айтуынша, ендігі кезде жас қазақстандық және ресейлік жазушылар арасындағы кездесулер жиілей түсуі тиіс және мұндай тәжірибе мемлекет тарапынан қолдау тапқаны жөн.
«Қарым-қатынас жасамасаң – бөтенге айналасың». Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин өз баяндамасын осы қазақ мақалынан бас­тады. Қазақ қаламгері өзі­нің Ке­­ңес Одағында атақты бол­ған және шығармашылық бай­ланыс­тардың үзілуіне алаңдау­шылық білдірген Сергей Михал­ковпен, Расул Гамзатовпен, Шың­ғыс Айтматовпен, Давид Кугуль­тиновпен, Мұстай Кәріммен кездесулерін еске алды және басталған жазушылар сұхбатын екі ел арасындағы мәдени-гума­нитарлық ынтымақтастықтың елеулі кезеңі деп атады.
Қазақстан ПЕН-клубының басшысы Бигелді Ғабдуллин елдер арасындағы саяси кедергілерге қарамастан, әдебиеттің әркезде де халықтардың қарым-қатынас көпірі болып қала бергенін айтты.
– Мен әлемдік мәдениет Ре­сей­сіз бола алады дегенге сен­беймін. Менің ойымша, орыс әдебиетінің болашағы зор. Себебі, орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі. Ал бұл орыс халқының интернационалдық миссиясына байланысты, – деді Б.Ғабдуллин.
«Роман-газетаның» бас редакторы Юрий Козлов және ақын Бақытжан Қанапиянов жиналған қауымды альманахты қалыптастыру үдерісімен таныс­тырып өтті.
Бұдан басқа салтанантты кез­­десу барысында Ресей Жазу­­шылар одағының хатшысы Максим Замшев, ресейлік ақын Владимир Еременко, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының өкілі Светлана Ананьева сөз сөйледі. Барлық қатысушылар аталмыш кездесу және таныстырылған альманахтың бірінші басылымы Еуразия кеңістігіндегі әдеби, мәдени ынты­мақ­тастықты нығайтады деген ой білдірді.
Іс-шара соңында «Қазақстан-Ресей» әдеби альманағының екін­ші басылымын шығару, «Лите­ра­турная газетада» тақы­­рып­тық бет­тердің шығ­уын жал­ғас­тыру, әдеби аудармашылар­дың халықаралық бәйгесін өткізу, Қазақстан мен Ресейдегі әдеби үдерістерге арналған ғылыми зерттеулер ұйымдастыру туралы шешім қабылданды. Екі ел қаламгерлері келесі үшінші кездесуді 2016 жылы өткізуді шешті.

Қатысты Мақалалар