Қазақ боксының жарық жұлдызы Қанат Исламның кәсіпқой боксқа ауысқанына да көп уақыт болған жоқ. Соңғы кезде көпшілік назарынан тыс жүрген боксшы туралы ел арасында сан алуан сұрақтар туындауда. Көптің көңілін күпті еткен негізгі мәселе – Қанаттың бүгінгі жағдайы. «Боксшы қазір қайда? Немен айналысып жүр? Жоспарлары қандай?» Бұл сұрақтардың жауабын боксшымен болған төмендегі сұхбаттан оқисыздар.

Қанат мырза, соңғы кездері ғаламтор беттерінде Сіз туралы әртүрлі әңгімелер айтылып жүр. Ел-жұртыңды ең көп мазалайтын сұрақ: Қанат неге рингке шықпайды? «Қамшы» порталының оқырмандарды да ең алдымен осы сұрақтың жауабын білгісі келеді....
Спорт – өте қиын саланың бірі. Мысалы, бір Олимпиада чемпионын дайындау үшін жаттықтырушы бір өмірін арнауы мүмкін. Ал, спортшы үшін Қазақстанның чемпионы болуға 5-6 жыл уақыт кетсе, Олимпиадаға кем дегеде 10 жыл уақытын жұмсауы етуі тиіс. Сол сияқты кәсіпқой бокстың да өз қыр-сыры, басқыштары бар. Есіктен кіріп, төр менікі дей алмайсың. Головкин 10 жыл дегенде бүгінгі дәрежеге жетіп отыр. Біреулер мені қиындық көрді деп айтып жатқан болуы керек. Мен көрген қиындықтар Гена басынан өткізген қиындықтардың жанында түк емес. Ол менен неше есе артық қиналды. Жаттығу жайына қалып, промоутерларымен соттасып та жүрді... Спорт жолында бұл өзі сондай баспалдақ екен... Бәрін бастан өткересің. Шыдайтын адам ғана шыдайды. Жолыққан қиындықтарды кім көрінгенге айтып, «Мен бүйтіп қалдым, сүйтіп қалдым», «Анау ақша бермеді, мынау жарысқа қатыстырмады, анабіреу менімен жекпе-жекке шықпай қойды» деп көшеге шығып айқайламайсың ғой. Бәріне сабыр қылу керек. Болатын нәрсе болады. Оның бәрін әркімге түсіндіріп жүруге міндетті емеспін. Менің міндетім – жаттығуымды жасап, дайындалу. Әркім өз жұмысының маманы болуы тиіс. Бір-екі қарсыласым бас тартты, кейін келісім-шарт қате болды, бір-бірімізбен келісе алмадық... Уақыт солай өтіп жатыр.
Бәріміз асыққанмен оған амал жоқ. Сол барысты бастан өткеру керек. Шыдау керек, тырысу керек. Өздеріңіз хабардар болғандай келер айдың басында өтетін жарысқа дайындалып жатырмын. Мені іздеп, менен алаңдап, күйініп жүрген, жеңіс күтіп отырған елім бар екеніне, мені жоқтайтын жұртым бар екеніне мен шексіз қуанамын. Ол маған үлкен шабыт, күш-қуат сыйлайды. Алыстағы ағайынға айтар алғысым шексіз.

Өзіңіз біліп отырсыз, ел-жұртың тілеуіңді тілеп, тақымын қысып отыр. Дегенмен қазақта «Бар болсаң көре алмайды, жоқ болсаң бер алмайды» деген сөз бар.. .Жасырын болмаса, кәсіпқой бокста бақ сынауыңызға кім қолдау көрсетіп отырғанын айта аласыз ба? Жасыратын ештеңесі жоқ. Бауыржан Оспанов ағамның есімімен исі қазақ жақсы таныс десем артық айтқандық болмас. Осы уақытқа дейін елге оралып, азды-көпті жетістікке жетуіме себепкер болған сол кісі. Әйтеуір қазақтың көк туы желбіресін, қазақтың намысы жерде қалмасын деп көмектесіп жатыр. Сол үшін мендеде аянып қалатын ештеңе жоқ. Барымды салып дайындық жасаудамын.

Біздің білуімізше кәсіпқой бокс әлемдегі табысты саланың бірі. Сонда Бауыржан Оспанов мырзамен арнайы келісімшарттарыңыз болғаны ғой...
Жоқ. Ол кісі екеуміздің арамыздағы келісім – жігіттік бір ауыз сөз ғана. Мен Атажұртқа оралатын кезде Бауыржан аға елге келгеннен кейінгі жоспарымды сұраған. Мен мүмкіндік болса олимпиадаға баратынымды, егер бара алмай қалсам кәсіпқой бокспен айналысқым келетінін айтқанмын. Сол бір ауыз сөзбен қазірге дейін барлық шығынымды көтеріп келе жатыр. Бауыржан ағаға деген құрметім мен алғысым шексіз. Ылайым, қара басының қамын ғана емес бүкіл елді ойлайтын, ұлтым, ұрпағымдеп жұмыс жасайтын Бауыржан ағамыздай үлкен жүректі азаматтар көп болсын!

Жақында Бауыржан мырза телеарналардың біріне берге сұхбатында Сіздің әлемдегі мықты компаниялардың бірімен келісім-шартқа отыратыныңызды, ендігі жарыстарыңыздың ешқандай кедергісіз өтіп отыратынын сүйіншілеген. Осы жайында толығырақ айта кетсеңіз...
Ендігі менің келісімшартқа отыратын компаниям Америкаданың ең үлкен бокс промоутерлік компаниясы. Басында олар менің талабыма қосылмаған. Кейін келісімге келдік. Бұдан кейін жыл сайын 4-5 рет жарыс өткізуіме қаржылық шығынын өтейді. Ал бұрынғы прометурлік компаниям қала береді де, ендігі келісім шарт жасасқан компания менеджер ретінде қатысады.
Сонда сіздің бұған дейінгі жарыстарыңыз қаржылық табыс әкелмеді ме?

Мен негізі бұрынғы жарыстардан бастап, қаржы табу жолын таңдауыма болатын еді. Бірақ, оған көп уақыт кететін болды. Біз тез көтерілу үшін өз жолымызбен жүрдік. Сол кезеңнен енді өтіп болдым. Ендігі жарыстарым қаржылық табыс әкелуі тиіс. Алда өтетін кездесуден бастап, маған ақша төленеді.
Әлемде сіздің салаңызда қазақтың көк туын желбіретіп жүрген азаматтардың бірі – Геннадий Головкин. Біраз жұрт Сізді Головкинмен жұдырықтасады деп шулап көрді. Әріптесіңіз туралы пікіріңізді білсек деп едік...
Қазір Генаның нағыз пісіп-жетілген кезі. Қаншама қиындық көріп, жемісін енді көріп жатыр. Ол осы жеңісті, жемісті көруге әбден лайық. Ең бастысы, бір атан түйеге жүк болатын, мен, мен деген ержігіттердің жілігін майыстыратын қиындықтарды көтере білді. Головкин - нағыз азамат. Оның жарысына ешқандай күмән келтірмеймін. Қарысласы әлсіз болса да, мықты болса да бәріне төтеп береді. Генаға тек қана сәттілік тілеймін.
Гена біздің алдымыздағы туды көтеруші болса, біз сол туды жықпаймыз деп ойлаймын. Алла қаласа сол ізбен келе жатырмыз.
Кәсіпқой бокста Бейбіт Шүменовтің де еңбегін бағаланымыз жөн. Ол – Америкада аты танымал боксшылардың бірі. Өз жалғыз келіп, қаншама адамға алданып, осындай дәрежеге жету оңай емес. Бейбіт – нағыз мықты, қайсар, батыр жігіт. Қазақтың туын көтеріп осы күнге дейін жүр. Жақын досым, үнемі ақыл көрсетіп отырады. Оның кішпейілділігі, батырлығы айтуға тұрарлық. Одан көп нәрсе үйренем.
Өз дайындығыңыз қалай? Қазақ жұрты Сізді де Головкин шыққан шыңнан да биіктен көргісі келеді...
Алла бұйырса барлық дайындығым жақсы. Жоғары деңгейде өтіп жатыр. Аяқты аспанға көтеріп жатқан жоқпын. Қан да, тер де ағып жатыр. Алла қаласа әрбір тамшы тер мен қан бекер ақпайды деп ойлаймын.
Қанша жыл спортта келе жатырмыз. Әрбір еңбектің текке кетпейтінін анық білемін. Алла бұйырса әлі талай қазақтың абыройын асқақтатамын деген сенімім мол.
Спортта бақ шаба ма, бап шаба ма? Алла тағала кейде екеуін де берсе, кейде біреуін беріп, біреуін бермейді. Өз-өзіңді қамшыла дегендей, қатты дайындалып жатырмыз. Қамшы қолда. Жауыр болғанша қамшылаймын өзімді. Шаба береміз басқа не істейміз?
Әрқандай кезде халқымның назарында болғаныма Аллаға шүкірлік айтамын. Ұлттың намысы, мемлекеттің абыройына тірелетін кездерде аянып қалмаймыз ғой. Қазақ деген Ұлы дала қожасының ұрпағы болғаныма шүкірлік етем. Шетелде көтеретін туым бар, арт жағымда елім бар тілекші болып отырған. Нәтиже бір күнде қолға келмейді. Бір өмірін бір жұмысқа арнайтындар бар. Өз ұлтыма азда болса жұмыс істеп жатырмын деп ойлаймын.
Болашақта бір қазақтың баласының чемпион болуына менде көмектесетін шығармын. Өз халқыңа пайдаң тигеннен басқа бақыт бар ма? Алда үлкен сын сағаттар күтіп тұр. Алла бұйырса соның бәрінен сүрінбей өту керек.
Марқұм қайтыс болып кеткен ұстазым «Қытайдың қызыл туын көтерсек те өз мақсатымызға жетуіміз керек» деп үнемі айтушы еді. Ал өз туымызды көтеріп, мақсатымызға жете алмасақ, ол бәрімізге сын.
Қазақ боксының қазіргі жайы туралы не айтасыз.
Бокстан Дохада өткен әлем біріншілігінде біздің қазақ жігіттері шаршап қалғандары көрініп тұрды. Өйткені, оның алдында ғана Азия ойындарынан 5-еуі чемпион болып келді. Бір үлкен жарыстан кейін екінші жарысқа барып үлкен нәтиже жарату қиын. Бірақ, бәрібір де біздің жігіттер мықты. Оларды қолдауымыз керек. Өйткені, спортшылар үшін әрбір жеңіліс ауыр тиеді. Спорттан кеткісі келеді, бүкіл елдің бетіне қарай алмай жерге түңіледі. Сондықтан, олардың алда тағыда жеңістер әкелетініне еш күмән келтірмеуіміз керек. Ол жерде Мырзағали Айтжанов, Нұрғали ағаларымыз бар. Яғни жаттықтырушылар да мықты. 2016 жылы өтетін олимпиадаға дейін тек қолдау керек оларға. Өйткені олар - қазақтың ең мықты боксшылары мен ең мықты жаттықтырушылары. Оларға сенім артуға тиіспіз.
Алла бұйырса келер жылы Олимпиадада жеңілген жігіттеріміз жарқырап шығады. Сондықтан оларды бірден даттауға асықпағанымыз жөн. Қазақстан боксында соңғы кездері бас бапкерді ауыстыру керек деген әңгімелер айтылды. Меніңше біздің қазіргі жігіттер жеңіске де, жеңіліске де шыдайтын, мойымайтын жігіттер деп ойлаймын. Қазақ боксына тек тақымды қысып отыра беріңіздер. Жеңіс – алда!
Әңгімелескен: Біләл Қуаныш