Алматыда әкім ауыса салысымен ескі әкім Ахметжан Есімовтың бұрынғы орынбасарлары да бірінен соң бірі қызметтерінен босады. Жаңа әкім Бауыржан Байбек аппарат жетекшісінен бастап, барлық орынбасарларын жаңалап алды. Есімовтің ескі колодасындағы лауазым иелері қайда кетті? Қызметсіз қалғандары бар ма? Соңғы тағайындауларға бір көз жүгіртіп өтсек.
2008 жылы Алматыға келгенде А. Есімовтың бірден қызметін жоғарылатқан адамы Ербол Шорманов еді. Қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасын басқаратын оны А. Есімов келе салысымен әкім аппаратының жетекшісі етіп тағайындады. Бір жылдан соң Ербол әкім орынбасары орынтағына ауысқан болатын. Бас қалада әкім ауысқанда ол Ахметжанның артынан кеткенді жөн санады. Бүгінде «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының, яғни, тағы да А. Есімовтың орынбасары. Алматыда жеті жыл әкімдік еткенде жанынан тастамаған Шорманның Ерболы Есімовке Астанада да серік болмақ.
Ахметжан әкімдіктен түсе сала қызметін өткізген шенеуніктің бірі – Сергей Куянов. Алып шаһар әкімінің кеңесшісі һәм баспасөз-хатшысы қызметін қатар атқарған С. Куянов мырза да А. Есімовтың етегіне оратылып Астана асты. Бұл мырзаның әкімдіктегі лауазымды қызметті соңғы екі жылда жергілікті «Алматы» телеарнасының басшылығымен қоса алып жүргені де көптің есінде. Сол кезде Куяновтың құқайын көрген бір топ журналист ұйымдасқан түрде телеарнадағы қызметтерінен өз еріктерімен шығып кеткен болатын.
Сонымен, Сергей мырза қызмет таппай сергелдеңге түсті дей алмаймыз. Ол бүгін – 2017 жылға дейін «хит-компания» мәртебесіне ие «Астана ЭКСПО-2017-нің» қоғаммен байланыс департаментінде директор.
А. Есімовтың орынбасарларының ішінде бір жалғыз әйел болған. Йә-йә! Ішкі саясат саласына жауапты Зәуреш Аманжолованы айтып отырмыз. Ол кісі де әкімдікте қала алмады. Бірақ, Б. Байбектің «Нұр Отандағы», яғни, партия қалалық филиалы төрағасының орынбасарлығына тағайындалды.
Әкім орынбасарлығынан соңғылардың бірі болып босаған – Юрий Ильин мырза айды аспанға шығарды десе де болады. Ю. Ильин мырзаның қала деңгейіндегі немесе әлдебір компаниялардың құрамындағы «кезекші» лауазымдарға емес, Ақордаға бірақ баруы, Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болып тағайындалуы әкімдік дәлізіндегі сәуегейлер де, көк базардағы көріпкелдер де күтпеген жағдай болған сияқты.
Енді ол жер-жердегі әкімдердің Елбасы тапсырмаларын орындау жұмыстарына бақылау жасайтын болады.
А. Есімовтің ескі орынбасарлары осындай қызметтерге жайғасты. Айтса да, қалалық әкімдікте қаржы саласына жауапты болған Мұрат Құдышевтың қайда тағайындалғаны әзірге белгісіз болып отыр. Ескі қызметіндегі есеп-қисабында қателіктер болмаса, көп ұзамай ол кісі де жайлы орындардың біріне жайғасар деп ойлаймыз.
Дархан Мұқан