Жол торып, өткен-кеткен жүргізушілерді бопсалаған екі полицей бейсенбі күні жемқорлыққа қарсы қызметтің құрығына ілінді. Тексеру барысында олардың бір күндік заңсыз табысы 500 мың теңге екені анықталды. Бұл туралы «Қамшы» порталы мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Жамбыл облыстық департаментіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
29 тамыз күні мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің жамбылдық департаментіне бір азамат әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін полицейлер өзінен 40 мың теңге ақша бопсалап жатқанын айтып шағымданған. Екі қолын ысқылап дайын отырған жемқорлықпен күрескерлер бұл іске дереу араласып, күдікті полицейлерді ұстаудың қамына кіріседі. Сол күні, жол-патрульдік полицияның аға сержант және сержант шеніндегі 2 қызметкері Хюндай маркалы автокөлік базасында жасалған «Автоураган» арнайы көлігінің салонында 30 мың теңге көлемінде пара алып жатқан жерінде қолға түсті.
Алайда, қос полицей де қулық-сұмдықтан құр алақан емес екен. Оңайлықпен беріспеген. Ұстау кезінде белсенді түрде қарсылық көрсетіп, арнайы машинамен оқиға орнынан тайып тұрған. Сөйтіп, Тараз көшесінде әдетте қылмыскерлердің ізіне түсуі тиіс полиция көлігі өзі қашып бара жатқан көрініс былайғы жұрттың таңдайын қаққызды. Көлікті тізгіндеген полицей қатты сасқалақтаса керек, біраздан соң рөлге ие бола алмай жол жиегіндегі арыққа түсіп кеткен. Тоқтап қалған арнайы көліктен полицейдің біреуі секіріп түсіп, жол бойында жайбарақат тұрған «Мерседес» маркалы көліктің жүргізушісіне тапанша кезеген. Сөйтіп, «полиция қуу» операциясы жеке меншік көліктің қатысуымен жалғасын тапқан. Алайда, көп ұзамай қос полицей де қолға түсті. Сөйтсе, екінші полицей бекерге ала шапқын болмапты. Қалтасынан тінту кезінде соңғы алған 30 мыңнан басқа 200 мың теңгеден астам ақша, қырғыз сомы, орыс рублі, тіпті еуроның бірнеше купюрасы, бірнеше адамның, оның ішінде Қырғыз Республикасы азаматтарының құжаттары тәркіленген. Ұсталған полицей бұл ақшалардың барлығы өзімнің жеке қаражатым деп ақталған. Қазір олар тергеу абақтысына жабылып, үстілерінен қылмыстық іс қозғалған.