Биыл Қазақстан халқы ассамблеясының құрылғанына 20 жыл болды. Аталған мерейтой еліміздің әр өңірінде жоғары деңгейде аталып өтілді. Алайда ұлтшылдар арасында әлі күнге дейін «Бізге Қазақстан халқы ассамблеясының керегі бар ма?» деген сұрақ жиі көтеріледі. Тіпті белгілі алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай «Еліміздегі Ассамблея екінші Үкіметтің рөлін атқарып отыр. Сондықтан да ол таратылмаса Қазақ елі толық тәуелсіздікке ие болмаймыз» деген пікірде.
Ұлтшылдардың наразылығына қарамастан Қазақстан халқы ассамблеясы өз жұмысын жүргізіп жатыр. Жүргізсе жүргізе берсін делік. Әйтсе де, аталған ұйым өзінің 20 жылдық тарихында Қазақ еліне қандай пайда әкелді? Мәселен, үлкен азаматтардың арасында қазақтың намысын жыртып, абыройын асқақтатып жүрген диаспоралар баршылық. Нақтырақ айтсақ, осы жылдың басында өмірден өткен Герольд Бельгердің орны қазақ үшін ерекше еді. Сондай-ақ, қазақ мүддесі дегенде алдына жан салмайтын Асылы Осман, Надежда Лушникова, Розақұл Халмұрадов сынды ондаған азаматтың атын атап, түсін түстеуге болады. Міне аталған азаматтар қазақ ұлтының мәселесін биік мінберлерден әрдайым көтеріп, үн қосып келеді. Ал жастар арасында Герольд Бельгер мен Асылы Османның ізін жалғастырып жүрген азаматтар бар ма? Бар болса кімдер?
Геннадий ГОЛОВКИН

Қазақ ұлтының намысын жыртып, абыройын асқақтатып жүрген жастар кім дегенде ең алдымен есімізге Геннадий Головкин түседі. Өйткені, ол кәсіпқой бокста алдына жан салмай, қазақтың туын асқақтатып жүр. Жалпы Геннадий Головкинның қарсыластарын бірінен кейін бірі жеңуі қазақтың рухын көтеріп, абыройын асқақтатуда. Оның үстіне ол әр кездесу сайын қазақтың шапанын иығынан тастамай, көк туын өзімен бірге рингке алып шығады. Бұл әрине оның қазақ ұлтына деген құрметі болса керек. Құрмет демекші Геннадий Головкин Қазақстан халқы ассамблеясының ХХ сессиясында «Сыртта жүргенде менен үнемі ұлтың кім деп сұрап жатады. Аталған сұраққа мен «Әкем – орыс, анам – кәріс, ал мен – қазақпын!» деп жауап беремін» деген еді. Кезінде талай рет ресейліктер Геннадий Головкинді өздеріне тартып, иемденгісі келді. Алайда Гена олардың әрекетіне жоғарыдағы сөзі арқылы нүкте қойды деп ойлаймыз.
Илья ИЛЬИН

Қазақ десе ішкен асын қоятын жерге қоятын азаматтардың бірі һәм бірегейі Илья Ильин. Өйткені, ол ұлт тарихында екі дүркін олимпиада чемпионы атанған алғашқы спортшы. Сондықтан да дүйім жұрттың Илья Илтинге деген құрметі зор. Өз кезегінде ауыр атлетте аянып қалмай, қазақ ұлтына ыстық ықыласын жеткізуде. Мысалы ол таяуда өткен анасының туған күнін қазақ тілінде құттықтады. Instagram әлеуметтік желісінде жарияланған құттықтауында
– Өз үйім, өлең төсегім» деген. Үйде түн ұйқысын төрт бөліп, аялы алақанымен әлпештеп өсірген анашым әрқашан мен үшін алаңдап, уайымдап отырады. Өйткені біз қанша ұлы болсақта, аналар үшін әрқашан бала боп қала береміз. Анасы бар адамдар, ешқашан қартаймайды. Анашым мен сені өте қатты жақсы көремін, – деп жазған.
Аталған жазба арқылы спортшы анасына да, Отанына деген де ыстық махаббатын көрсеткісі келген сияқты.
Максим РОЖИН.

Спортта ғана емес қазақ руханиятын көтеруде де алдында жан салмай жүрген жастар баршылық. Солардың ішінде Максим Рожиннің орны ерекше. Өйткені, ол қазақ тілін меңгеріп қана қоймай, оның түйткілді мәселесіне үнемі назар аударып отырады. Айталық, ол Максим Акимовтың «Көшпенді қазақ халқының ешқашан тұрақты мекені болмады. Орыс халқы Қазақстандағы алғашқы қалалардың негізін қалады. Сондықтан қазақ даласының «тарихи иесі» - қазақ емес, орыс ұлты. Ресейде Менделеев пен Ломоносовтар туылып жатқанда, қазақ малын бағып жүрді. Әлі де сол» деген мақаласына қарсы пікір білдірді. Ашығын айтқанда, Максим Рожинның «Акимовтың сандырағына айтарым» атты сараптамалық мақаласы қоғамда қызу қолдауға ие болды. Себебі ол сандыраққа салиқалы түрде жауап бере білді. Біздің пайымдауымызша ол аталған мақала арқылы қазақ ұлтының шынайы жанашыры екендігін дәлелдеді.
Максим СПОТКАЙ

Жаста болса бас болып жүрген жастардың бірі Максим Споткай. Павлодардың тумасы Омбыда қазақ тілінде шығатын «Замандас» газетінің бас редакторы болып отыр. Аталған басылым – Сібір жерінде шығатын қазақ тіліндегі жалғыз газет. Бұған дейін ол орыс тілінде шыққан басылым Максимның арқасында қазақ тілінде жарияланатын болды. Өйткені, Максимның газет шығару туралы идеясын «Шоқан жолы» қоғамдық бірлестігі мен Қазақстанның Омбыдағы консулдығы қолдаған.
– Бұл – Омбыдағы қазақ қауымына арналған мәдени-ағартушылық газет. Онда дәстүр, әдет-ғұрып, мәдениет сынды мәселелер қозғалмақ. Қазақ тілін үйренуге бір бет арнаймыз. Сосын Омбы облысында тұратын адамдар жайлы жазамыз, – дейді ол.
Максим Споткайдың Ресейге барып қазақ тілінде газет шығарып жатқаны құптарлық дүние. Сондықтан да алдағы уақытта Максимнен бұданда іргелі істер күтетін боламыз.
P.S. Жалпы «жастар арасында Герольд Бельгер мен Асылы Османның ізін жалғастырып жүрген азаматтар бар ма?» дегенде 4-5 жасты атын атаймыз. Бұл әрине аз. Біздің ойымызша мұндай жастар елімізден жүздеп, тіпті мыңдап шығуы керек. Ал Қазақстан халқы ассамблеясы би билеп, ән айтуға айрықша назар аудара бермей нақты әрекет жасауы керек.
Серік Жолдасбай
Астана