Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент Сенатынан Ұлттық банк төрағалығына Данияр Ақышевті тағайындауға келісім беруді сұрады. Бұл туралы «Қамшы» порталы хабарлайды.
Жоғары палатаның пленарлық отырысына ҚР-ы Президент әкімшілігінің жетекшісі Нұрлан Нығматуллин қатысқан. Елбасы Сенатқа үндеуінде «Бүгінде Банкке және ұлттық валютаға сенім кеміп отыр. Мұндай төменгі көрсеткіштерді жою бағытында жұмыс істеу керек. Ақышевтің білімі мен тәжірибесі оған осы тапсырмаларды орындауға мүмкіндік береді деп сенемін» деген.
Сенат депутаттары Данияр Ақышевтің кандидатурасына келісімдерін берді.
Данияр Ақышев 1976 жылы Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік басқару академиясының түлегі. Әр жылдары Орталық Азия қор биржасында экономист болып жұмыс істеген. 2007-2014 жылдар аралығында ҚР-ы Ұлттық банкі төрағасының орынбасары міндетін атқарған. Кейін Президент әкімшілігінде әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі, Президент көмекшісі лауазымдарын атқарған.