Бүгін Лондонда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ұлыбритания Премьер-министрі Дэвид Кэмеронның кездесуі өтуде. Бұл туралы «Қамшы» порталы хабарлайды.
Кездесуде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Дэвид Кэмеронның 2013 жылы Қазақстанға жасаған сапары екі жақты қарым-қатынасқа тың серпін бергенін атап айтты. Сонымен қатар, кездесу барысында қазақстандық делегация британдық әріптестерімен бірқатар келісімдерге қол жеткізгенін айтты.
«Менің осы сапарымның бағдарламасының күрделі болуы біздің елдер арасындағы байланыстың ауқымын білдіреді»,-деді өз сөзінде Президент Н. Назарбаев.
Дэвид Кэмерон да сауда-саттық, өнеркәсіп саласына инвестиция тартудан Қазақстанның нәтижелі жұмысына назар аудартты.
Кездесу барысында екі ел арасындағы өзара құқықтық көмек көрсету туралы келісімге, ҚР-ы Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі мен Ұлыбритания Министрлер кабинеті Хатшылығы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен корольдігінің Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесіне қатысуы туралы келісімге қол қойылды.
Жалпы, Елбасының осы сапары барысында білім беру, мұнай-газ саласына қатысты жалпы құны 5 миллиард долларға жуық келісім-шарттарға қол қойылады деп күтілуде.

Біләл Қуаныш
Лондон