Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Парижде іскер қауымдастық өкілдерімен кездесуі өтті. Бұл туралы «Қамшы» порталы хабарлайды.
Кездесуге бүгінде Еуропада «Франция өнеркәсібінің капитандары» аталып кеткен ірі-ірі 13 компанияның басшылары қатысты. Олардың ішінде Airbus, Alstom Transport, Vicat, Soufflet, Rothschild Group, Veolia Asia, Areva сынды әлемге әйгілі компаниялардың жетекшілері бар.
Елбасы кездесуге қатысушыларға Қазақстан туралы танытқан қызығушылықтары үшін алғысын білдірді.

«Ең алдымен барлықтарыңызға біздің республикаға қызығушылық білдіргендеріңіз үшін алғыс айтамын. Сіздердің араларыңызда Қазақстанда қазіргі таңда жұмыс істеп жатқан компаниялар да жеткілікті және олар біздің елдің ұзақ мерзімді даму перспективаларымен жақсы таныс», - деді өз сөзінде Н. Назарбаев. Қазақстанның табиғи ресурстарға бай мемлекет екенін, әлемдік дағдарыс салдарынан қосымша инвестициялар тарту мүмкіндігі қарастырылып жатқанын айтқан Президент француз кәсіпкерлері елге инвестиция құйса, олардың алдында жалпы халық саны 170 миллионнан асатын тұтастай Еуразиялық экономикалық одақтың нарығы ашылатынын жеткізді. Қазақстанда шетелдік инвесторлардың жұмысына мүмкіндіктердің молдығы мен мемлекет тарапынан жасалып отырған қолайлы жағдайға назар аудартты.
Сонымен қатар, Елбасы соңғы уақытта жүзеге асып жатқан біріккен жобалар туралы да сөз етті.

«Альстом» электровоздарын шығару, «Еурокоптер» тікұшақтары, «Пежо» мен «Ситроен» көліктерін құрастыру, күн батареясы, цемент шығару, «Данон» маркалы сүт өнімдері, тағы басқа жобалар сәтті жүзеге асуда», - деген Елбасы алдағы әріптестікке де үлкен сенім білдірді.
Сонымен қатар, Президент француз бизнесмендерін 2017 жылы Астанада өтетін ЭКСПО Халықаралық көрмесіне шақырды.
Айта кету, керек Елбасы кездесуге қатысқан 13 компанияның басшылары тарапынан қойылған сұрақтар мен өтініш-тілектердің барлығына өзі жауап беріп отырды.
Дәл қазіргі уақытта екі жақты келіссөздер барысында жалпы құны 1,5 миллиард АҚШ доллары болатын келісім-шарттарға қол қойылды.
Қазақстанда Францияның 24 компаниясы құны 2 миллиард доллардан асатын 14 жоба бойынша жұмыс істеуде. Алда тағы осындай 10 жоба іске қосылады деп күтілуде. Екі ел арасындағы тауар айналымы 6 миллиард доллардан асады.
Елбасының Францияға ел президенті Ф. Олландтың шақыруымен өтіп жатқан ресми сапары бүгін басталғанын естеріңізге саламыз.

Біләл Қуаныш
Париж