Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кеше Франция Президенті Франсуа Олландпен кездесіп, бірқатар мәселелерді талқылады. Бұл туралы «Қамшы» порталы хабарлайды.
Нұрсұлтан Назарбаевты Франциялық әріптесі екерше сән-салтанатпен қарсы алды. Елисей сарайында Франция Президентінің құрмет қарауылы мен оркестрі Нұрсұлтан Назарбаевқа үлкен құрмет белгісін көрсетті. Қос ел Президенттерінің кездесуі одан әрі сарай ішінде жалғасты.
Кездесу кезінде Қазақстан мен Франция Президенттерінің ауызша бірлескен декларациясы қабылданды, Францияның ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы туралы келісімге, ҚР ИДМ Аэроғарыш комитеті мен Францияның Ұлттық ғарыштық зерттеулер орталығы ғарыш саласындағы әріптестік туралы декларацияға қол қойылды. Сондай-ақ, екі ел білім және ғылым министрлігі арасында да бірлескен декларация қабылданды.
Сонымен қатар, Франсуа Олландтың Қазақстанға сапарында қол жеткізілген келісімдердің жай-жапсары да әңгімеге арқау болды.
Елбасы Н. Назарбаев Францияның Қазақстан үшін маңызды серіктес екенін және екі ел арасында бүгінгі таңда экономика мен саясаттың түрлі саласында терең түсіністік қалыптасқанын баса айтты. Өз кезегінде Франсуа Олланд та қазақ еліне деген ақ жүрегін ақтарды. Бүгінгі дағдарыс қиындықтары елдің әлеуетін арттыруға көмектессін деген тілектерін айта келе, Қазақстанның әріптестікті дамыту ұсынысы Францияның ниетімен үндес екенін жеткізді.
«Біздің амбициямыз жеткілікті. Сондықтан да Франция Қазақстан үшін әрқашан да ашық», - деді Франсуа Олланд.
Франция мен Қазақстан арасында бүгінде тығыз әріптестік қарым-қатынас орнаған. 2015 жылдың 1 тоқсанында екі ел арасындағы тауар айналымы 806, 6 миллион АҚШ долларын құраған. 2014 жылғы бұл көрсеткіш 5, 776миллиард долларға тең.
Біләл Қуаныш
Париж
Cуреттер Ақорда сайтынан алынды.