Бүкіл қазақтан «Ақ сарбас» айтып сүйінші сұрайтын күннің ауылы да алыс емес. Сүйіншілеп бастамай қайтеміз, қазақтың көші қайта жанданайын деп жатқанда!
Бүгін Парламент Сенаты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда талқылап, құжатты қабылдады. Бұл туралы «Қамшы» порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлайды. Ұлы көштің қайта жандануына себепкер болатын заң жобасы енді Елбасының қол қоюына жолданады.
Бұл заң жобасы бойынша қандастарымызға еліміздің кез-келген өңірінен оралман мәртебесін алу, шетелдік азаматтарға қарағанда төлем қабілетін растаусыз уақытша тұру ықтиярхатын алу мүмкіндігі беріледі. Ал, Үкімет белгілеген өңірлерге қоныстанған жағдайда қандастарымызға жеңілдіктер қарастыралады. Атап айтқанда, белгіленген өңірлерге барған этникалық қазақтардың көлік шығындарын өтеп, қызметтік баспана немесе жатақханадан бөлме беруді құрайтын әлеуметтік көмектер көрсетіледі. Бұндай әлеуметтік көмектер еліміздің бір өңірінен үкімет айқындаған екінші өңіріне қоныстанған қандастарымызға да беріледі. Қандастарымыз Қазақстан Республикасының азаматтығна тұрақты тұру ықтиярхатын алғаннан кейін бір жыл ішінде өтініш бере алады.
Бұл заң жобасына қатысты баяндама жасаған сенатор Ләззат Қиынов осы заңда еліміздің жоғарғы оқу орындарында оқып жатқан қандастарымыздың азаматтық алу тәртібі жеңілдетілетінін, Солтүстік өңірлерден білім алғысы келетін жастарға арнайы гранттар енгізлетінін, Қазақстан аумағында тұратын қандастар елден шықпай визаны создыру мәселелері де шешілетінін айтып өтті.
Параламенттың бір жыл бойы талқылап, қабылдаған заңы ел үмітін ақтайды деген үміттеміз. Көптен күткен ұлы той дегендей, көптен күткен заңның да іске асуына шамалы уақыт қалды. Қазақтың мына ұлы даласы қазаққа толмай, бабалар аңсаған толыққанды азаттыққа жетпесіміз анық. Аңсап жеткен азаттықты сақтап қалу әлемнің қай жерінде жүрс де бойында қазақтың қаны бар әр азаматтың міндеті. Еліміздің географиялық және саяси ақуалына қарар болсақ әр қазақ азаттықты сақтауды өз міндетіне алуы керек. Сол себепті, енді әр қазақ ерте бастан өз отанын тауып, оның ішінде белгіленген өңірлерге ат басын тірегені жөн. Еліміздің солтүстік өңірлерінде қазақтардың үлес салмағаның әлі күнге 40 пайызға жетпейтіндігін ескерсек, Солтүстік өңірлерге көшті бағытын бұру кезек күттірмейтін мәселе.
Естеріңізде болса, 2013 жылғы «Көші-қоны туарлы» заңның өзгерістерінен кейін қазақ көші тоқтап қала жаздап еді. Енді бұл заң жобасы қабылданса екі жаққа да тимді болар еді. Өйткені, қазақсыз Қазақстанның, Қазақстансыз қазақтың күні қараң. Шетелдегі қазақтар ассимиляцияланып кетпеуі үшін, елге келіп еліміздің қазақ ұлты аз шоғырланған орындарын қазақтармен толтыруы керектігі екі жақты қажеттілік. Бұл қажеттіліктің орнын толтыру үшін тек Елбасының заң жобасына қол қоюы ғана қалды.
Еліме жетіп ұлтан болуға да дайынмын деген қазақ, қамдана бер. Көп ұзамай Елбасы бұл заңға да қол қойып қалар. Сол кезде тағы бір сүйіншілейміз.
Тұрдыбек Құрметхан