ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі танымал "PornoMania" тобы қостанайлық прокурорлардың күдігін туғызған. Бұл туралы «Қамшы» порталы Қостанай облыстық прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Топтағы жазбалардың мазмұнын зерделей келе прокурорлар ол топты жабу туралы шешім шығарған.
«Топтың атауы және ондағы жарияланымдар порнографияны насихаттауға, оның ішінде балалар арасында таратуға бағытталғаны айдан анық. Топқа 494 жасөспірім тіркелген», - дейді Қостанай облыстық прокуратурасының баспасөз хатшысы Алма Нұрсейітова.
Топқа барлығы 40 мыңға жуық адам тіркелген, олардың ішінде мың жарымнан астамы қазақстандықтар, ал, 127-і балалар делінген прокуратура таратқан хабарламада. Топта жыныстық қатынас сахналанған порнографиялық бейнероликтер орналастырылған.
Прокурорлар әлеуметтік желідегі аталған топты кәмлетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстардың алдын алу шаралары кезінде әшкерелеген. Қазір басқа да осындай заңға қайшы интернет-қауымдастықтарды анықтау, бұғаттау жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Сонымен қатар, Бас прокуратураға интернет-ресурстардың меншік иелері және әкімшілерімен заңға қайшы контенттерді жою бойынша жұмыс жұмыс жүргізу туралы ұсыныс жасалған.
Жалпы, 29 қазан мен 5 қараша аралығында 1 миллионнан астам қолданушысы бар осындай барлығы 26 интернет-топ анықталған. Олардың ішінде 32 мың қолданушы – қазақстандықтар.