Теңге бағамының төмендеуіне байланысты ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Тұрсынбек Өмірзақов халыққа ақшаны доллармен сақтау туралы кеңес берді. Бұл туралы «Қамшы» порталы total.kz–ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ол тұрғындарға теңге тұрақсыз болғандықтан қаражатты еуромен және доллармен сақтаған абзал деген пікірде.
«Ақшасын ұзақ мерзімге сақтағысы келетіндерге қаражатын шетелдік валютамен сақтаған тиімдірек. Себебі, біз теңгенің тұрақсыздығына куә болудамыз. Біздің экономика шағын ғана болғандықтан, теңге біздің қаражаттарға кепіл бола алмайды. Сол себепті, мен мүмкіндік болса, қаражатты шетелдік валютада сақтаған жақсырақ деп санаймын. Ал қысқа мерзімді қаражатты теңгемен сақтай беруге болады», – дейді депутат.
Сондай-ақ, депутат Тұрсынбек Өмірзақов қазақстандықтарға барынша бизнеспен айналысуға кеңес берді.
Еске салсақ, өзге отандық саясаткерлер бұған дейін мүлдем басқаша кеңестер айтып келген. Мәселен, Ұлттық банктің бұрынғы басшысы Қайрат Келімбетов бірнеше рет тұрғындарды тек отандық валютада ақша сақтауға шақырған болатын. Тіпті өзі де тек ұлттық валютада ақша сақтайтынын алға тартқан еді.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Қуат Қожахметов те ақшаны теңгемен сақтау керек деген пікір білдірген.