ҚР-ы Парламент Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысы ардагерлерінің «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы, ақын Бақытбек Смағұл осындай ұсыныс айтты. Бұл туралы «Қамшы» порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Алматыдағы Б.Момышұлы атындағы республикалық әскери мектеп-интернатта батыр ескерткіш-мүсінінің ашылу салтанатына келген депутат Абай даңғылының Бауыржан момышұлы көшесімен қиылысқан тұсында ашылғалы жатқан жаңа метро стансасына Кеңес Одағының батыры, майдангер жазушы Бауыржан Момышұлының есімін беруді ұсынды.
Оның айтуынша, бұл ұсыныс егер оң шешімін табар болса, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай, Бауыржан Момышұлының ғана емес, сол сұрапыл соғыста қан төккен барша жауынгер ата-бабаларымыздың рухына жасалған зор құрмет болар еді.
«Бұл қадам сырт көзге сес, ал ұрпағымызға ес болар еді. Кезінде, 2010 жылы Халила Омаров екеуміз «Қазақтың Бауыржаны» деген деректі фильмді түсіру үшін Мәскеуге барған кезімізде Волоколамск қаласының әкімі Василий Шулепов: «Ұлы Отан соғысында миллиондаған жауынгер соғысты. Бірақ, қазақ халқының қайсар рухты ұлдарының арқасында фашистер Мәскеуді басып ала алмады», - деген болатын. Мәскеуде «Алматы» метро бекеті бар, ал, Алматыдағы жаңа метро бекеттерінің бірі «Мәскеу» деп аталды. Бұл, екі ел арасындағы достықтың алтын көпірі іспеттес. Сондықтан, достықтың шекарасында шек болмасын, арада өткен оқиғалардан кек болмасын, ұрпақ сабақтастығы жалғассын десек, жаңадан салынып жатқан метро бекетіне Бауыржан Момышұлының есімін берген жөн. Бұл ұсынысты Алматы қаласының әкімдігі құп көреді деген үміттемін», - деді Б. Смағұл.