Алматының бір топ тұрғыны қаладағы трамвай депосын жаппауды сұрап Президент атына жазылған петицияға қол жинауды бастады. Бұл туралы «Қамшы» порталы хабарлайды.
Петиция авторларының ойынша, қыркүйек, қазан айларында болған трамвай апаттары депоны жабу мақсатымен арнайы ұйымдастырылуы мүмкін. Бұрын ешқайда қағылмай-соғылмай жүрген көліктердің аз мерзім ішінде екі рет ірі апатқа ұшырауы олардың күдігін туғызған.
«Трамвай көлігін тоқтату үшін ақпараттық себеп керек болды және ол себепті осылай қолдан жасады» делінген петицияда.
Сондай-ақ, құжатқа қол қойғандар жергілікті басшылықтың трамвай жолаушылар тасымалдау жүктемесін шешпейді, жол қозғалысына кедергі келтіреді деген уәжімен келіспейді және Алматыдағы ауыр экологиялық жағдайда өте қажетті көлік деп санайды.
4 күн уақыт ішінде петицияға жүзден астам адам қол қойған.
Естеріңізге салсақ, 31 қазаннан бері Алматыдағы трамвай депосы уақытша жөндеуге жабылған болатын. Тұрғындар арасында депо территориясы сатылғалы жатыр деген де сыбыс тарап үлгерді.