Жаңа жыл мерекесіне дейін әлі екі айға жуық уақыт бар. Алайда, павлодарлықтар жаңа жылға дайындықты бастап кетті. Бұл туралы «Қамшы» порталы oinet.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл аралықта тұңғыш президент күні мен еліміздің ең ұлық мерекесі Тәуелсіздік күнін атап өтуі керек. Әйтсе де, Павлодар қаласының билігі жылдағы әдетіне басып, елден бұрын жаңа жылға қамдана бастады.
Болат Бақауов басқаратын Кереку шаһары биыл жаңа жылдық безендірулерге жұмсалатын қаражатын жария етіп үлгерді. Қаланың ішін түрлі әлем-жәлеммен безендіруге қырық миллионнан астам теңге жұмсамақшы. Бұл былтырғыдан 20 миллионға аз деп өздерін жұбатып отыр.
Естеріңізде болар, екі жыл бұрын Павлодар қаласы Қазақстан бойынша ең зәулім әрі ең қымбат шыршаны орнатып рекорд жасаған еді.
Екібастұз қаласының әкімі Александр Вербняк та әріптесінен қалар емес. Биыл олар бір миллион 99 мың теңгеге үш қуыршақ сатып аламыз деп конкурс жариялады. Сондағы миллионнан астам ақшаға алатындары үрлемелі Аяз ата, Ақша қар және маймыл қуыршақтар.
Соңғы жылдары оңтүстік өңір жаңа жылдық безендірулерді Тәуелсіздік мерекесінен кейін ғана бастайтын үрдіс шығарған. Оған еліміздің біраз аймақтары қосылды.