Әр президент өзі басқарып отырған мемлекеттің тұрақты болғанын қалайды. Ал, мемлекет тұрақты болуы үшін парсы патшасы Дарий айтқандай, бір тілділік пен бір дінділік қалыптасу керек. Тіл мәселесі өз алдына бөлек әңгіме. Ал, діни мәселе елімізде ушығып тұр демесек те ара-тұра «әттеген-айлар» кездесіп қалады. Өйткені, жаһандану заманында елімізге халықаралық құқықты желеу еткен көптеген ағымдар келе бастады. Міне сол діни ұйымдар аяғын алшаң басып, ойына келгенін жасап бағуда.
Мәселен, күні кеше Астанада «Блогодать» діни ұйымының белді мүшесі Ықылас Қабдуақасов сот залынан босатандыққа шықты. Судья оның кінәлі екенін дәлелдегенімен, оған не бәрі 7 жыл шартты мерзім кесті. Бұл деген сөз ол жазасын түрмеде емес, үйінің төрінде шалқасынан жатып өтейтіндігін білдіреді. Әйтсе де үкім бойынша Ықылас Қабдуақасовқа құзырлы мемлекеттік мекемеге хабарламай тұрғылықты жерін, жұмысын, оқуын ауыстыруға, мейрамхана сынды көңіл көтеретін орындарға баруға, шетелге шығуға тыйым салынды. Сондай-ақ, ол сот шығыны ретінде бар болғаны 149 мың 742 теңге төлеуі тиіс болды.
Осы ретте «Ықылас Қабдуқасовтың артынан шам алып түсетіндей ол не істеп қойды?» деген заңды сұрақ туындауы мүмкін? Нақтырақ айтсақ, оған «діни алауыздық туғызды» деген бап бойынша ауыр айып тағылып отыр. Өйткені «пірәдәр» жалға алған пәтеріне Еуразия Ұлттық университетінің студенттерін шақырып, Ислам дінін Мұхаммед пайғамбардың ойлап тапқан діні деп дәріс оқыған. Яғни, ол жастардың санасын улап, шоқындыруға әрекет еткен. Алайда сотталушы өзіне берілген 7 жылды тым қатал жаза деп отыр. Сондықтан да, адвокатпен ақылдасып әрі қарай арызданатынын мәлемдеді. Соны айтты да ол «10 жыл, тіпті 20 жыл берсін. Қазір бала-шағамды көргім келіп тұр» деп сақ-сақ күліп кетіп қалды.
Ықылас Қабдуқасовтың сақ-сақ күліп марқайатын жөні бар. Өйткені оның сөзін атағынан ат үркетін халықаралық ұйымдар сөйлеп, қызғыштай қорғап отыр. Міне сол халықаралық ұйымдар «Благодать» діни ұйымын басқарған Бақытжан Қашқымбаевтың да жеңіл жаза алуына түрткі болған еді. Айтпақшы Ықылас Қабдуқасов Бақытжан Қашқымбаевтың шәкірті екен. Демек ол «Шәкіртінен ұстазы озатынын» іс жүзінде дәлелдеген сияқты. Өйткені Қабдуқасов ұстазы сияқты 4 жыл емес 7 жылға шартты жазаға кесілді.
Жалпы шартты жазаны жеңіл жаза деп есептеуіміз тегін емес. Өйткені аталаған азаматтар 12 жылға түрмеге жабылған Саят Ыбырайға қарағанда әлдеқайда бақытты екен. Бірақ бір қызығы академик қазақ жастарын шоқындыруға емес, керісінше сопылық ілім бойынша білімін артыруға тырысқан болатын. Тіпті Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі «Біздің дініміз мұсылман. Сондықтан да біздің өз жолымыз бар. Өз жолымызға түсу үшін біз Қожа Ахмет Яссауидың іліміне табан тіреуіміз керек» деген болатын. Алайда біздің елде патшаның ұстанымы соттың ұстанымына қарама-қайшы болып отыр. Өйткені шоқынған қазақтың шоқтығы биік болып бостандыққа шықса, ал Саят Ыбырайдың түрмеде жатқанына 5 жыл болды. Жақында белгілі академик Асқар Жұмаділдаев Саят Ыбырайды бостандыққа шығу керек деп Үкіметке арнайы мәлімдеме жасады. Оның айтуынша академик мұсылман болғаны үшін түрмеде отыр.
– Қазір кітапты кім жазбай жатыр. Алайда Саят Ыбырай «Ақылсыз болса ғылым тұл» деген кітапты түрмеде жазды. Өйткені ол дінге сеніп, Абай Құнанбайұлын, Шәкәрім Құдайбердіұлын зерттеді. Сондай-ақ ол өзін Қожа Ахмет Яссауидың ілімін жалғастырушымын деп есептеді. Өкінішке қарай Саят Ыбырай түрмеде мұсылман болғаны үшін отыр. Ол ар-ожданның тұтқыны. Осыдан бір жыл бұрын Бақытжан Қашқынбаев деген пастор 4 жылға шартты түрде жеңіл жаза алды. Өйткені оның сотына Америка елшілігінің өкілі келіп қатысты. Қашқынбаевқа тағылған айып Саятқа тағылған айып сияқты болатын. Алайда олар шартты жазамен бостандыққа шықты да, ал Саят түрмеде отыр. Егер Саят мұсылман емес христиан болса бүкіл әлем шу шығарып оны босатып жіберер еді, – дейді Асқар Жұмаділдаев.
Асқар Жұмаділдаевтың ойынша сот академикті 12 жылға соттап әділетсіз шешім шығарған. Сондықтан да ол 5 жыл жазасын өтеген академикті бостандыққа шығару керек деп есептейді. Алайда Асқар Серқұлұлының мәлімдемесіне құзырлы орган құлақ түрмеді. Демек белгілі академик жазасын темір тордың ар жағында одан ары өтей бермек. Ал шоқынған Бақытжан Қашқымбаев пен Ықылас Қабдуқасов бостандыққа шығып, одан әрі үгіт-насихатын жүргізеді.
Серік ЖОЛДАСБАЙ
Астана
Пікір қалдыру