Жамбыл облысы Қордай аудандық сотында ісі қаралып жатқан Е. Тайшыбеков Қазақстан билігін күшпен басып алуға шақырғанын мойындады. Бұл туралы «Қамшы» порталы хабарлайды.
Сот отырысында төрт куәгерден жауап алынды. Олар – Астана қаласынан келген Мейрам Қанапиянов, Алмат Шалгарин, тараздық Омарбек Бейсалиев және алматылық Ботагөз Исаева. Олардың барлығы Е. Тайшыбековтің сепаратистік пиғылдағы жазбаларын көргендерін растады. Жауап алу кезінде айыпталушы Ермек Тайшыбеков өзінің әлеуметтік желіде жариялаған сепаратистік мазмұндағы жазбаларына байланысты түсінік берді. Атап айтқанда, ол «Қазақстанда билікті барлық мүмкіндікті пайдаланып, қажет болса күшпен басып алып, Ресейге беру керек!», «Менің атам, әкемнің әкесі 1937 жылы Кремль саясатына қарсы шыққан қазақ сепаратистерін атқан болатын. Мен де 2016 жылы немесе 2019 жылы Мәскеуге қарсы қолына қару алған қазақтардың көзін жоюға қатысуым мүмкін» деген посттар жазғанын мойындады. Ол бұл жазбаларды қазақтардың Ресей президенті Путинге бағытталған назары мен жеккөрінішін тек өзіне аудару мақсатында жариялағанын айтты.
Сонымен қатар, сот отырысында Е. Тайшыбеков «Нұр Отан» партиясының мүшелігі арқылы Сенатқа депутат болуды жоспарлағанын, бірақ партияластары оның бастамасын қолдамағандықтан партия қатарынан шығып кеткенін айтты.
Соттағы негізгі куәгер Ботагөз Зарқынқызы сот барысында Е. Тайшыбековке қолдау білдіргендердің болғанын айтады. Заңгер Андрей Свиридов пен Алматы облысы Үшқоңыр ауылындағы шіркеудің попы Қайрат Байгереев сотқа келіп, айыпталушы мен оның бауыры Марлен Тайшыбековке қолдау білдіріп, құқықтық кеңестерімен бөліскен. Тіпті, олар сот барысында Ботагөз Зарқынқызын шетелдік ұйымдардың қаржыландыруымен осындай дауға араласуда, тегіннен-тегін кез-келген адам сотқа шағымданып, мұндай бастама көтермейді деп айыптауға дейін барған.
Сондай-ақ, сот барысында куәгерлер Е. Тайшыбековтің әлеуметтік желі арқылы өздерінің отбасы мүшелеріне қоқан-лоққы көрсеткенін айтып шағымданды. Куәгер О. Бейсалиев Е. Тайшыбеков ұлын өлтірем деп қорқытқанын айтып, сотқа қосымша арыз түсірді.
Ботагөз Исаева да сот отырысында өзіне қарсы Ермек Тайшыбековтің бауыры Марлен Тайшыбековтің қоқан-лоққы көрсетуіне байланысты Қордай аудандық ІІБ-ге арызданғанын, біршама уақыт өткен соң сол полицияға өткізілген арыздың фотосуреттерін М. Тайшыбеков өзіне жібергенін жеткізді. Судья Қайрат Белгішев осы мәселеге байланысты жеке анықтама шығарып, куәгерге прокуратураға шағымдануға кеңес берді.
Ботагөз Зарқынқызы Тайшыбековтің қолдаушылары тарапынан да өзіне қарсы ақпараттық шабуылдың күшейгенін айтып отыр.
Е. Тайшыбековке қатысты келесі сот отырысы ертең, яғни 11 қарашада өтетін болды.
Дархан Мұқан
Пікір қалдыру