Күні ме едім ақпанның отызыншы, Енбей қалған ішіне күнтізбенің.

/uploads/thumbnail/20170708203234649_small.jpg

 

Асық жайлы

Ауыл жақты отырмын, досым, ойлап,
Тартып кетер едім-ай осы бойда-ақ.
Жиып қойып қаланың шаруасын,
Балалармен жүретін асық ойнап.

Ертіп алып бір-екі жолдасымды,
Топыраққа малып-ап қол-басымды,
Ауыл жаққа кетер ме-ем сақамды алып,
Құйып алып ішіне қорғасынды.

Қалада үнем жатады соттасып ел,
Жүргендеймін адасып жақта осы мен.
Атам да жоқ ауылда мені күткен,
Асық аршып отырар шаппасымен.

Асық атқан алаңсыз бал шағым-ай,
Уақытты артқа біреу кеп, қалса бұрай.
Асық көрсем, бұл кеуде, неге екенін,
Ауылға ауып тұрады аңсары ұдай.

Бұл қаланың ақшалы көп қулары,
Талай қудан жеңіліп, кеттім ары.
Надан көрсем алыстан адамға үрген,
Сақа болып атылғым кеп тұрады.

Адал болып қалу да қиын міндет,
«Арам» көріп нешеме күйіндім көп,
Қорғансыз боп қорланған кей асыққа,
Қорғасын боп салмақты құйылғым кеп...

Таға берсем қалаға мін көп өте,
Жақсылары жоқ емес құрмет етер.
Құлжа болар, ауылда емеспіз ғой,
Сақа болу қалада міндет екен.

Болмасты айтып таппаспын ашына түк,
Көп сөйлеуді тұрғам жоқ осы ұнатып.
Өмір атты ойынды қоя тұрып,
Ойнайық кел, кішкене асық атып.

 

Бойдақсыну 

Осы нені жатады тойлап күнде ел?
Дегенімен, жақсы ғой ойнап-күлген!
Қырық емес, қырық мың қадам аттап,
Қол ұстасып кетсем бе бойдақ күнмен?

Дүлділімін шапқанда бәйгенің мен,
Бұлбұл үнім шырқаса ай керілген.
Мұрт демесең, реңім бар әжептеуір,
Біржан салдан айтшы осы, қай жерім кем?

Байлық та жоқ, жүретін шашып қолдан,
Айлық та жоқ артылып, тасып толған.
Ғашық болсам отызда айып па екен,
Тоқсанында Жамбыл да ғашық болған?!

Жасырғанмен бола ма, о, тәйірі,
Сүрінбеспін, сезімнің жоқ айылы.
Махаббаттан көше алмай парасатқа,
Бойдақсынған жүректің сол айыбы.

Осы нені жатады тойлап күнде ел?
Дегенімен, жақсы ғой ойнап-күлген!
Бәйбішеден жасырын кеше, досым,
Осындай бір болмайтын ой бақтым мен.

 

28жас

Нені және білмедім, кімді іздедім,
Жалғыз жанған таңдағы жұлдыз ба
едім.
Күні ме едім ақпанның отызыншы,
Енбей қалған ішіне күнтізбенің. 

Жалғыз екем қорыта білгенім, тек,
Шай құйып жүр жанымда бір
келіншек.
Жыр ұқпайтын жандар да болады
екен,
Бірге жылап, болмас па ед бірге күлсек. 

Пері ме едім пенде емес періште ме
ем?
Сыймайм кейде жұрт сыйған кеңіске
мен.
Бір тәттіні аңсаймын – ел ішпеген,
Бір танысты күтемін – көріспеген. 

Шешіледі-ау жұмбағым соңында бар,
Күткенім һәм табылып, қолымды
алар.
Мендік қиял құрғақ ой, бірақ сенем,
Утопия да кейде орындалар. 

Кімді іздедім білмедім, нені іздедім,
Тереңдігі беймәлім теңіз бе едім?
Әлі қанша жоқ қуып үміт қылам,
Бүгін міне, жиырма сегіздемін.

 

 

ҒАШЫҚҚА ХАТ

Қалауын тапсаң жанады қар да,
Адамның ниет, талабы барда.
Жүрек жібітер таба алмай сөздер,
Жүдеп жүргенім саған ұнарға. 

Көтермес жүкті арқалап нетем,
Хат шықпай тәуір әртарап кетем.
Ойымды өзіңе зергері сөздің,
Жеткізер ме еді Мархабат(1) көкем. 

Шабыттанып құр, уа, не берем,
Поэзияның да құлагері емен.
Атымнан саған Әбілда(2) көкем,
Жазып берер ме ед, бір әдемі өлең.

Жазғандарын жұрт жақұт санаған,
Қайда жүр осы Бақытжан(3) ағам?
Өзіңді жырлар шабытынан сәл,
Бере тұрса ғой уақытша маған. 

Қалауын тапсаң жанса егер қарың,
Сөздерге тәтті тапшы емен, бар үн.
Әлемге сені мәшhүр ететін,
Өзім-ақ жазам жақсы өлең, жаным!
Қара да тұр… 

1) М. Байғұт - жазушы
2) Ә. Аймақ - ақын
3) Б. Алдияр – ақын

 

"Мен... Ол..."

Мен менсінбегем.
Ғашық болса алдыма келсін дегем.
Сұлуларды қос-қостан сүйіп жүріп,
Серілерден өзімді кемсінбегем.

Ол ғашық-тұғын.
Жеңе алмаған бойдағы жасықтығын.
Жырларымды жастанып жатады екен,
Көншімейтін көңілдің басып қылын.

Мен қарамағам.
Елжіретіп, жүрегін жаралағам.
Жауабымды берген-ем әспенсініп,
Құрбысы ма, араға салғанда адам.

Ол жылады, рас.
Баса алмастан сезімнің құмарын аш.
Өкіне ме жай-күйін білдіргенге,
Мен бар жерде қызарып, тұрады пәс.

Мен менмен боппын.
Оған аса ешбір мән берген жоқпын.
Қырандайын тәкаппар жерге түспей,
Мекендеппін арасын жер мен көктің.

Ол бой да жеткен.
Күйіп мендік аямас ойнап отпен.
Айналама зер салсам жалғыз екем,
Жанымдағы "сәнқойлар" қайда кеткен?

Мен қалдым жалғыз.
Дәурені өткен бүгінде салбыр жанбыз.
Бар ма, жоқ па, баяғы мені сүйген,
Үш жас кіші балауса, балдырған қыз.

Ол мың қыстығып,
Жүр ме деймін өзімді қылмысты ғып.
Таптым іздеп жақында, бәрі де бос,
Көрші ауылға кетіпті тұрмыс құрып.

Мен өкіндім, рас...

 

Түнгi қала

Түнгi қала. Қызыл, сары жанған шам.
Күз мезгiлi - керемет кез.
Аңғарсаң.
Төгiп жатыр жапырағын талдар сан.
Романтика!
Осындайда Сен болсаң.

Түнгi қала, күзгi қала, Шымқала.
Көше кезiп келе жатыр бiр бала.
Сол баланың көзi түстi Айға анау,
Сенiң ұқсап кетiп күмiс сырғаңа.

Бұл қаланың жылы - қоңыр күзi де,
Жылы және мейiрiмдi жүзi де.
Жұлдыздары сенiң мөлдiр жасыңдай,
Қуаныштан жатқанында үзiле.

Жапырағы құлағанда сүйiрлей,
Билеп түсер сенiң әсем биiңдей.
Тек, талдары, күздiң мына көңiлciз,
Сенi ансаған менiң жалаң күйiмдей.

Күздiң ешкiм айыра алмас еркiнен,
Жапырақтан тоқып жатыр жер кiлем.
Мына жарық күзгi түнге қарасам,
Сағынышым, Сенi көрем көркiнен.

 

 

Сары жапырақ

Сары жапырақ – сарғайған жүрек,
Келгендей ұшып шалғайдан жүдеп.
Тентек жел оның тағдыры шығар,
Араша сұрап талды айналды кеп. 

Сары жапырақ – тал мұңы бәлкім,
Неге онда жерде қалды бұл алтын?
Көнбеске бар ма шарасы шіркін,
(Таңдап алмаған тағдырын әркім.) 

Сары жапырақ, кәрі жапырақ,
Қартайды күз кеп тағы да атырап.
Бір кезде балғын жүрек-ед жасыл,
Жатқандай бүгін зарыға құлап. 

Сары жапырақ – өрнегі зерлі,
Айналды-ау тентек ермегі желдің.
Қыс келіп ертең қар асты оны,
Шірітер ащы кермегі жердің.

Сары жапырақ – дір етер қыз мұң,
Мен-дағы сондай суреті-ем күздің.
Алай да дүлей шыр айналдырған,
Тағдырымыз да бір екен біздің.

 

САЯБАҚТАFЫ БАҚЫЛАУ КАМЕРАСЫНАН РЕПОРТАЖ

Шуақ шашып тұрғандай бәдені шырай,
Мына қыздың, құдай-ау, әдемісін-ай.
Қазір ұқтым сұлулық немене екенін,
Неге керек екенін әлем үшін Ай. 

Белі қыпша көйлегі, жең ұшын бүрген,
Ақ тәніне құйғандай келісім кірген.
Осы ғана таңданып, түсінгендеймін,
Неге керек екенін жер үшін Гүлдер. 

Әлденені есіне ап бұлыңғыр дүзде,
Жымияды, көңілі тоқ сұлудың күзге.
Нұрландырып жіберер, түйгенім жаңа,
Неге керек екенін күлудің Бізге. 

Бақылаумен осылай, қаталап бір дем,
Ғашық етіп жіберді Ол матап ап бірден.
Сүйгім келді, түсінгім келмеді бірақ,
Неге керек екенін махаббаттың Мен.

 

Мұқағали Мақатаев мүсiнi маңында

Мыс алдында талай рет сыналды алтын,
Мін тағуға асылға құмар ма әркім?
Мұзартына қонғаны өлең-шыңның,
Мұзбалақтың айыбы шығар, бәлкім?! 

Мына дүние жалған ғой жалған десе,
Мәнзүр болмай көз шығы тамған кеше.
Мезгілінде оқ атар, 
мәңгілікке, –
Мүлгіп кетсең жыр арнар жандар неше. 

Махаббатшыл сезімнің дері көпті,
Музасын ақ өмірлік серік етті.
Марапатын көре алмай тірісінде,
Маңдайынан сипамай өмір өтті. 

Мейманы өмір бүгінде жаны азатта,
Марқайып жүр ме екен Ол ана жақта?
Мойығанда келмеске кетіп еді,
Мұң шағар жан болмады да қазақта.

Мұңын айтып, иілмес қайыңға асқақ,
Мақұл көріп, ақынның жайын растап,
Мың жапырақ жүректі талға айналып,
Мүмкін, жанын жіберді айырбастап. 


Мекен бе екен, жер деген оғаш талға,
Мекен бе екен көр деген? Ол аспанда!
Майгүлімен қарайды көктен кейде,
Мүшайрасында өзінің Таласқанға. 

Мыс алдында талай рет сыналды алтын,
Мін тағуға асылға құмар ма әркім?
Мұзартына қонғаны өлең-шыңның,
Мұқағали айыбы шығар, бәлкім?

 

 

Сүймеуді ақыры үйреніп те алдым

Сүймеуді ақыры үйреніп те алдым,
Айналдым жанға сезімсіз мүлде.
Күйінен шықтым күйреуік халдің,
Қалғанда жалғыз өзіңсіз бірде.

Жібіместейін жүрегім қатты,
Сағыну енді жат ұғым маған.
Әлеміңде мен мұң едім тәтті,
Қонақ екенмін шақырылмаған.

Ертеңді ойға алып, өкінбе бұрын,
Бақытты бүгін жанбыз білгенге.
Жалғызсың. Тыныш өтуде өмірің,
Айыққан дерттен жалғызбын мен де.

Жетілмей сезім түйнегі балғын,
Солып та жатыр қалың бау мына.
Сүймеуді сен де үйреніп алғын,
Үйреніп алғын сағынбауды да!

 

***

Төмпештеумен тамшылар шатырды мың,
Жауын жауып күзгi алғаш жатыр бүгiн.
Долы жел ғой, әйтпесе бұлттарды ала,
Батыс жақтан шұбыртып шақырды кiм?

Ала бұлттар шақырып, күзгi дауыл,
Жапырағын талдардың үздi жауын.
Қызыл-сары киiмiн шешiп тастап,
Жалаң қалды бақтары бiздiң ауыл.

Кеше ғана күз едi жауған алтын,
Кеше ғана кез едi аула жарқын.
Терезеден қарап-ем аспан жылап,
Ай тығылған, әйтеуiр, жаураған түн.

Қадалғандай содан соң көп тiкенек,
Мұздай ауа тамақты кеттi кенеп.
Тау жаққа егер қар түссе мезгiлiнсiз, 
Оңтүстiкке қыс ерте жеттi, демек!..

 

Алло...

Жаным-ау, жаны нұрдан, тәні гүлден,
Өзіңсіз қалмады өмір мәні мүлдем.
Сағынып, арпалысып сары мұңмен,
Қоңырау соғып тұрған тағы бұл мен!

Ұялың жатқан болар жаны шыға,
Көтермей қоясың-ау тағы, сірә?
Мен-дағы қасарысып қоймадым ғой,
Соншалық жерік пе едім дауысыңа?!

Жанымды малындырған жасқа менің,
Жүрегі ұялыңның тас па дедім.
Сеземін кеп тұрғанын сөйлескіңнің,
Әйтпесе, қайтарып та тастар едің.

Сөндіріп тастар едің немесе оны,
Соғамын. 
Бұл қоңырау деме соңы!
Сөйлескің келмесе егер, таста өшіріп,
Білмейсің, неге соны?

Жаным-ау, жаны нұрдан, тәні гүлден,
Қоңырау соғып тұрған әлі бұл мен!
Өтінем, о байланыс, сен де қосып,
Жіберші, тілдесейін аруыммен!

 

Қараша

Қараша айы, қара суық,
Қара жел тұр аласұрып.
Қарасырап тірлік көзі,-
Қарауытқан қар асынып. 

Қарасөзді есіп өлең,
Қарагеуім есінеген.
Қара-құра қарбаласқан,
Қара кеште кешіге ме ел... 

Қара ағашта салқын, кәрі,
Қара қарға қарқылдары.
Қарауылдап қойшы малын,
Қаралы мұң-зар тыңдады. 

Қараңғыны күткен бөрі,
Қарақшыдай тіктелді өңі.
Қарайлайды қора жаққа,
Қара жоны бүктелмелі. 

Қара албасты сұм реңді, 
Қара көбең іңір енді. 
Қара қағаз хат алғандай, 
Қаратау жақ күңіренді.

Қарабайыр ой алмасқан,
Қарабарқын боялды аспан.
Қарасырап тірлік көзі,-
Қалатындай оянбастан.

 

Қыз деген...

Қыз деген гүл - өсетін жүрегінде ердiн,
Қызғалдақтай кіргізер реңін жердің! 

Қыз деген жыр - сүйдіріп шайыр ететін,
Шабыт сыйлап қайғынды шайып өтетін! 

Қыз деген күн - жылытар, күлімдесе егер,
Жыламаса екен, ешқашан түңілмесе екен! 

Қыз деген түн - жұлдызды, айлы аспан жарық,
Періште боп түсіңе жайғасқан барып! 

Қыз деген бақ - бір қонар, ұшырып алма,
Қысып ұста уысыңды, түсіріп алма! 

Қыз деген пәк - танығай, сүйiнішім деп,
Қыз деген ол жаралған сүю үшін тек!..

***

Шыдатпастай құба қайғым,
Жалғыз қалдым, жұбат айдын,
Оралмады аққуым сол,
Лайлiсiндей Жұматайдың. 

Айдын көл-ау, бұл адами,
Жалғаны ғой, сiрә фәни,
Құсым қонса шақырарсың,
Музасымен Мұқағали. 

О, айдын көл, сенен ендi,
Кетем мен де, көне бергiн,
Сағына жүр бiзді мәңгі,
Сағынышымен Төлегеннiң. 

Толқисың ғой, қолқа салма,
Қала алмаймын мен қасыңда,
Мұңға шомсаң күй өтініп,
Домбыраңды бер Қасымға. 

Сенi аяп жас тамызар күн,
Сары уайымды сары жаңбыр.
Айдыныңды бұлт аймалап,
Оқып берер Мағжан жыр... 

Қош!!!

 

Өмір - Өлең 

(Қалам + Қағаз + Сөздер) = Өлең.
(Сұлу + Сезім + Көздер)= Өлең.
(Шабыт + Муза + Түндер)= Өлең.
Махаббатпен гүлдер егем.
Гүлдер өнер, кімге берем?

(Қалам + Қағаз + Сөздер) = Өлең.
(Көңіл + Қаяу + Кездер) = Өлең.
(Өсек + Реніш + Жылдар) = Өлең.
Жабырқаумен мұңдар егем.
Мұңдар төнер, кім бар елер?

(Қалам + Қағаз + Сөздер) = Өлең.
(Сауап + Күна + Безбең) = Өлең.
(Өмір + Ақын + Пенде) = Өлең.
Бір күндері мен де өлем.
Өлім келер, жерге де енем.
Жұмақта жан, көрде денем.

...Аллаһ Ұлы қаласа егер.
...Амалдарым жараса егер.

Фәни, Бақи арасы өлең.
Өмір - Өлең.

 

Сүйшi күздi

Неге екенi, қыздары бiздiң өңiр,
Желдi салқын сүймейдi, күздi қоңыр.
Көктеменi жүредi жырға қосып,
Үздiге бiр.

Содан кейiн жүрегi сыздар күздiң,
Мейiрiмге бөленбей мұздар жүз күн.
Жаурағыштау келедi, сондықтан да,
Қыздар бiздiң.

Телiп жатар гүл-қыздар күздi әрнеге,
Теңеулерiн естiсең, мұздар дене.
Күзгi бақтан сонда да шықпайсыңдар,
Қыздар! Неге?

Тыңдашы ару, атырап күйшiмiздi,
Қарашы ару, жапырақ бишiмiздi.
Мендiк мына жүрекпен күзге ғашық,
Сүйшi күздi!..
Күйшi күздi!
Бишi күздi!

 

 

Соңғы хат

Мен өзiңдi сағынғаным соншалық,
Қиялыммен сен тұратын мекенге,
Жатам ылғи жол салып.
Кейде қатты ойда ұйыктап кетем де,
Саған тиiс сезiмiмдi жүремiн,
Бiлдiрумен бөтенге.

Сосын бар ғой, аңсайтыным соншалық,
Қолдарыңды қолыма алып түсiмде,
Жатам сүйiп, тамсанып.
Айырылып сенен қалмас үшiн бе,
Елесiңдi кысам катты койныма,
Сиқырлы әлем iшiнде.

Қиял-түсiм, арман-мүсiн, ақ құсым,
Негiзiнде сен жайында түс көру,
Және, ойлау - таттi iciм;
Түс көрумен түн ұйқыны үш бөлу;
Шалдықтырып айкезбелiк дертiне,
Сағыныштан iшкен у.

Түсiмдесiң. Болмасаң да өңiмде,
Осы жазып отырған хат нешiншi?
Тоғызыншы кемiнде.
Осы жазып отырған хат - шешушi,
Жырым болсын саған жазған ең соңғы.
Кешiршi!

 

Жұмбақ қыздан хат келгенде

Хат жолдапты бiр жұмбақ қыз жақында.
Көшесiне пәленшенiң атында,
Кездесуге келуiмдi сұрапты,
Хатында.

Нақты айтпаған. Ұнатқаны белгiлi.
Күн сәрсенбi. Күтiп жүрмiн сенбiнi.
Асығыспын көктен жұлдыз жауардай,
Сол күнi.

Кездескiсi келген мына бiзбенен,
Қандай сұлу екен сонша iздеген?
Кездесуге бармағалы көп болған,
Қызбенен.

Уақыт, шiркiн, тоқтап қалар мұндайда,
Уағдаласқан көрiсер күн жүр қайда?
Хатын ашсам әрiптерiнiң үнi бар-
Бiр майда.

Оның жазу үлгiсiнде дәлелi,
Ғажап десем - табиғаты, әлемi.
Хатын ашсам қиылып тұр әр сөзi-
Әдемi.

Сауалы көп, жауап беру сауап-ты.
Көбiciне өзi берген жауапты.
Хатын ашсам сөйлемдерi сөйледi-
Сауатты.

Қиялыммен көздi осылай мұнарлап,
Көрiспеген жанға тұрмын жыр арнап.
Хатын ашсам - көркем сөздi әдеби-
Шығарма-ақ.

Хат егесi келер екен жақында,
Көшесiне пәленшенiң атында.
Жазушы қыз ұнатыпты ақынды,
Ол да ұнады ақынға.

 

Тәттіден еріп...

Тәттiден ерiп кетер бұл таңдай,
Тiл үйiрердей шекерсiң балдай.
Суреттегiдей сұлу ма жаның,
Өмiрде деймiн екенсiң қандай.

Құлын мүшең ғой - керiм де, бойлы,
Титiмдей мiн жоқ өңіңде, мейлi.
Санада бiр ой: тәнiндей жаны,
Сұлу да шығар өмiрде дейдi.

Суреттен көрiп шырын күлicтi,
Жағымды, сезем, жылуды тысқы.
Сендегi сыртқы сұлулығыңнан,
Асса ғой деймiн сұлулығы iшкi.

Сұрақтар бекер мына қойылған,
Бiлемiн, бәрi шығады ойымнан.
Жандүниең де - жақұтты, сенем,
Ақықтан өрген тұла бойыңнан.

Тәңiрiм бақ қып басыма менiң,
Жасаған деймiн асыра реңiн.
Хор қыздары кеп шақырсын, мейлi,
Өзiңе ғана асығар едiм.

Бақытың болар, не дейiн, өзге Ер,
Өзiңе барып келейiн, сөз бер!
Теңiң болмасам, кетейiн болмай,
Сұлулығыңды бiр көрейiн көзбен!

 

 

"...Алжасты ма, жаңбыр жауды бір күні..."
Ж.Сәрсек

НӨСЕРЛI ҚАҢТАР

Қыс емес пе? Ендеше, жаумай ма қар,
Анау тауға өң беріп, баурайға бар.
Бәрінен де бақтағы талдарды айтшы,
Жамылмаса ақ көрпе жаурайды олар!

Қазір қаңтар, жауып тұр жаңбыр неге?
Күбірлеп тұр бақта анау тал бірдеңе.
Көз алмауда алжасқан аспан жақтан,
Дірілдеумен жалаңаш салбыр дене.

Қара желді, нөсерлі, күн тұманды,
Қақпас желің талдарды сілкіп алды.
Қолшатырсыз малмандай болған бақтың,
Көк тұман да сүйкеніп шырқын алды.

Сан бұтақтар жалына құдайға енді,
Соққан желден иіліп құлай берді.
Жапырағын үзсе де күз келгенде,
Жек көрмеген шығар-ау бұлай желді.

Қаңтар биыл осылай жаудай төнді,
Мұздай тамшы тоқтамай саулай берді.
Көк аспан-ау, көрпесін берші баудың,
Қыс емес пе, ақ қарың жаумай ма енді?!

 

***

Өсек-аяңнан аман жүр едім,
Сөздерден ерген жаман жүдедім.
Бір-ақ қаңқу сөз жетеді екен ғой,
Ауырту үшін адам жүрегін.

Тапталып сосын көкке ұлып кетем,
Ақталып елге кек қуып нетем?
Өшігу үшін замандасыңа,
Ғайбат сөйлегені жеткілікті екен,

Жарылып кейде кетесің жаздап,
Шешеден сыбап, әкесін қозғап...
Заңға да бір күн демалыс болса,
Алатұғын бір, кек, өшімді аздап.

Өсекші жанға кім ерсін ездік,
Сыртымнан іштей күлерсің, сездік.
Маған біреуді өсектей көрме,
Мені де бір күн жүрерсің сөз қып. 

Ғайбат көлінде, ей, інім жүзген,
Сен де аулақ "қатын", пейілің бізден!
Мейірімсіз боп кетіп барамын,
Соғысам деп сан мейірімсізбен.

Сабыр!

Көңілсіздік - 1

Тағы да көңілсіздік,
Тағы да сол үнсіздік.
Өтуде қызық емес -
Өмірім өзіңсіз түк. 

Тағы да арайсыз күн,
Тағы да ақ Айсыз түн.
Мен жайлы сұрамаңыз,
Халіңіз қалай сіздің? 

Сіз дағы мұңлысыз ба,
Бағыңыз тұрғысыз ба?
Жүрсіз бе отырғызып,
Ақ үміт - гүлді мұзға? 

Мен дағы үмітсізбін,
Үмітсіз қызықсыз тым.
Әйтеуір соңыңыздан,
Барамын жүзіп сіздің. 

Тағы да көңілсіздік,
Тағы да сол үнсіздік.
Еңсем жүр көтерілмей,
Сезімсіз, өзіңсіз тік. 

Көңілсіздік...
Мазам жоқ өзіңсіз түк.

 

ӨЛIАРА

Қыс келерде, қоштасарда күзбенен,
Жапырақтар құлап бiткен шағында,
Қоштасканым және менiң сiзбенен,
Көз алдымда, жадымда. 

Күз қайтарда, қыс келерде ызғарлы,
Жiбердiм мен күзбен бiрге сiздi де.
Баса алмадық жаңа жауар бiз қарды,
Сала алмадық сол қарға аппақ iздi де. 

Ал, қыс болса, шаша бердi ақ мамығын,
Жаны бөлек! 
Мендiк мұңды ол сезбедi.
Күз де кеттi сыйлап маған сары мұң,
Сiзбен бiрге көздеп, бәлкiм, өзгенi? 

Әлi қайта көрермiн күз дегендi,
Ал, сiздi ендi екi талай көруiм.
Күзден налып, сiзден қалып, мен ендi,
Сағыныштың жұтар болдым сары уын. 

Сағынышпен өтер болды-ау жыл маздай.
Сары уайымды ғашыктан кiм жемейдi?
Сағынышсыз кетер ме едiм жыр жазбай, 
Сағынуда керек екен,
Е, мейлi!

Дәурен АЙМАНБЕТОВ

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар