Жоба арқылы жұмысын жалғастырады

/uploads/thumbnail/20170708203251384_small.jpg

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Маңғыстау облысындағы аймақтық филиалы «Жұлдыздарға қара» жобасының жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттады.
Жоба аясында мүмкіндігі шектеулі үш кәсіпкер өздерінің бизнес жоспарларын жүзеге асыруға гранттық көмек ұтып алды. 
– Елімізде «Құс жолы» қорының «Жұлдыздарға қара» жобасы Қазкоммерцбанктің қолдауымен 2005 жылдан бері жүзеге асып келеді. «Құс жолы» мен «Даму» қоры бірлесіп, жыл сайынғы өткізетін қа­йырымдылық конкурсының бірінші кезеңі бүгін қорытындыланып отыр. Бұл жоба белсенді өмірлік позициясы бар мүмкіндіктері шектеулі адамдарды қолдауға бағытталған. Жобаға қатысушы кәсіпкерлерге тегін, қайтарымсыз негізде гранттар беріледі. Өткен жылы жоба аясында 2 кәсіпкерге көмек көрсетілді. Биыл Маңғыстау облысы бойынша 5 грант қарастырылған, әрбір гранттың құны – 100 мың теңгеден бастап 300 мың теңгеге дейін. Сондықтан да біз бұл жолы келіп түскен өтініштерді қарап, жобаның бірінші кезеңі бойынша 
3 кәсіпкерді үздік деп таныдық. Жобаның екінші кезеңіне өтініш қабылдау ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен 9 қазанына дейінгі ара­лықта жүргізілетін болады. Жобаға мүгедектік тобы берілген, жеке кәсіпкерлікпен айналысатын немесе кәсібін жаңадан бастаған елі­міздің кәмелеттік жасқа толған азаматтары қатыса алады, – дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры Маңғыстау облысындағы аймақ­-тық филиалының директоры Берік Нұрғалиев. 
Биылғы жылы «Жұлдыздарға қара» жобасының бірінші кезеңіне мүмкіндігі шектеулі 7 кәсіпкер қатысқан. Арнайы құрылған қазылар алқасы олардың арасынан үшеуін жеңімпаз деп танып, грантты табыстады. Олардың арасында Қарақия ауданының тұрғыны, үшінші топтағы мүгедек Қонысбай Тілеуов та бар. Ол бүгінде ауыл жастарын қазақша күрестен жаттықтырып, чемпиондарды дайындап жүр. Одан бөлек 2002 жылы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Жігер» клубын құрып, тағдыр тәлкегіне түскен талай жанға қолдау көрсетуді қолға алған. Кәсіпкер болашақта мүмкіндігі шектеулі жандарға ар­налған арнайы спорт мектебін ашып, кәсібін өркендеткісі келеді. Жоба аясында кәсіпкерге велотренажер сыйға берілді.
– Мен мүмкіндігі шектеулі, алайда ертеңгі күнге деген сенімі мол, жігері мықты 20 жасты спортқа тәрбиелеп жүрмін. Олардың арасында құлағы естімейтін, көз жанарынан айырылған, аяғы, қолынан жара­қаттанған жандар бар. Олардың жетістіктеріне тоқталар болсам, жа­қында Павлодарда өткен параолимпидалық ойындарда жүгіруден қарақиялық Нұргелді Ағиев 3-орынды иеленіп келді. Одан бөлек 
Дулат Мұсабаев, Ислам Сандыбаев, Сағын Букеновтар стол тениссі, жеңіл атлетикадан өткен жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанып жүр. Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі жандар ауылдағы спорт мектебінің жанынан берілген залдарда жаттығады. Бүгінгі жоба аясында спорт залымызға велотренажер сыйға берілді, өте қуаныштымыз,– дейді үшінші топтағы мүгедек Қонысбай Тілеуов.
1999 жылдан бері тігін тігіп, арнайы тапсырыстар қабылдауды қолға алған Қарлыға Құдайбергенова да жоба аясында жеңімпаз атанғанына дән риза. Кәсіпкердің тігін шеберханасына грант қара­жаты есебінен оверлок машинасына табысталды. Екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі кәсіпкер Мұнайлы ауданы, Басқұдық ауылында тұрады. Ендігі кезекте кәсіпкер тапсырыстар бойынша алуан түрлі ою-өрнекпен бұйымдар тігіп, жұмысшыларының қатарын толық­тыр­мақшы.
Жобаның тағы бір жеңімпазы – Форт-Шевченко қаласының тұрғыны, үшінші топтағы мүгедек Айбек Бердіғұлов. Айбек – грант қаражаты арқылы алынған ноутбук және көпфункционалды прин­термен халыққа компьютерлік қызмет түрлерін ұсынуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар қосымша табыс ретінде кеңсе тауарларын сатуды да қолға алмақшы. 

Дереккөз: Айқын-ақпарат

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар