Атырау облыстық мәслихатының депутаттары аймақтағы үдемелі индустриалық-инновациялық даму бағдарламасы аясында облыстық бюджет есебінен қаржыландырылып, жүзеге асып жатқан жобаларды аралап көрді.
Атырау облысында Индустрияландыру картасы шеңберінде жалпы құны 1,6 триллион теңгені құрайтын 44 инвестициялық жоба іске асырылуда. Аймақ үшін ғана емес, тұтас еліміз үшін маңызды жобалардың қазіргідей нарық қыспағында жүзеге асуы ұтымды ұйымдастыру жұмыстары мен нақты шешімдерді талап етіп отыр. Осы тұрғыда облыстың депутаттары өзекті проблеманың алдын алуда өңірдегі жаңа жобалардың бағыты мен бағдарын, келешегін пайымдау үшін өндіріс орындарын аралап көріп, кәсіпкерлермен ашық диалогта болды.
Аймақ депутаттары жаңа жобалардың бүгінгі тынысымен танысуды алдымен өңір халқын құс еті мен жұмыртқасымен қамтып отырған «Алмалы құстың» фабрикасынан бастады.
«Алмалықұс» фабрикасы өңірдің құс өнімдеріне деген сұранысын толық қанағаттандыруға мүмкіндік беруде. Құс фабрикасы толық қуатына көшкенде жылына 30 миллион жұмыртқа өндіреді. Халық қалаулылары аталған нысанда болып, цехтардың жұмысымен танысты.
Құс фабрикасында Ресейдің Свердловск облысынан әкелінген германиялық «Хайсекс Уайт» тұқымды алты мыңнан астам балапан арнайы күтімге алынғанына жетпіс күндей уақыт болған. Енді фабрика мамандары олардың тоқсан күннен кейін алғашқы өнімін алуға дайындалуда.
Фабрика директоры Виктор Пацтың сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда мұнда тоқсанға жуық адам қызмет етуде. Ал олардың орташа еңбек жалақысы 55000-60000 теңгені құрайды. Фабрикада 175 мыңдай құс бар. Мамандар құстардан тәулігіне 90 мың жұмыртқа алып отыр. Мамандар құс фабрикасының төртінші цехы қараша айында іске қосылғанда балапандар саны 62 мыңға жетеді деп болжап отыр. Соның нәтижесінде, жаңа жыл қарсаңында өнім көлемін арттырып, тәулігіне 120 мыңдай жұмыртқа өндіріліп, тұтынушыға жеткізіледі.
Атыраулық құс фабрикасы өңірдің жұмыртқаға сұранысымен бірге, көршілес Маңғыстау облысын да жұмыртқамен қамтуды бір жүйеге қойған. Маңғыстаудың сауда нүктелеріне кем дегенде сұраныс бойынша 840 қорап жұмыртқа жіберіледі. Айтарлығы, демалыс күндері құс фабрикасы өз өнімдерін жәрмеңкелерге шығарып, 13 теңгеден сатып отыр. Жоғарғы сұрыпты жұмыртқаның салмағы 80-90 грамнан асады. Ал орта сұрып – 65-75 грамм.
Облыс депутаттары құс фабрикасын аралап көруде өнімдердің сапалығына, қолжетімді бағамен сатылуына риза болып, фабрика ұжымына нарықтың қыспағына төтеп беріп, аймақты құс еті мен жұмыртқамен қамтуда табысқа жетулеріне тілек білдірді.
Атырауда ет бағытындағы «бройлер» тұқымды тауық өсіретін құс фабрикасы жобасының жалпы құны үш миллиард жеті жүз миллион теңгені құрайды. Оның 1 миллиард 746 миллион теңгесі, яғни 49 пайызы жергілікті бюджеттен «Атырау» әлеуметтік корпорациясы арқылы қаржы қаралып, соның 85 пайызы игерілуде. Қазіргі таңда жылына 2600 тонна құс етін өндіретін «Мекен-Chicken» бройлер құс фабрикасының құрылысы жүріп жатыр.
«Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация» ұлттық компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы Абат Тасымовтың айтуынша, әріптестер өз есебінен 350 миллион теңгедей қаржы бөліп, қалған қаражатты екінші деңгейлі банк «Цеснабанк» АҚ-тан мақсатты несие алу арқылы қарастырылуда. Енді бұл мәселе шешілсе, қаржыландыру басталып, жұмысты бастауға мүмкіндік болады.
Бұл – облыста азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы маңызды жоба. Оның нарықтағы қиындыққа қарамастан жүзеге асуы облыстық мәслихат депутаттарын толғандыруында да өзіндік себептер бар.
Облыстық мәслихаттың депутаттық корпусы Атырауда құрылысы жүріп жатқан «Лумпан Каспиан Фармасьютикалс» ЖШС фармацевтикалық өнім шығаратын зауытта да болды.
Зауыттың құрылысы «Медицина» АҚ, «SAVA Healthcare» компаниясы, «Атырау» ӘКК» ҰК» АҚ, «Lifeline Fze» компаниясы, «ALIM COM» ЖШС қатысуымен жүруде. Жоба құны 3 миллиард 700 мың теңгені құрайды. Фармацевтикалық зауыт толық қуатына шығып, пайдалануға берілгенде, жылына 800 миллион дана дәрі, 300 миллион дана капсула, 78 миллион дана ампула мен 3 миллион бума жақпа май, 12 миллион құты ерітінді дайындап шығарады.
Халық қалаулылары бұдан басқа тұрғын үй комбинаты, көкөністерді консервілеу, шұжық өнімдерін шығаратын цех, мал жүнін бастапқы өңдеуден өткізуге арналған заманауи үлгідегі жаңа кешен және басқа да жаңа жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысып, олардың көкейкесті мәселелеріне назар аударып, орын алған проблемалар болса шешу жолдарына ықпал ететіндіктерін айтты.
Өңірдегі жобалардың аяқ алысымен, құрылысының жүру барысымен танысып шыққан облыстық мәслихат депутаттары Атырау аймағындағы іргелі жобалардың мұнайлы өңірде іске асуына Елбасымыз айрықша жағдай жасап отырғанын айтты. Бұл жобалардың қазіргі нарық қыспағына қарамай, өз қуатты күшімен толық пайдалануға берілуіне облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов те ерекше назар аударып отыр.
Дереккөз: Айқын-ақпарат
Пікір қалдыру