Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Ақтау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен жазба ақындар мүшәйрасы өтті. «Егеулі найза қолға алмай» деген атпен ұйымдастырылған жыр додасына қаладағы оқу орнының 15 студенті қатысты.
Шара мақсаты – Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеудің мәні мен бүгінгі таңдағы тарихи маңызын ашу, «Мәңгілік ел» мұратын жас ұрпаққа кеңінен насихаттау.
– Сонымен қатар шара батыр бабаларымыздың ерлік істерін және елдің бірлігін даналығымен ұйытқан би-шешендеріміздің отансүйгіш өнегесін жастарға үлгі ету мақсатында ұйымдастырылып отыр. Қатысушыларға қойылатын басты талап – қазақ елінің мәдениеті мен салт-дәстүрін насихаттау, дербес хандық құрып, білектің күші, найзаның ұшымен елдігін қорғап қалған бабалар ерлігін, бүгінгі тәуелсіздігімізді жырға қосу, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және өлең құдіреті арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру. Кең көлемде өткізілетін мұндай шараларға қала жастары белсенді түрде қатысатынын атап өткім келеді, – дейді Ақтау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Әлия Тоғызбаева.
Байқаудың барлық талаптарынан сүрінбей өтіп, қатысушылардың арасынан дараланып көзге түскен Ш.Есенов атындағы КМТжИУ-дің ІІ курс студенті Гүлден Өмірзақова бас жүлдені иеленді. Көпбалалы отбасында тәрбиеленген Гүлден қолына қалам ұстап, өлең жазуды мектеп кезінен бастапты. Алғашқы жыр шумағын анасына арнап жазып, кейін қалалық, облыстық, республикалық жазба ақындар байқауына қатысуды дәстүрге айналдырған. Ақтөбе қаласында өткен республикалық ғылыми жобада «Маңғыстаудың айтыскер ақындары» атты жобасын сәтті қорғап, екінші орынды иеленген.
– Облыс, республика көлемінде өткізілетін байқауларға үнемі белсенді түрде қатысып, қабілетімді шыңдап отырамын. Әртүрлі конференцияларда жиі баяндама оқимын. Бұл жолы байқау елімізде аталып жатқан мерейлі датаға арналғандықтан «Ер Төлеп» батыр жайында өлеңімді ұсындым. Байқау жеңімпазы атанғаныма өте қуаныштымын. Енді батыр бабамыз жайында үлкен мақала жазуды қолға алдым, сәтін салса, басылым беттерінде жарық көреді, – дейді Гүлден Өмірзақова.
Байқаудың қорытындысы бойынша жүлделі орын алған өзге де жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтар мен алғысхаттар табысталды.
Дереккөз: Айқын-ақпарат
Пікір қалдыру