Мұнайлы аймақ экологиясын «Эко-Техникс» реттейді

/uploads/thumbnail/20170708203253696_small.jpg

Облыстың оңды жобалары
Осыдан үш жыл бұрын Бақтықожа Ізмұхамбетов Атырау облысының әкімі болып тағайындалды. Сол күннен бастап жаңа әкім алдымен аймақтық идеоло­гиялық, сосын индустрияландыру бағы­тын жандандырды. Шыны керек, Бақтықожа Ізмұхамбетов Атырауға келгенде, облыста, облыс қана емес-ау республикада өндіріліп көрмеген өнімдердің шығарылуын жолға қойды.
«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Ұлттық қордан Атырау облысындағы 6,9 млрд теңгеге 32 жоба қаржыландырылды. Тізе берсек, осындай оңды істерді ай­мақтан молынан табамыз. Индустрия­ландырудың екінші бесжылдығында 3,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Осылайша, жалпы құны 1,5 трлн теңге болатын 13 жоба іске асты. 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индус­триялық-инновациялық даму мем­лекеттік бағдарламасының индус­трияландыру картасы шеңберінде Атырау облысында 2013 жылы жалпы құны 10,2 млрд теңгені және 282 жұмыс орнын құрайтын 7 инвестициялық жоба іске қосылған болатын. Соның бірі – «Эко-Техникс» ЖШС-ның мұнай қалдығын қайта өңдеу бойынша өндірісті жаңғырту жобасы. Бұл жобаның құны 508 млн теңгені құрады. Осы қаржының есебінен, қуаты 10 мың тонна болатын мұнай шла­мы өңделіп, бірқатар жаңа жұмыс орны ашылды. 
«Эко-Техникс» компаниясы аталған жобаны іске асыру барысында қал­дықтарды басқарудың жүйесін жетілдіріп, қызмет көрсетудің жаңа тәсілдерін енгізді. Экологиялық қауіпсіз техно­логияларды жолға қойып, жаңа жұмыс орындарын ашу және қоршаған ортаны ластауды болдырмау секілді мәселелер­дің шешімін тапты. Осылайша, компания өз кезегінде еліміздің орнықты дамуын қамтамасыз етудің маңызды құралы – «жасыл экономиканы» жандандыруға күш салды.

Биылғы жылдың басында Атырау облысы Жылыой ауданының Құлсары қаласында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мақсатында республикалық бюджеттен көлемі 96,2 млн теңгені құрайтын 3 жоба қаржыландырылған болатын. Үкімет үкілеген үш жобаның бірі – «Эко-Техникс» ЖШС-ның 12 мың текше метр мұнай қалдығын қайта өңдеу бойынша өндірісті жаңғырту жобасы болды. Осылайша, «Эко-Техникс» ЖШС өз жобасы бойынша жұмысты жалғастыру үстінде. 
«Эко-Техникс» – отандық компания
«Эко-Техникс» ЖШС – толықтай отандық компания. Компания Энер­гетика және минералды ресурстар министрлігінің тау мұнай химиялық өндірістерді пайдалануға, кен орын­дарында технологиялық жұмыстарды жүргізуге берген мемлекеттік лицен­зиясына сәйкес жұмыс істейді. Бүгінгі таңда компанияның жұмысы Атыраудан бөлек, Ақтөбе, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарындағы қалдық­тар­ды өңдеу саласында қызмет көрсететін мекеме ретінде серпінді түрде дамып келеді. 
Компания, негізінен, тасымалдау, құрамында мұнай бар қалдықтарды, бұрғылау қалдықтарын залалсыздандыру және қалдықтарды қайта пайдалану арқылы тазарту, мұнайдың жерге төгі­луінің зардабын жойып, экологиялық проблемаларды шешу секілді қызметтерді атқарады. Бұдан бөлек, компания клиенттеріне қалдықтарды залалсыз­дандыру және кәдеге жарату мәселелері бойынша консалтингтік қолдау көр­сетуде. Мекеме өз технологияларын үнемі жетілдіріп отырады, сол секілді қал­дықтарды залалсыздандыру және қайта өндеудің қолжетімді технологияларын қолдану, энергияның баламалы көзде­рін пайдалану, ластануды болдырмау және өндірістік пен экологиялық тәуекелдер­ді үнемі төмендету секілді қызметтерді өз мойнына алған. Аталған жұмыстардың бәрі де халықаралық және мемлекеттік стандарттарына сәйкес, бекітілген технологиялық регламент пен министрлік нұсқауына сай жүргізілуде. Сондай-ақ компания санитарлық-эпиде­мио­логиялық қызмет, мемлекеттік эколо­гиялық сараптама қорытындыларын да қаперінде ұстауда. Одан бөлек, кәсіп­орынның өндірістік қызмет процесінде қоршаған ортаны қорғау, еңбекті қорғау, сапаны сақтау және қауіпсіздік сала­сындағы заңнамалық талаптарды да орындап келеді. Әсіресе, қоршаған орта ластануын болдырмау – компанияның негізгі талабы. Сол себепті, осы бағыттағы залалсыздандыру және қайта өндеу технологияларын әрдайым жетілдіріп отыруға басты назар аударады. 
Компанияның әлеуеті жоғары
«Эко-Техникс» компаниясы бүгінде отандық нарықта көрсетілетін қызмет­терінің аясын үнемі кеңейтуге атсалысуда. Сондықтан да «Эко-Техникс» мекемесін жұмыстардың сапасын көтеріп, қал­дықтарды басқару аясындағы кешенді қызмет көрсететін алдыңғы қатарлы компания деуге толық негіз бар. Сондай-ақ аталған компания аймақтағы эко­логиялық мәселелердің оңынан ше­шілуіне жәрдемдесіп аймақтың лайықты дамуына өз үлесін қосуда.

«Бүгінде компанияның жұмыстар көлемі де жоғары әлеуетке ие болып келеді. Атап айтқанда, өндірістік қызмет аясында «Эко-Техникс» ЖШС «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ «Ембімұнайгаз» ӨФ бірқатар кен орындарының аумағын мазутпен ластанған топырақтан тазалау және техникалық рекультивациялау бойынша жұмыстар жүргізді. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-пен қамбаларды тазалау және бұрғылау шламын кәдеге жарату бойынша ұзақмерзімді ке­лісімшарт жасасты. «Атырау мұнай өндіретін зауыт» ЖШС-ның сарқынды суларды механикалық тазалау қон­дырғысының механикалық қоспаларын шығару және кәдеге жарату бойынша жұмыстарын атқарды. Сондай-ақ «Каспий мұнай» ЖШС-ның мазутпен ластанған топырақты шығару, «Теңіз­шевройл» ЖШС-ның мазутпен ластанған топырақты микробиологиялық әдіспен шығару және кәдеге жарату бойынша жұмыстарын жүргізді. Бұдан бөлек «Эко-Техникс» ЖШС мұнай қалдықтарын залалсыздандыру және іске асыру ісі бойынша «ҚазТрансОйл» АҚ БФ, «Қазақмыс Петролеум» ЖШС, «Матен Петролеум» АҚ, «ANACO» ЖШС, «МНСК СИНОПЕК Қазақстан» АҚ-тың Ақтау және Ақтөбе филиалдары, «Oil Services Company» ЖШС, «Meerbush» ЖШС, «Аби Петролеум Кэпитал» ЖШС, «Әскер Мұнай» ЖШС, «Каспиймұнай» АҚ, «ҚазМұнайГаз-Бұрғылау» СБК» ЖШС, «Норс Каспиан Ойл Девелопмент» ЖШС, «МНСК СИНОПЭК Казахстан» АҚ АФ, «Тандай Петролеум» ЖШС, «Ордабасы Мұнай Газ» АҚ филиалы секілді ірілі-ұсақты компаниялармен бірлескен жұмыс жүргізді» дейді «Эко-Техникс» ЖШС-ның директорының орынбасары Елена Қуатова.
Залалсыздандырудың үш әдісі
Бүгінде «Эко-Техникс» ЖШС-ның Атырау облысының Жылыой, Индер аудандарында, Ақтөбе облысының Мұ­ғалжар ауданында және Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында қал­дықтарды залалсыздандыру және кәдеге жарату бойынша жекеменшік алаңдары бар. Компанияда қалдықтарды залал­сыздандыру және кәдеге жарату бойынша жұмыстарды жүргізудің технологиялық регламенті қалыптасқан. Өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша нормативтік талаптарға сәйкес келетін қызметтерді көрсететін жабдықтар, қалдықтарды тиеу және тасымалдау үшін мамандандырылған автокөліктер және арнайы техникалар және қалдықтармен жұмыс істеу са­ласында арнайы дайындықтан өткен техникалық басшылардың және ма­мандардың білікті құрамы жасақталған. Компания қалдықтарды залалсыздандыру және кәдеге жарату бойынша техноло­гиялық процестер мұнай шығару және мұнай өндіру қалдықтарын залалсыз­дандыру бойынша 3 әдіспен жұмыс істейді. 

Оның біріншісі – физикалық-химиялық әдіс. Өнеркәсіптік қалдық­тарды залалсыздандырудың бұл әдісі қалдықтарды химиялық және тұтқыр реагенттерді қолданып қатайту әдісімен залалсыздандыруға негізделген. Негі­зінен, бұрғылау қалдықтарын (бұрғылау шламы, пайдаланылған бұрғылау ерітіндісі), мазутпен ластанған топырақты және мұнай шығаратын, мұнай өндіретін кәсіпорындардың технологиялық науаларын (мұнай шламдарын, әктасты шламдарды резервуарлардың түбіндегі тұнбалары, тазалау құрылыстарының тұнбаларын және т.б.) заласыздандыру бағытында қолданылады. Залалсыз­дандырудың бұл түрі Уфа мемлекеттік мұнай техникалық университетінен патенттелді. Физикалық-химиялық әдіс­пен залалсыздандырылған қалдықтар «Техногендік дисперсиялық топырақтар» деп аталады.Мұндай антропогендік қалдық топырақтарды жол-құрылыс материалдары ретінде пайдалануға болады.
Екіншісі – микробиологиялық әдіспен залалсыздандыру. Бұл әдіс түрі экологиялық қауіпсіз «Родотрин», «Бакойл» және «Нефтедеструктор-Казбио» биопрепараттарын қолдану арқылы жүзеге асады. Мұндай биопре­параттардың қоршаған ортаға зиян келтірмейді, көмірсутекті ластануды 80 пайыздан 99 пайызға дейін тазалай алады. Биопрепараттар табиғи және антропо­гендік экожүйелерде жарамды, оның мұнайды тотықтандыратын көмірсутекті тотықтандырғыш микроағзалардың бір тобы ретінде түсінуге болады. Микро­ағзалар мұнай қабықшасының қалын­дығына тікелей сіңіп, мұнайдың ерігіш және ерімейтін компоненттерін ірітіп жібереді. Қалдықтарды зарарсыз­дандырудың бұл түрі мұнай шығаратын, мұнай өндіретін кәсіпорындардың тех­нологиялық науаларын (мұнай шлам­дарын, әктасты шламдарды резервуар­лардың түбіндегі тұнбалары, тазалау құрылыстарының тұнбалары), құрамында мұнай бар қалдықтарды (мазутпен ластанған топырақ) тазарту мақсатында қолданылады. Залалсыздандырылған қалдықтар жер жабынының үстіңгі жағын, қосымша қабаттарды және бар­лық техникалық санаттардағы автомобиль жолдарының жол төсемі негіздерінің қабаттарын орналастыруға жарамды. 
Ал залалсыздандырудың үшінші әдісі термиялық әдіс деп аталады. Термиялық әдіс көбіне қатты-тұрмыстық, құрамында мұнайы бар резеңке қалдықтарын кәдеге жарату, пайдаланылған ыдыс, орауыш материал, фильтрлер, пластинкалар секілді заттарды залалсыздандыру кезінде қолданылады. 
Термиялық әдіспен залалсыздан­дырылған өнім «термиялық топырақ» деп аталып, қалдықтарға қосатын құрылым­дағыш ретінде пайдаланады. Оны жер жабынының топырағы ретінде және жолдарды салу кезінде бекітілген то­пырақтан жасалған негіздің қабаты ретінде де қолданады. Жалпы алғанда, залалсыздандыру нәтижесінде алынған өнімдер автомобиль жолдарының жол жабынын төсеу, топырақтың бүлінген құнарлығын рекультивациялау, ішкі кәсіптік жолдар үшін және аумақтарды көгалдандыру кезінде құрылыс мате­риалдары ретінде пайдаланылады. Мұндай өнімдер санитарлық-эпиде­миологиялық талаптарға, қауіпсіздік пен сапа саласындағы талаптарға сәйкес келгендіктен, оны құрылыс материалдары ретінде пайдаланылуға рұқсат берілген.
Ал қалдықтарды кәдеге жарату кезінде «Эко-Техникс» ЖШС қатты тұрмыстық және өнеркәсіптік, соның ішінде құрамында мұнай бар қалдықтарды құртуға арналған ресейлік «Форсаж-2М» қондырғысын қолданады. Аталған қондырғы пайдаланылған фильтрлер, қатты-тұрмыстық қалдықтар, майлы шүберектер және жоңқалар, қағаз бұ­йымдары, құрамында мұнай бар қал­дықтар, пайдаланылған ыдыс және орауыш материал, басқа да жанғыш материалдарды әп-сәтте жағып жібереді. 
«Эко-Техникс» ЖШС-ның «Форсаж-2М» қондырғысынан басқа да өндірістік-техникалық базасы жетерлік. ҚР «Қауіпті өндірістік объектілердегі өнеркәсіптік қауіпсіздік туралы» заңына сәйкес бірнеше техникалық құрылғыларды қол­дануға рұқсат алған. Олардың қата­рына қалдықтарды физикалық-химиялық әдіспен залалсыздандыру және кәдеге жаратуға арналған италиялық мобильді араластырғыш кешендері, DOP-160 типі гидравликалық жетегі бар «Desmi» бұрғылау ерітінділерін, мұнай шламдарын айдау үшін бататын даниялық бұрандалы сорап, Ресейде шығарылған УМҚ-1 әмбебап және «Спрут-2» (скиммер) мұнай жинағыш құрылғылары, Дизель-гидравликалық май сорап стансалары, түркиялық «GVP 226» дизель-генератор­лары және қалдықтарды кіріс бақылауды жүргізуге арналған отандық «Палуан» электрондық автомобильдік таразылары.
Компанияға қарасты автокөліктер «Қауіпті жүк» белгісімен және GPS-навигаторлармен, автокөліктер ұшқын өшіргіштермен, өрт сөндірудің алғашқы құралдарымен, қалдықтарды тиеу кезінде жүріп кетуді болдырмайтын табандық­тармен және «Авариялық тоқтау» белгісімен жабдықталған. Жүргізуші­лердің барлығының да қауіпті жүктерді тасымалдау бойынша жеткілікті жұмыс тәжірибесі бар. Компания қызметкерлері еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы және қауіпті жүктерді тасымалдайтын көлік құралдарының жүргізушілерін даярлау бойынша сертификаттарға ие болған.
Түйін
«Эко-Техникс» ЖШС сондай-ақ Уфа мемлекеттік мұнай техникалық университеті (УММТУ), ҚР БҒМ Ғылым комитетінің «Биотехнологиялардың ұлттық орталығы» РМК «Экологиялық биотехнологиялар» филиалы, «ҚазЭкоБиоЖүйе» ЖШС секілді ғылыми ұйымдармен селбесе жұмыс істеуде. Аталған ғылыми мекемелер арқылы құрамында мұнай бар және мұнаймен ластанған қалдықтарды залалсыздандыру және кәдеге жарату бойынша өзіндік технологиялар әзірленіп, патенттелген. Компания 2009 жылы бірқатар халықаралық стандарттарына сәйкес менеджменттің интегралданған жүйесін енгізді. Ал 2012 жылы енгізілген стандарттарды қайта сертификаттады.
Бүгінде компания «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» Акционерлік қоғамына қарасты компанияларға қызмет көрсетуде. Осылайша, отандық компаниялардың еңбегін еселеп отыр. Бизнестегі әлеуметтік жауапкершілігі үшін былтырғы «Парыз» байқауының «Экологияға қосқан үлесі үшін» аталымының жеңімпазы атаған.

Дереккөз: Айқын-ақпарат

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар