Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжановтың Болгария Халықтық жиналысының (Парламент) төрайымы Цецка Цачевамен кездесуі өтті.
Кездесуге Мәдениет және спорт вице-министрі Ғалым Ахмедьяров, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Олег Дымов, Парламент Мәжілісі Әлеуметтік-даму комитетінің төрайымы Гүлнар Ықсанова және Парламент Мәжілісінің депутаты Наталья Калашникова, Қазақстан мен Болгарияның мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты.
Болгариялық делегациямен кездесу барысында этносаралық татулық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі таныстырылды. Е.Тоғжанов шетелдік қонақтарды ҚХА-ның құрылу тарихымен, конституциялық мәртебесімен таныстырып, этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайту бойынша алда тұрған міндеттер мен жүргізіліп жатқан жұмыстар, ҚХА-дан сайланған депутаттардың жұмысы, халықаралық ынтымақтастық туралы біраз мәліметтерден хабардар етті.
Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылап, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Болгария Республикасы Мәдениет министрлігінің арасында мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
«Болгария Республикасы – біздің дәстүрлі әріптесіміз. Мұның айғағы ретінде болгар тарапының қазақстандық бастамаларға, соның ішінде Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығына, Дүниежүзілік сауда ұйымына өтуіне, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарғы тұрақты емес мүшелігіне және Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу тапсырысына қолдау көрсетуін атап өтуге болады», – деді Ғалым Ахмедьяров.
Мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы келісім тарих және мәдениет ескерткіштерін сақтау, жаңғырту және консервациялау саласындағы екіжақты байланыстарды дамытуды қарастырады. Сондай-ақ, Қазақстан мен Болгария кітапханалары, мұражайлары, кино өнері мен концерттік қызмет ұйымдары арасындағы әріптестік қатынастарды өрістете түсуді көздейді.
Сонымен қатар, келісімге сәйкес, мемлекеттер бір-бірімен екі жақтың мүдделеріне тиесілі ақпараттарымен алмасып отыратын болады. Тараптар келісімге қол қою екі мемлекет халықтарының арасындағы достық қарым-қатынастарды күшейту мен дамытуға жаңа серпін беретіндігіне сенім білдірді.
Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының Бейбітшілік және келісім сарайындағы көрме павильонына болгар ұлттық костюмі сыйға тартылды.
Дереккөз. Егемен Қазақстан