Басты назарда – жұмыс сапасы

/uploads/thumbnail/20170708203349181_small.jpg

Бүгінде елімізде «Нұрлы Жол» бағдарламасы шеңберінде он ірі автомобиль жолы құрылысы жобасы жүзеге асырылуда. Соның екеуі Орал өңірі аумағына тиесілі. Бұл Орал – Тасқала – Ресей Федерациясы және Чапай – Жалпақтал – Қазталов – Ресей Федерациясы республикалық және халықаралық маңызы бар автомобиль жолы құрылыстары. Аталған жобалардың басты ерекшелігі бірінші кезекте қауіпсіздік деңгейін сақтауға ұмтылу болып табылады.
Бүгінде қалааралық және ха­лықаралық жол дәліздеріндегі апат­тар негізінен қарама-қарсы келе жатқан көліктердің бір-біріне соқтығысуы салдарынан орын алуда. Өйткені, ені тар жолдар олардың озып кету кезіндегі оңтайлылығын шектейді. Ал жоғарыда аталған жол құрылыстары аяқталғаннан кейін мұндай апаттардың болу мүмкіндігі мүлдем азаяды деп күтілуде. Қайта жаңғырту жұ­мыстары кезінде жолақтың жеті метрден тоғыз метрге дейін, ал жол төсенішінің он екі метрден он бес метрге дейін ұзаруы назарда ұсталуы осы сөзіміздің дәлелі. Тек осындай жағдайда ғана жолда үшінші санаттан екінші санатқа ауыса алады. Сонымен бірге жол­дардың ауыр салмақтағы көліктерге төзімділігі 6 тоннадан 13 тоннаға дейін жетеді.
Осы арада облыста жүргізіліп жатқан қайта жаңғырту жұ­мыс­тарының тағы бір ерекшелігін айта кеткен жөн. Бұл Ресеймен шекарадағы бекеттердің өткізгіш қабілеттерінің арта түсуі болып отыр. Осы үрдісті одан әрі жалғастыру бағытында алдағы жылдардан бастап аталған бекеттерде он жолақ болуы белгіленген. Халықаралық нормативтер мен стандарттарға сәйкестік дегеніміз де дәл осы болып шығады. Екін­шіден, автожолдардың қайта жаңғыртылуы ел ішіндегі авто­көліктердің ағынын көбейтеді. Со­нымен бірге, қазақстандық ­тауар өндірушерінің экспорттық әле­уетін кеңейтеді. Ең бастысы, жол бойында әлеуметтік инф­ра­құрылымдар пайда болып, бұл арада халықты жұмыспен қам­тудың жаңа мүмкіндіктері ашылады.
Материалымыздың тақыры­бына шығарып отырғанымыздай, бүгінгі әңгімеміздің басты өзегі – жол құрылысы сапасы. Төсемдер технологиясы мен геометрия­лық параметрлерде белгіленген нор­­­­­­ма­тивтерге сәйкестігі. Бұл бағытта Инвестициялар және даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті «Батысжолзертханасы» республикалық мемлекеттік ме­кемесі тиісті бақылау жұмыс­та­­рын атқарып келеді. Әдетте, жол құрылысы үшін ең алдымен жол құрылысы материалдары әзірленеді. Өйткені, материал сапасыз болса, қалғанынан не үміт, не қайыр? Ең соңында бұл құрылыс әзір нысан қатарына енгізіледі. Аталған мемлекеттік мекеме мамандары осы үдерістердің бә­рі­не қадағалау жүргізеді.
– Әрине, аталған нысандардың сапалы жүргізілуін бақылау барысында технологиялық және өндірістік ақаулар кездеспей тұрмайды. Сондай-ақ, жұмыс жобалары мен нормативтік құ­­жат­тарда да көптеген ауыт­қушылықтар кездесіп тұрады. Тіпті, бұлай болуының өзі өн­ді­рістің жазылмаған заңы деп те түсінуге болады. Соған сәйкес біз бақылау және сұрыптау актілерін жасаймыз. Зертханалық сараптамалар мен сынақтар жүргіземіз. Оның нәтижелеріне сәйкес әзір­ленген ұсыныстарды тапсырыс беруші мен инженерлік қызметке жібереміз. Осы талаптарға байланысты мердігерлер көрсетілген ақауларды кідіртпей жоюға тырысады, – деді газет тілшісіне «Батысжолзертханасы» РММ-нің басшысы Жасқайрат Ғаббасов.
Біз жоғарыда жол құрылысы ма­териалы болашақ жол құ­рылысының басты сапалық өл­шемін анықтай алатын өндірістік баға жетпес құндылық екенін айтқан едік. Осы орайда «Батыс­жолзертханасы» РММ жергілікті шикізат қорлары ресурстарын тиімді пайдалана білудің ғылыми тұжырымдамасын жасағанын да айта кеткен жөн. Бұл өндірістік жа­ңалық құрылыс материалдары саласындағы жаңа технологияларға арқа сүйейді. Әрі бұл технология құрғақ ғылыми тұжырымдама түрінде қалып қоймай, өндіріс пен жол құрылысына енгізілетінімен құнды деп білеміз.
Бұл карбонатты шламнан алынған минералды және ком­позиттік материал болып отыр. Осылайша Оралдағы мемлекеттік мекеме республикалық және жергілікті автомобиль жолдары құрылысы мен оны жөндеу жұмыстарына қажетті жергілікті материалды өндіріске әзірлей алды. Бүгінгі күні карбонаттық бұрғылау шламының мемлекеттік стандарт талаптарына сәйкес екен­дігі анықталып, оны асфальт-бетон қоспасы құрамына қосу ісі қарастырылған. Осылайша, оның қажетті құрамы әзірленген. Аталмыш асфальт-бетон қоспасы үлгілеріне зертханалық сынақтар жүргізіліп, оң нәтижелер көр­сеткен.
Бұдан үш жыл бұрын облыс аумағындағы Достық ауылына кіреберіс автомобиль жолы учас­кесіне 146 метр эксперименттік ас­фальт-бетон жамылғысы төселді. Оның биіктігі бес сантиметр, ені алты метрді құрайды. Кейінгі жүргізілген зерттеулер мен тексерулер эксперименттік жа­бынның телімінде шұңқырлар мен қабыршақтану секілді ақаулар орын алмағанын көрсетеді. Тек азын-аулақ көлденең жарықтар ғана байқалған. Мұның өзін өңір­дегі барлық автомобиль жолдарына тән көрініс пен ақау екенін ескерсек, аталған материалды автомобиль жолы құрылысына жаппай енгізуге болатындығы талас туғызбайды.
Сонымен, биылғы жылы Ақ­сай – Приуралье автомобиль жолының 4-5 шақырымында да термохимиялық өңдеуден кейінгі карбонатты бұрғылау шламы қолданылған. Бақылаулар барысы материалдың нығыздалу қасиеті жақсара түскенін ай­ғақ­тайды. Әрі шикізатқа пай­даланылған қиыр­шық тастың шығыны да едәуір азайған. Міне, «Батыс­жолзертханасы» РММ-нің жол жабынының тиімді құрылымын қалыптастырудағы қол жеткен табыстары осындай. Бұл еліміздегі жол құрылысы жобаларының өзіндік құнын төмендетуге септігін тигізетіні анық.

Дереккөз: егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар