Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2015 жылғы 13 қарашадан бастап, «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» монеталар сериясынан номиналы 500 теңгелік, «рroоf» сапалы күмістен және номиналы 50 теңгелік нейзильбер қоспасынан «М. Ғабдуллинге 100 жыл» ескерткіш монеталарын, сондай-ақ номиналы 500 теңгелік, «рroоf» сапалы күмістен Еуразиялық экономикалық одақтың жұмыс істеуіне бір жыл толуына арналған «Еуразиялық экономикалық одақ» ескерткіш монеталарын айналымға шығарады. Бұл туралы «Қамшы» порталы ҚР Ұлттық банкі баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Еуразиялық экономикалық одақ» ескерткіш монеталары Еуразиялық экономикалық комиссиясының Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде Одақтың бір жылдығына ескерткіш монеталарды қатар шығару жөніндегі ұсынысына сәйкес дайындалды. Монетаның сырт жағы тампобасуды қолдана отырып орындалған.
Монеталардың бет жағында (аверсінде) орталық бөлігінде мемлекеттік тілдегі «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ», монета дайындалған металды, оның сынамын және массасын білдіретін «Ag 925 31,1 g», орыс тіліндегі «РЕСПУБЛИКА КАЗАХСТАН» деген жазбалардың және ұлттық ою-өрнек қоршауында Қазақстан Республикасының елтаңбасы бейнеленген. Төменгі бөлігінде монетаның номиналын білдіретін «500 ТЕҢГЕ» деген жазба, жоғары бөлігінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің логотипі орналасқан.
Монеталардың сырт жағында (реверсінде) орталық бөлігінде тампобасуды қолдана отырып орындалған мемлекеттік тулардың және ЕАЭО-ға қатысушы елдердің ұлттық ою-өрнектерінің қоршауында Еуразиялық экономикалық одақтың логотипі бейнеленген. Айналдыра мемлекеттік тілде «ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚ», орыс тілінде «ЕВРАЗИЙСКИЙ ЭКОНОМИЧЕСКИЙ СОЮЗ» деген жазба және соғылған жылын білдіретін «2015» деген сан орналасқан.
Монеталардың бет және сырт жағындағы бейнелер мен жазбалар бедерленген, айналдыра шығыңқы жиек.
Қыры (гурты) бедерлі.
Монеталар 925 сынамды күмістен жасалған, массасы - 31,1 гр, диаметрі - 38,61 мм, дайындау сапасы - «proof», таралымы - 1 мың дана.
Сондай-ақ, Кеңес Одағының Батыры, академик, қоғам қайраткері, жазушы Мәлік Ғабдуллиннің туғанына 100 жыл толуына орай, бас банк «М. Ғабдуллинге 100 жыл» күмістен және нейзильбер қоспасынан жасалған монеталарн шығарып отыр. Олардың сырт жақтарындағы бейнелер бірдей. «Рroof» сапалы күміс монеталардағы бейне жылтыр бетке салынған.
Монеталардың сырт жағында (реверсінде) оң бөлігінде Мәлік Ғабдуллиннің бейнесі орналасқан. Портреттің сол жағында мемлекеттік тілдегі «100 ЖЫЛ» деген жазба бар. Айналдыра мемлекеттік тілде «МӘЛІК ҒАБДУЛЛИН» деген жазба және соғылған жылын білдіретін «2015» деген сан орналасқан.
Күміс монеталардың бет жағында (аверсінде) жоғары бөлігінде бес рет бұралып өрнектелген сегіз бұрышты розетканың және мемлекеттік тілдегі «ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ» жазбаның қоршауында Қазақстан Республикасының елтаңбасы бейнеленген. Төменгі бөлігінде монетаның номиналын білдіретін «500 ТЕҢГЕ» деген жазба орналасқан. Номиналдан солға қарай монетаның массасын білдіретін «24 g» деген жазба, оң жағында монета дайындалған металды және оның сынамын білдіретін «Ag 925» деген жазба бар. Монетаны айналдыра моншақ тәріздес тізбек жүргізілген.
Нейзильбер қоспасынан жасалған монеталардың бет жағында (аверсінде) жоғары бөлігінде Қазақстан Республикасының елтаңбасы бейнеленген. Елтаңба бейнесінен оңға қарай «ҚҰБ» аббревиатурасы орналасқан. Төменгі бөлігінде монетаның номиналын білдіретін «50 ТЕҢГЕ» деген жазба орналасқан. Номиналдан солға және оңға қарай ұлттық ою-өрнектің элементі бейнеленген. Айналдыра мемлекеттік тілде «ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ» деген жазба бар.



Монеталардың бет жағындағы және сырт жағындағы бейнелер мен жазулар бедерленген, айналдыра шығыңқы жиек.
Қыры (гурты) бедерлі.
Монеталар:
- 925 сынамды күмістен, массасы - 24 гр, диаметрі - 37 мм, дайындау сапасы «proof», таралымы - 1 мың дана;
- «нейзильбер» қоспасынан, диаметрі - 31 мм, массасы - 11,17 гр, таралымы - 100 мың дана.
Номиналдық құны 500 теңгелік және 50 теңгелік ескерткіш монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ банк шоттарына есептеу үшін және аудару үшін қабылдануға міндетті, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.
Ескерткіш монеталарды «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан теңге сарайы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны дайындаған.
Монеталардың дизайны Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 25 қыркүйектегі №1193 Жарлығымен бекітілген Қазақстан теңгесі - ұлттық валюта банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес әзірленген.
«Proof» сапасымен жасалған монеталар коллекциялық құны бойынша сатуға арналған. Олар кәдесыйлық ораумен шығарылады және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріндегі нөмірлік сапа сертификатымен жабдықталған.
Нейзильбер қоспасынан жасалған монеталардың алты мың данасы жақсартылған сапамен дайындалған және сату үшін арнайы пластикалық термовакуумды орауға салынған.
Монеталарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің барлық филиалдарында, сондай-ақ ҚРҰБ-ның www.nationalbank.kz сайтының «Ұлттық валюта» парақшасындағы интернет - дүкен арқылы сатып алуға болады.