ДҮНИЕ – КЕЗЕК

/uploads/thumbnail/20170708204653958_small.jpg

– Сұлуды қыз жасында емес, бесік қасында көр! – дейтін сеңгір шыңдай аға сөзіне ден беріп. – “Ағасы бардың жағасы бар” – деп беделі әлей ақын ағасы алдындағы кішілік парызына арқаланған Еркін шу асаудай жал сипатпайтын.       

– Соңымнан ерген тентегім-ай! – деп ағасы кекілін тарап еркелететін. Тұмса табиғатқа тамсанып жыр терген беделі әлей ақын ағасына ой тоғытып, бой түзеген баға жетпес бақытты балалық шақ-ай десеңші! 

– О, Тәңірім! Аруақты елім! – деп алты қыр астынан егемен ел екенін есітіп беделі әлей ақын ағасы қуанышы қойнына сыймай бөркін аспанға атқан. 

– О, не дегенің! – десіп бірде біреуі қалмай бәйіт айтып тойлаған.  

Бір кезде жайқалып арқа-жарқа болып бірге жүретін қаймана ел-жұрты араға жыл салып қатын-қалаш, бала-шағаларын шұбыртып қала көшіп, қазан-ошағын артынып қиыр жайлап кетті. Алла бермегенді, пайғамбар бере ме?! Ата-жұртынан ауған ауылдасын беделі әлей ақын ағасы жүрегін шабақтап тірідей көміп кеткендей көрген.    

Көшеде шұбырған қалың машина қайшыалысады. Күн-түн тынбайтын у-шу әбден құлақ сарсытты. Сарыарқа даңғылын салып ұрып қаз табандап бара жатқан-ды. 

– Еркін! – деді ащы бір дауыс көшенің арғы бетінен айқай сап.  

– Үйірінен адасып жүрген кім? – дегендей оған үдірейе қарасқан. 

– Еркін! – деп шақырайған көздерден именбей тағы дауыстады ол.  

– Әу, – деп бұрылмаған соң өңмеңдеп өңеш қырнай беру қолайсыз екен. Жасыл білте шам тамып жанғанша иін тірескен топтың арасында ауыздықпен алысқан аттай тыпыршыды. Жол айырықты аттап сүріне-жығыла жүгіре жөнелсін. Алақ-жұлақ алқынып барып шап бере селк еткізсін. Тар кепеш киген әбі-тәбі жүдеу жүзін шырамыта алмай Еркін тұр, Құдай қырына алып, қырқында таз кейіпке түскен мүсәпір міскін түріне кірпік қақпай қадалып.

– Құдай-ай, аман жүрсек көреміз, күлген күле жетер, екі етегін түре жетер, – деп балаша бұлтиятын Есен қарттың, – Е-е, Еркінсің бе? – деп мең-зең жантая кеткені есіне түскен. Байырқалады. Әкесінен аумай қалған. Сол сәтте-ақ беделі әлей ақын ағасы көз ұшында қаздиып тұра қалды.    

– Әй, ақымағым-ай! Бізде әне-міне дегенше соңынан желдіріп жетеміз, – десін “күлсең кәріге күл” дегендей емеурін емізітіп. Беделі әлей ақын ағасы айтпақшы, тарамысқа ілініп қарттық меңдетпей-ақ қара басып, тай құлындай тебіскен Мәдиді танымай қалғанын қарасаңшы!  

– Адам көзі өзгермейді деуші еді? – алғашқыда аңтарылып тұрып қап, – Мәди! – деп құшақтай алып, – Осы менің ақыл-есім ауысып қалған жоқ па? – деген күдікті ой қылп еткен. – Жиырма бес жыл зымырап өте шығыпты-ау! Еске түссе нелер жоқ, ескірмейтін тәңірі жоқ, – деді күбірлеп. Қиялдағы ойдың бәрі қаз-қалпында бола беру мүмкін емес ғой. Тамұқ тұңғиығындағы шүңірейіңкі жанарды көріп, – Мәди-ау! Осынша неге азып-тоздың? – деп от ауызды, орақ тілді Арда кеп сұрасын. – Алма-кезек өмір! Кеше сен, бүгін мен, ертең ол, баршамыз өтетін ортақ бір жол, – деп бас шұлғып, бас июінен гөрі бәтуәләса кетер. Бұндай құр қиял, құр түстен қайта-қайта айна-қатесіз қоздай беріп өмірден сән қашпай ма?

Бұлар бұрыс шынтақты айналып барып орындыққа жайғасты. Оның білегіннен ұстаған қалпы Мәди беделі әлей ақын ағасы Арда жөнінде бағанадан байыз таппай аңыз ете тізбелеп айтып келген.    

– Бесік жантайып, есік тоздырған біреуді місе тұтқан жайым бар, – деді жалпақ мұрнын шеңбектей уыстап, өзінің кешелі-бүгінгі шетін өміріне ойысып, – Құдай бұйыртса, пайғамбар “қыңқ” демейді, – деп көкейдегісін күлбілтелемей ақтарды. Содан зекет айтып, ілкідегі жіберген қателігінен кешірім сұрады.        

– Ештеме де қаз-қалпы қайталанбайды, – деп іштей аяп жаны ашыған. Сүйемдей сирағының үшкір қара тырнағымен жорғалап, балетші бикештей қылдырық мойнын желпіп көтеріп, жападан-жалғыз жер шоқып жем терген көгершін құсқа телміре қарған Мәдидің кейпін мүсіркеген Еркін ойдан ұшқыр, ойдан озық ештеме жоқ екеніне сірә сенгендей. “Би ұрғашыны тегі күйлетеді дейді ғой” десін су қараңғы сыңар көзді құсқа қиял қылаулап түсіп. “Соқыр құстың ұясын Құдайдың өзі қорғайды” деген жападан-жалғыз сандалып жүріп шағылысар шақ іздеп абайсызда аяғынан тұтылмаса игі. 

Жұлығына су жұқпастай сылаң қаққан қатынына қапияда кезігіп бармақ шайнаған Мәдидің өкінші ішінде жатыр. Биттің қабығындай үлп-үлп еткен жылтырақты шөкімдеп іліп, кірпік ішіне шаптап, күлгін көзілдірікті танауына тіреп қат-қабат терезеден сығалай найқалып еді. Онысында қойшы. Ойнасшыл ойы “өңді болсам екен” деп қутыңдап қылпыңдаған. Құлақ естіп, көз көрмеген әрекетпен дүңк еткізіп ес шығарды. Қатынынның қолдағы барға емес, жолдағы жоққа күйлегенін қайтерсің. Қол-аяғы бүтін, бір шақалақ туар деген үкілі үмітті желге ұшырды. Әттең, әттең дейсің! Беделі әлей ақын Арда ағасының анасы тірі болғанда, тайраңдатып қоймас еді. Шұралап ап кеп боз биенің сүтіне шомылдырып жын-шайтаннан аластап жіберуі қақ.

Жұмыс қаңтарылып, соқыр жармаққа жарымай, біреу-міреу кезігер деген ақсақ дәме көшеге жетеледі. Кенет Еркінді көріп қап, өлген әкесі Есен тіріліп келгендей айқайлап жіберген.   

Бір мезет мелшиіп үнсіз отырды. Содан баяғыда танабы кеуіп тартылып қалған Алтынбұлақ бастауының күй-жайын естітсін. Жетім қоздай жүдеу-жадау жанары жалт еткенде жай отындай тас төбені осып өткен. 

– Ой, тәйірі-ай! – деп Еркін ойын лезге жия қойып. – Тананың көзіндей кішкене бастауды қайт дейсің, анау Арал теңізі тартылып сортаң шаңдаққа айналғалы қашан, ежелгі атлантиданың ғалам шардан ғайып болуының өзі неге тұрады, мүмкін жанар таулардың жойқын жарылысы жұтып әкетті дерміз. Құдай үйген төбені пендесі кетпендеп тауыса алмайды деуші еді, – десін.    

“Арғымақ жабы көрінер” деп көкесі Манақ тайбурылында бәсіре берген. Енесі ақ боз биенің сүтіне беделі әлей ақын ағасының інісі Еркінді дерттенбесін десіп жөргегінде шомылдырып өсірді. Жабағыны бастау суына суаратын. Бірде шылбырынан ұстап, бірде қазы мойнынан құшақтап қасында Назым жүретін. Қиылып қараған қарақат көзі сондай сүйкімді көрінеді.  

Беделі әлей ақын ағасы алдындағы кішілік парызына арқаланған Еркінді ақ бозға мінгестіріп ап мектепке жеткізіп салатын. Құлынында бурыл құлан жалының түсі кейтінде бозарып тұтас тұла-бойына шейін ағарып кетті.

Сары атаның қос өркешіндей Сауыр тауының тіп-тік сайының қойын-қонышын қысы-жазы ақ қар көк мұз құрсаулап, тұлым төбесінен қазбауыр бұлттар жөңкіліп жатады. Бір жері қағыр, бір жері соны бөктерінде ақ боз күлте құйрығын қынаптан суырған қанжардай көтеріп, төсін кере, жылтыр бақайын серпіп желе жөнелгенде шашасына шаң жұқтырмай ор қояндай орғып бәһра ететін. Буырқана бусанған боз бастау басында мөлдіреп Назым тұратын, беделі әлей ақын ағасына тас кенедей жабысқан ердің артындағы Еркінді қызықтап. Етекті таспадай тіліп, долдана көбік шашып, құлдилап аққан өзенмен бірге дүлділдің тұяқ дүрсілі қосылып ұлы даланың әр тарабын әлдилеп әкеткендей ерекше әсер әперетін. 

Жыл құсы оралып жатқан көктемнің алғашқы күні әдетінше Еркінді мінгестіріп мектепке жеткізіп салып қайтқан жолында гу-гулескен кісілерді көріп тізгін іріккен.

– Ой, Алла! Есеннің ұлы бақсы боп кетіпті.

– Қайсы екен?  

– Әлгі Мәди ше.

– Ем-дом жүргізе ме?

– Жо-жо-жоқ.

– Суқаны сүймейтіндерді сүф-леп шошқа-ға айналдырады десіп жүр.

– Сұмдық-ай, не дейді? 

– Ол біздің Еркінмен бірге оқиды, – деді беделі әлей ақын самбырлай кимелеп. Күбір-сыбыр сап тыйлып, лезге тарасып кеткен көптің жел сөзіне кәміл сенер-сенбесін біле алмай Арда дағдарып қалды. 

Сол күн, шаңқан түс мезгілі көл жағалап қара ит жортып жүрген. Қызыл тобылғы көмкерген бұлақ суы көлге құйылған өзеннің бас жағындағы көмейден ағып кеп қосылып жатыр. 

– Анау ит не ойлап барады? – деген Мәди маңғазданып. Беделі әлей ақын алдындағы кішілік парызына арқаланған Еркін әдепкі жағдайдан оза озбырлана сұраған Мәдимен сүзісе сөйлесті.

– Оның ішіне кіріп шықты дейсің бе?  

– Әңгіме ана жақта! – деді Мәди сұқ саусағын көкке нұсқап, – Ақ сақалды әулие бәрін көріп тұр.  

– Пішту! Сөзінің сықпытын, – деді Еркін тыжырынып.

– Жердегі жәндік құрт құрлы құның жоқ.

– Оһо, жат планеталық келіп жойқын жарылыс жасап шабуылдайды деп шошытпақсың ба, мына сандырағына мені қойып, ғалымдар сеніп қалсын. Қой шарбысындағы жылауық шардағы түйіршікке тұмсық сұғып күйдіруін қарай гөр, – деді Еркін қолын сермеп. – Итке ит суат басында жолығар, көлдегі балыққа көз сүзіп болашақты болжап бал аша бер, – деп ернін жыбырлатып бетін сипаған Мәдиге оқты көзін қадаған.

– Пай-пай! Жын да бейімдіні қағады екен-ау! – деп сайтанша сап етіп жеткен Арда аттан қарғып түсіп кес-кестей берді. – Пәлі, көріпкелдің көзін ойып алса да өкінбес ем, – деді қызыл тобылғы қамшысын бүктей ұстап. Өзі ұрттап алған, шала қызу, ашуы қара қазандай, әй-түйге қарамай қызыл тілін осқылады-ау. Кенет маңдайдан шақ еткізіп сүзіп кеп кеткен. Аспан айналып жерге құлап бара жатқандай. Екі аяғы көтеріле шалқалап сұлап түсті. Арада арашашы Еркіннің өзі білек сыбанып қарсы жүгірген. Сиыр жалағандай жатқызып таралған шашын жеңіл сипап, басын шұлғып тастап бұрыла берген Мадидің тұмсық тұсына жұдырық жүгіртті. Әп-сәтте аузы-мұрын қып-қызыл қанға боялған бақсы Мәди сенделе теңселіп барып отыра кетті.

– Құдай аямағанды қоса соқ! – деді жан-жағына алақтай қарап үсті басын қағып. – Аң ататын құралмен, затынан аты үрейлі шайтанды жер жастандырар ем, мылтық тұрмақ қарындаш ұштайтын бәкі болмай қалғанын қарашы, – деді қаны қарайып. Тіл-жаққа сүйеніп аузымен орақ орды демесең, тышқан мұрнын қанатпаған.  

– Періштенің де міні бар дейді. “Көрші хақысы, тәңір ақысы”. Көңілде кек қалмасын, Құдай қалғыса шайтан ойына келгенді істейді, –  деді әлгіндегі арпақ-құрпаққа аяушылық сезімі селдеген беделі әлей ақын ағасы сабыр шақырып, – Қалайда Құдай көріп тұр. “Тау айналмаса да таудың тасы айналар”. Қасқыр пайғамбардан – бір Құдай артық екенін түсіндік, соған тәубе! – деді үзеңгіге оң аяғын салып жатып.    

Бұл жетпіс жыл дәурендеген зымыстан коммунист көр жастанған тұс. Сол бір жылдың шіліңгір жазында беделі әлей ақын алдындағы кішілік парызына арқаланған інісіне шөп шауып жүріп кездескен бал арасын қызықты әңгімеп берген-ді.

– Күллі әлем қатыгез де, мейірімді де емес. Мынау араның ұяшығын бұзып ашуландырып уымен шақтырсаң пайдалы, балын жесең емдік әсері де ұшан-теңіз, мамық жайлап мыңдап жұмыртқа салатын олардың өзі шағып алған соң сүт пісірім мезгіл өтер-өтпестен өліп қалатынына еріксіз қайран қаласың. Өмір сүру оңай деймісің! Бағзыда бабаларымыз “Ащының бәрі дәрі у-дан басқа, тәттінің бәрі у балдан басқа” деп жайдан-жай айта салмаса керек. Жарғақ қанат жарықтық еркектері үлкен ұяшықта жалғыз ұрғашы араның қу тіршілік қамыты үшін ұрық себелеп, алажаздай балауыз тазалап қалт-құлт жүріп өтеді екен, – деді шалғы сабын шымға тіреп, қолын оның үстіне айқастырып қойып маңдайына көлеңке қалқалап, түйе құмалағындай құжынаған араларға қарап сөзін әзіл аралас қыздыра түсіп. – Сө-ө-өй-тіп. – деді әуелгі әуенге оралып. – Осылай шалғы сабын тірей сүйеніп бейқам тұрған бір орысқа, анадайда өтіп бара жатқан бір орыс “здрасти” десін басын шұлғып, бұ да “здрасти” десін иегін көкке қарай сілке көтеріп қап. Сол сәтте шалғының жүзі сорлының ұзын мұрнын қағып қырқып түсіріпті...         

Атты кісі желе жортып жетіп баратын түстік жердегі марқұм Манақтың әкесі жатқан қарғыс атқыр Карлагқа жотада тұрып көз жүгірткен бұл екеу, сонау германиядағы Асвенцумде мың бір азаппен қан жұтқан талай жандар туралы, жездесі Арда қайтқанда келген Назымның сөз арасында әредік есіткен. Сол айтқандарды еске алысты. Құдайдың сұлу нығметі тал бойына бұйырған қыз сурет салуға құмар. Сағынып сарғайып жүрсем мауқымды басам-деп, ақ боз аттың суретін сызып әкеткен. Сонда өзін әлі ұмыта алмай жүргенін іштей сезді.

Күрең белді мәңгілік мекен еткен Манақ басымнан өткен қыйлы өмір жолым қасырет шегіп, зар илеген күллі бір ұлттың қасында түкке тұрғысыз деген. Өмірде адалдық ар жолы бұйырған адам бақытты дейтін ол.

– Құдайдың тізесіне отыра кеткісі келетін Алла Тағаланың жар дегенде жалғыз ұлы сияқты еркелейміз, – деген марқұмның қонағасында көнекөз көрші құрдасы Мәдидің әкесі Есен, – Адамның басы – Алланың добы. Соған қарап Манақтың тілеген тілегін берген. Тарихтағы кейбір қателіктер үшін Құдай да өзін кешірмес. Пенде күйзелсе жалбарынады, сұрағанды бермесе, сен не көрсетпедің деп қарғанады, басын тауға да, тасқа да ұрып әбден діңкелейді, – деп күңірене күрсінген. Жарық дүниенің түн іргесін түре күн көтерілгенде сүйек жер қойына тапсырылды. Бірінен соң бірі кетіп азайып жатқан көне көз қарияларды қимай тағы бір күн батып бара жатты. 

Қорқыт бабаның күмбірлі қобыз үнін алғаш есіткен Манақ еді. Бұл бал-бұл ес тоқтатқан кез болатын. Сол қобызды қайтып қолына алмай кеткен Манақ бертінде құмалақ салып бал ашатын. – Қырық бір құмалақ біледі деген кісіде ес жоқ, өлген әкем тіріліп келе ме деші, есіктен төрге дейін сүйінші, әзір жетеді дейді, – дейтін ол күліп. Содан бірдеме жұқты ма, терезе алдына алшысынан асық қойып қоятын. Сол асығын бағана үйден шығарда тізеге қағып үйіріп кеп жібергенде алшысынан түскен. Соның алдында ғана қоңырау шырылдап еді. 

– Үш күннен кейін таңғы бесте әуежайда боламын, – деген сыңғырлы үн. Қоңырауды германиядан шалған Назым еді. Күтіп алатына қуанды. Құдыреттің әмірін деші! Бар-жоғы мүлде ұмытылған Мәди тосаттан кездесе кеткен. 

Беделі әлей ақын ағасы алдындағы кішілік парызына арқаланып інісі шыр айналып жүрген жынды тұсақтың жынын алысып, тесілген төбесіне құрым киіз жамап тігіскен. Қоңыр күзде жұнттай семірген сол қойды “мал иесі Құдайдан” деп ағасы сойып алды, бірақ қойдың миынан ешкімге дәм татырмай қойған.

– Жынды қойдың миын қойып, етін жеп, сорпасын ішуге болмас. – деген Арда бадырая қарап. Содан көп өтпей, Мәдиді жын соғып кетіпті деген сөз аяқ астынан тарап кеп кетсін.

– “Құдай өзгерістер дәуірінде туып өсуден сақтасын” дейді екен ежелгі қытайлар. Осындай кезде әсіресе бақсы-бәлігер көбейіп кетеді, – деді Арда коммунистік партия құлай сала, жын қонды десіп жар салып, талай қатынның ішіндегі баласын түсіре жаздаған Мәдидің сәуегейлігіне мұрын шүйіріп. Кім білсін, дәм-тұз таусылып сарқылды ма? Мәдидің жыны басылып, бір жыл өте бере Арда аяқ астынан қайтыс болып, Манақты ауыр қайғыға батырып кеткен. Өлімге шара жоқ. Пешенедегі жазу солай болар. Содан көп ұзамай Манақ та көз жұмған.

– Ертеде аспан құдайларына арнап құрбандыққа ақ боз ат шалып, екі дүние арасын жалғаймыз деген ел аузындағы әпсана еді, – деп беделі әлей ақын ағасы алдындағы кішілік парызына арқаланған інісі ақ боз атты арнайы тұлдап құр қоя берген. Ағасының жылдық асына ақбозды жетектеп алып келгенде көз көрген жұрттың жанарына жас үйірілді. 

Астана, Қарағанды ортасындағы елді мекендегі Манақтың мұңлық жесірі, ақ самайын жаулығының ішіне жасырып, көрші кемпірмен әлде нені сыбырласа сөз етісіп отырған, аман-саулық сұрасып Еркінмен бірге ішке кіріп келген Мәдиді көрген жерде бас сап жылады.   

Ол сыртқа шығып темекі тамызды. Ащы түтін Еркінің қолқасын қапты. Ауылдың мыжырайған мұржасынан ұйтқытып ұшқандай танауынан будақтаған көк түтін саусағын мыспен қаптағандай сап-сары қып жіберген, андағайлаған мұрты ысталып біткен, ақсиып күлгенде арсиған тістерінің түбі шірігені әлден байқалады.  

– Әйел балаға тыртиған шолақ киім кию жараспайды, – деді сатушы қараторы әдемі қызға шүйлігіп. – Тобанаяқ болсаң бәлем сиырдың шуындай шұбыртып киіп алар едің, – деп бақайынан басына сүзе қараған. Қыз “мынау бір құж ғой” деп томсырайып тұрып темекі қорабын сөреге қарай лақтырып тастай салды.  

Баяғыда ел аман, жұрт тынышта, көз алмай қарайтын көгілдір көк жәшік жоқта, «Абай жолы» романын байы оқып берген, қара торы келіншегі мөлтілдеп тыңдаған. Соңыра қара торы ажары таймаған толысқан бәйбіше болды. Басына жастап оқитын заңғар классиктің кітабының жанында елеусіздеу бір түтін будатқыш жататын. Ол кезде бұл екеуі өгіз шеккен темір шанамен тезек теретін. Әлгінде, апақ-сапақта, бұлар кіріп келген кезде, иығына көрпеше жамылған қара кемпір ескірген сол бір күндерін көрші кемпірдің құлағында қоңырсытқан. Алтай асып қыстап жүргенде үш метр барқыт мата әкелген туысқанына тайлақ інгенді сыйға тартып жетектетіп жіберетін қайнысы Арда. – Әй, жеңгеше осы сөзің түптің түбі өзіңді айналып барып тауып жүрмей ме? – дейтін аңқылдап махоркасін қағазға жуандап орап ап құшырлана сорып.   

Қар жауып, боқырауынның суығы түсе салысымен, бау-бақшаның дуалы кептелсе болды саусағына түкіріп, мықынынан сырғып тұрмайтын шалбарының ышқырын көтеріп қойып қан сорпасы ағып, қара жонынан бу бұрқырап Мәди қар күрейтін. Көзәйнек таққан көкбет қатынды алғалы о тірліктер әдірем қалды.     

Бала мұртын сыйпап, қасына қаққан қазықтай Мәдиді қадап қойып, қыз аңдыған кез сағымға айналған. Құтырғаннан құтылу қиямпұрыс қылық бола қоймас. Бегімсал бойын бүтіндеп, тиын-тебенін қолына ұстатып жолға салған. 

Азан шақырған әтештей қабырғадағы қоңырау шырылдап ала жөнелсін. Бір жарым сағаттан соң ұшақ қонады. Атып тұрып терезе алдына барған. Батыс теріскей жиекте ақбозат жұлдызы жарқырап көзге ұрып тұр. Ақ ұлпа қар жамылып аппақ дала жатыр, пәк махаббат, ыстық құшақты жасырып. Шіркін! Махаббат...

Бағай Назарбайұлы

Қатысты Мақалалар