Түркі Парламент Ассамблеясының төрағалығы Әзербайжаннан Қазақстанға өтеді

/uploads/thumbnail/20170708204853444_small.gif

2015 жылғы 3-4 желтоқсанда Астанада Түркі Парламенттік Ассамблеясының алтыншы пленарлық отырысы өтеді. Бұл туралы «Қамшы» порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған түркітілдес елдердің парламенттік бірлестігіне Əзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан жəне Түркия елдері кіреді. 2014-жылдың маусым айында Бакуде ТүркіПА-ның бесінші пленарлық отырысы барысында Мажарстан Ұлттық Жиналысы байқаушы мәртебесіне ие болды.

Парламент өкілдері қатысатын шара бағдарламасында - «Ұлы даланың парламентаризмі және мемлекеттілігі» халықаралық конференциясы, ТүркПА Кеңесінің отырысы, VI пленарлық сессиясын ұйымдастыру қамтылған.  

Сонымен қатар, делегация мүшелері «Астана Опера» театрында «Абай» операсын тамашалайды, Халықаралық Түркі Академиясында «Мәңгітас» ғылыми шарасына қатысады,  Қазақстан Республикасы Ұлттық мұражайында түркітілдес елдердің мәдениеті мен тарихынан сыр шертетін көрмені аралайды.     

Парламенттік делегация жетекшілерінің «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы басшыларымен кездесуі межеленіп отыр.

  Сессия ТүркіПА төрағалығын Әзербайжаннан Қазақстанға өткізу салтанатымен басталады.  

    ТүркіПа қызметіне және бюджеттің орындалуына байланысты 2014 жылдың есептері тыңдалып, 2016 жылға арналған бюджет жобасы мен келесі пленарлық отырыстың өтетін уақыты мен орны талқыланады.      

       VI пленарлық отырыста Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов, Қырғызстан Жогорку Кенешінің Спикері  Асылбек Жээнбеков, сондай-ақ, Азербайжан Милли Меджлисі мен Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысы делегацияларының басшылары сөз сөйлейді деп күтілуде.

       Шараға қатысушылар барлық салаға қатысты комиссия ұсыныстарын қарайды.

Сонымен қатар, ТүркіПа байқаушылар миссиясының Қазақстанда және Түркияда өткен президенттік сайлауға, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркияда өткен парламенттік сайлауларға қатысты есебі тыңдалмақ.

Пленарлық отырыс қорытындысы бойынша ТүркіПА Астаналық декларациясы қорытынды құжатын қабылдау межеленген.  

 «Қамшы» сілтейді


 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар