Алматыда соққы алып ауруханаға түскен жедел-жәрдем қызметкерлерінің ісіне қатысты жаңа жағдаяттар пайда болды. Айыпталушының адвокаты оқиға орнында күдіктіге дәрігерлер бірінші болып қол жұмсаған деп отыр. Бұл туралы «Қамшы» порталы Tengrinews.kz – ке сілтеме жасап хабарлайды.
Жедел жәрдем дәрігерін ұрып-соқты деп айыпталып отырған ер адамның адвокаты болған оқиғаның мүлдем басқа нұсқасын айтып отыр. Адвокат Райфа Баймұхаметованың айтуынша, оқиға орнында дәрігер бірінші болып ашуланып, соққы жасаған, сосын ғана қазір күдікті ретінде қамауда жатқан ер адам жерден тас алып, жедел жәрдем қызметкеріне лақтырған.
Қорғаушының айтуынша, бұл мәлімет жедел жәрдем көмегіне жүгінуші қыз бен оның құрбысы берген түсініктемелермен сәйкес келеді. "Қыз жедел жәрдемді шақырды. Ол жүрегінің ауырып тұрғанын айтқан. Бастапқыда бірінші бригада, кейін екіншісі келген. Дәрігерлер қызды ауруханаға әкетпек болған, бірақ қыз бен менің қорғауымдағы адам бұған қарсы болады. Дәрігерлер болса өз айтқандарынан қайтпайды. Сол кезде айыпталушы қызбен бірге жедел жәрдем көлігімен баратынын айиқан. Бірақ дәрігерлер оған қарсы болды", - дейді адвокат.
Осыдан кейін Баймұхаметованың айтуынша, ер адам мен дәрігерлердің арасында келіспеушілік болды, дәрігерлердің бірі тосыннан айыпталушының бетіне соққы жасайды. "Оның мұрны сынды. Бұдан кейін ол тасты алып, өзін қорғау үшін лақтыра салды. Ол тасты біреуге дәлдеп лақтырмағанын айтты, оның мүмкіндігі де болмады - беті қан-қан болды, көзі жасаурап тұрды", - деді қорғаушы.
Дәл осы нұсқаны айыпталушының досы Батыр Ягофаров та айтып отыр.
«Ол менің жақсы досым, таныстығымызға 16 жыл болды. Ол ешқашан ашуын көрсетпеген. Оның екі жоғары білімі бар: құрылыс және экономика салаларында. Оның кәмелетке толмаған екі баласы бар, тұрақты жұмысы бар, асырауында егде жастағы ата-анасы бар. (...) Барлығыңыздан мәліметке түрлі жақтан қарауларыңызды сұраймын және ерте бастан шешім шығармауларыңызды сұраймын, расталмаған деректермен адамды айыптамауларыңызды сұраймын», - деп мәлімдеді ол.
Қазіргі уақытта Алматыда жедел жәрдем қызметкерлеріне шабуыл жасады делінген күдікті уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр Оның кепіл арқылы босату туралы өтініші сот тарапынан қанағаттандырылмады. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүруде. Сонымен қатар, күдіктінің досының айтуынша, айыпталушы тарап жәбірленуші тараппен байланысып, көмектесуге ұсыныс жасаған.
Еске салайық, оқиға 26 қарашаға қараған түні Наурызбай ауданының жеке секторында болды. Қызмет көрсетуде ер адам жедел жәрдем қызметкерлеріне шабуылдап, олардың бірінің басына кірпішпен соққы жасаған. Зардап шеккендердің бірі ауыр жағдайда ауруханаға түсті. Ол ес-түссіз күйде жансақтау бөлімінде жатыр. Шабуылдаған ер адам ұсталды.
Айта кетейік, оқиғадан кейін Алматыда жедел жәрдем дәрігерлерінің төтенше жиыны өтті. Дәрігерлер болған оқиғаға байланысты наразылық танытып, шақыруларға шығуға қорқатынын мәлімдеді.