Сатып жатыр, сатып жатыр барлығын,
Сатып жатыр, арын қоса арлының.
Айтар болсам ең сұмдығын азаптың,
Бірге сатқан қара көзін қазақтың.
Керексізін айыра алмей керектен,
Дінін, Тілін, баяғыда қор еткен.
Бәрін сатып жатыр мына тексіздер,
Бәрін сатып жатыр мына бетсіздер.
Танауының астынан құр міңгірлер,
Арын сатып жатыр мына «шүлдірлер»,
Ар мен ұят баяғыда жоғалған,
Айтшы халқым, сатылмаған не қалған?
Сен, құрисың, намысты ұлт болмасаң,
Дүр сілкініп енді атыңа қонбасаң!
Қайран халқым, бәрі де кеш болмай ма?..
Бір кездегі жер қайысқан қол қайда?..
БҮКІЛ ҚАЗАҚ ҚАЛМАЙ МА ӨЗІ ТОТИЫП?..
Бүгін қазақтың жері жаппай сатылымға шығарылды. Аукционның алғашқы күнінде мемлекет бюджетіне 1,5 млрд қаржы түскен. Бұл туралы abai.kz порталыqazaquni.kz сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды. Оқырманның есінде болса, 100 млн.га қазақ жері аукционда сатылатыны туралы жазған едік:http://abai.kz/post/view?id=4789. Соның алғашқы «нәтижесі» 1,5 млрд теңге болса керек.
Кілең ұры, тағы есіріп, желіккен,
Бай-бағланы - асып, тасып еріккен.
Алтын, күміс... небір қымбат асылдар
Құр бақырға сатылуда неліктен?..
Ен байлықтан ісіп және құсып бар,
Бір-біріне дейді тағы «шіп қал»
Ұрлап, жырлап, 24 ішінде
«Дағдарысты» ойлап тапқан «пысықтар».
Анау ноқай аюлардан «досы» бар,
Ұлт байлығын тонап жатқан осылар.
Бұл ұрылар - көр тішқанға айналып,
Бір-бірімен ін арқылы қосылар.
Момын қазақ - тағдырымен ойнайтын,
Жеке бастың қамын ғана ойлайтын,
Алып жатыр, асап жатыр, жеп жатыр,
Бұл ұрылар - неткен тажал тоймайтын?
Тағы неңді алады олар қай қырдан?
Жол таба алмай қазақ қана қайғырған...
Бүкіл қазақ қалмай ма екен тотиып,
Бар байлықтан тұттай болып айрылған?..
ТӨЗЕСІҢ БҰҒАН ҚАШАНҒЫ?..
Келімсектерге ұнаған,
Қазақты ғана сынаған,
Ұлтымның ауыр күйіне
Кінәлі жалғыз бір адам.
Қазақтың Дінін қорлаған,
Қазақтың Тілін қорлаған,
Бәріне бұның кінәлі
Біздегі сол бір оңбаған.
Қалдырмай тұяқ қорадан,
Байлығын ұлттың тонаған,
Бәріне бастан кінәлі,
Түсінсең ұлтым, бұл адам.
Тұтас ұлт көзге жас алды,
Түсінбей анау қасарды.
Қайран да менің Қазағым,
Төзесің бұған қашанғы?..
Жұмаш Көкбөрі