Бір аға редакторымыздың айтқаны бар еді. «Бүкіл тілшілер Айдос болуы шарт емес қой» деп. Сондағысы редакторлар бәрінің мәтінін түзей берсе, әркім өзінің жазу стилін жоғалтып алады дегені ғой. Рас емес пе?
Қазір қайда қарасақ та Баян Есентаеваның ізін көретін болдық. МС-Сайлаубек сықылдылар да із салып жатқанда, мейлі делік. Бірақ Баяни жобалардың біразы телеарнадан көрсетілетіндіктен, телеарна деген идеологиялық үлкен құрал болғандықтан ұлттың иісі аңқып тұрса дейміз.
Кеңес өкіметінің «қылышынан қан тамып» тұрса да, «Қыз сыны», «Жігіт сұлтаны» сияқты байқаулар да, ақындар айтысы да тұрақты өткізілетін еді. Тіпті, сол заманның киноларынан халықтың үні сайрап тұратын. Ұлттық идеология астыртын бола да, бірақ үздіксіз насихаттала беретін. «Қыз сынына» қатысатын сұлулар камзол, бешпент киіп сахнаға шыққанда халқымыздың жоғары талғамы білінетін. Сымбат пен сәннен бөлек, ұршық иіріп, жүн түтіп, киіз басып, кілем тоқып нағыз сынға түсетін. Міне солар «қазақтың қызы» деген ғажап атқа лайық еді. Кер кезеңде де болмысымызға біткен ұлттық рух ояу болатын.
Қазіргі «Қазақ аруы» байқауында ұлттық бояу жоқ. Өрімдей жас қыздар үстіне жалт-жұлт еткен етегі бар, кеуде-жеңі жоқ «шүберек» жапсырып, шашын жайып сахнаға шығады. Олардың он саусағындағы ұлттың шеберлігі сыналмайды. Әйтеуір, не актерлік, не әншілік өнерімен-ақ «Қазақ аруы» атанып жатыр. Баянның со-продюссерлері айтпақшы «сыртқы келбеті келісті болса, аузын дұрыстап аша болғаны, әнші жасай салады». Қазіргі өнердің оңайы - әншілік. Қазақ арулары да тура сондай боп барады. «Театр киім ілгіштен басталады» дегенде, адамның театрға барғандағы киім кию мәдениеті меңзеледі. Ал, Баяни-жобадан туған қыздардың жібі түзу киім кигенін көрмейсін. Ол «жасаған» әншілердің «жалаңаштанғаны» жетпегендей, «Қазақ аруларына» да стиль-сымақ жұқты.
Негізі қазақтың дәтүрінде тек қана қара жамылған жесірлер ғана шашын жайып жүрген. Қазір сахнаға шыққаны да, шықпағаны да бәрі жесір ме деп қаласың. Жалпы, қазақ тілінде «құқ» етпейтін ханымдар қалайша қазақи сынға қазылық ете алады. Басы-қасында Есентаева жүре берсе, «Қазақ аруы» - «Баян аруы» боп кетер. Жалпы Баян жолаған жердің бәрінен қазақилықты ырымға таппайсың.
Сериалдарының бәрі де сорақы сюжетке құралған. Әлгі, «Sky-студия» деген хабарда да аузына түскен сұрақтарын қойып, кәдімгі өсекті эфирге шығарды. «Жаңа жылдық кеште» әншілерге қазақша ән салдырып, құтылды. «Жанды дауыс» деген жобада еңкілдеп жылағаны жүзіңе күлкі үйіреді екен. Баяғыда әжелеріміз баланың «долылығы шығады» деп сағаттап жыласа да, үндемеуші еді… Қысқасы, сәби кезінде шықпаған «без комплексный» эмоциясын ішінде сақтасын.
Бұл мәселеге қауіппен қарау қажет. Шет жақтарда Барби қуыршағына ұқсай алмаған кейбір жасөспірімдер бірі анерексия дертіне шалдықса, енді бірі суидцидке ұрынып мертігіп жатыр. Оның шет жағасы бізге де жетті. Баян Есентаеваның «Girls» пен «Boysbend»теріне еліктеген өскелең ұрпақ арып барады. «Қазақ аруына» қатысатын қыздар да әлгі Барбидің «клоны» іспетті. «Кешью» тобы қалай сахнаға шықты, солай қазақтың қаракөздері бой түзей бастады. Кім болса, ол болсын, дарақылықтарымен жұрттың баласының пәк санасын бұзбасын дейміз.
Елдің Мәдениет министрінің «бақыттан басы айналып» болса, теледидарға зер салып, қазақтың балаларының не көріп, не тамашалап жүргенін бір саралап алса игі еді. Бәлкім баяғы көркемдік кеңесті жаңғыртатын кез келгенін байқайтын шығар.
Мөлдір Нұрман