"Қазақ елі" атауы "дара билікке" апарады

/uploads/thumbnail/20170708151306395_small.jpg

Адамзат тарихында мемлекет пайда болғалы бері оның әр түрлері пайда болды. Мемлекеттің түрі деп оның ішкі құрылысын, биліктің ұйымдастырылуын, басқару және мемлекеттік биліктің жүзеге асырылу тәсілін айтады. Мемлекет түрлерін: 1) басқару түрлеріне, 2) мемлекеттік құрылысына және 3) саяси режиміне (тәртібіне) қарап бөледі. Басқару түріне қарай мемлекеттер: монархиялық және республикалық деп екіге бөлінеді. Монархиялық және республикалық басқарудың қандай екенін жақсы білгендіктен, оларды тәптіштеп түсіндіріп жатудың қажеті де жоқ. Біздің мақсатымыз Қазақстан мемлекетінің басқару түрінің таяу болашақта өзгеру мүмкіндігі, яғни, Елбасы Н. Назарбаевтың біздің мемлекетімізді «Қазақ елі» деп атауы туралы ұсынысының түпкі мақсатын түсіндіру болмақ.

Қазір Еуропаның бірқатар елдерінің саяси режимі демократиялық болғанымен басқару түрі бойынша монархиялық (конституциялық монархия) мемлекет болып саналады. Атап айтқанда, Ұлыбританиядан бастап, Бельгия, Дания, Испания, Нидерланды, Норвегия, Швеция сияқты дамыған елдердің монархиялық басқару түріндегі мемлекеттер екендігін екінің бірі біле қоймас. Сонымен қатар Азияның да Жапония, Тайланд, Сауд Арабиясы, Оман, Біріккен Араб Эмираты, Малайзия, Катар, Камбоджа, Иордания, Бутан, Бруней, Бахрейн мемлекеттерін де монархтар басқарады. Және де бұл елдерде мемлекет басшысы болып саналатын король, император, сұлтан және т.б. сол елдердің конституциялары бойынша мемлекеттің айрықша рәмізі (символы) ретінде де бекітілген.

Менің ойымша, Елбасы Н. Назарбаевтың мемлекет атауын «Қазақ елі» деп атау туралы ұсынысы көптен бері дайындалған іс-шара. Қазір Елбасының мемлекетімізді «Қазақ елі» деп атау туралы ұсынысы жер-жерден қолдау табуда. «Ақ жол» партиясымен қатар, билікшіл бірқатар қоғамдық бірлестіктер және елге танымал тұлғалар, бірқатар Парламент депутаттары  да осы атауды қолдайтындықтарын жариялап та үлгерді. Мұны өзі де бұл ұсыныстың әуел бастан-ақ дайындалған жоба екендігін дәлелдей алады. Яғни, «Қазақ елі» атауына көшудің алғышарттары әлдеқашан-ақ дайындалып қойған. Соның бірі, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевқа«Елбасы» лауазымының берілуі. Мысалы, Қазақ хандығындағы ең жоғары лауазымның «хан», қағандықта «қаған»деп, ал басқа елдерде патшалықта «патша», императорлықта «император», корольдікте «король», княздікте«князь», сұлтандықта «сұлтан» деп аталатынын мектеп оқушысы да жақсы біледі. Ал, мемлекетіміздің атауы «Қазақ елі» болып өзгерсе, мемлекеттегі ең жоғарғы лауазым - мемлекет атауына сәйкес «Елбасы» атауы дайын тұр, және сол лауазымды иеленген тұлғамыз да бар.

1 желтоқсанды Тұңғыш Президент күні деп белгілеу де монархиялық басқаруға алып баратын баспалдақтың бірі. 6 шілде Астана күні ғана емес, Елбасы Н. Назарбаевтың да туған күні. Бұл мерекелердің де алдын-ала белгіленіп қойылуы да тегін еместігін бүгінгі күні біліп отырмыз. Мысалы, Жапонияда император күні ерекше аталып өтілетін мерекелердің бірі. Қазақ билігінің де (енді осылай деп атай берсек те болады) бұл алғышарттарды күні бұрын дайындап қойғандығы көрініп-ақ тұр.

Тарихта алғашқыда республика болып жарияланып, көп ұзамай монархиялық басқаруға қайта оралған мемлекеттер де баршылық. Солардың бірі әлемдегі ең дамыған және демократиялы елдердің бірі Англия болып саналады. Тарихқа көз жүгіртсек 1642-1649 жылдардағы азамат соғысы мен буржуазиялық революцияың нәтижесінде сол кездегі король I Карль тақтан тайдырылып қана қойған жоқ, халық алдында жазаланып басы да кесілген болатын. Революция нәтижесінде корольдік билік пен лордтар палатасы жойылып Англия республика болып жарияланды. Бірақ, содан кейінгі оқиғалар нәтижесінде 1660 жылы монарх билігі қайта қалпына келтірілді. 1689 жылы «Құқық туралы билль» қабылданып, Англия конституциялық монархия болып жарияланды.

Қазіргі уақытта Англияда мемлекет басшысы король (королева) болып есептеледі. Ол атқарушы билікті жүзеге асырумен қатар, елдегі сот жүйесінің басшысы және бас қолбасшысы болып та саналады, сонымен қатар оған парламент сессиясын шақыруға, парламентті таратуға, парламент қабылдаған заңдарды кері қайтаруға, халықаралық шарттарды бекітуге өкілеттілік берілген. Сайлауда жеңіске жеткен партия жетекшісін үкімет басшысы етіп тағайындаумен қатар және оған үкіметті жасақтауды тапсырады және жаңадан сайланған парламент сессиясын ашып, жаңа үкімет дайындаған бағдарламаны депутаттарға таныстырады. Дегенмен де ағылшын монархы өз бетінше заң қабылдай алмайды.

Қарап отырсақ ағылшын монархының билігі аз емес. Десек те, қазіргі конституциялық монархия болып саналатын елдердің көпшілігінің бүгінгі күнгі экономикалық дамуы, күш-қуаты, әлеуметтік деңгейі, демократиялығы, әлемдік қоғамдастықтағы және ел ішіндегі беделі республикалық басқарудағы кейбір мемлекеттерден әлдеқайда жоғары екендігін мойындамасқа да болмайды. Яғни, мемлекеттің басқару түрінің қандай екендігі оның жоғарыда аталған деңгейлерге кері әсер етпейтіндігін де көреміз. Осындай дәлелдемелерді келтіре отырып Қазақстанның бүгінгі билігі «Қазақ елі» атануды заң жүзінде, Конституция бойынша өзгертетіні анық. Бұдан не ұтатынымызды немесе неден ұтыларымызды алдағы уақыт көрсетеді.

Мемлекет атауынан «Республика» сөзінің алынып тасталуы да конституциялық монархияның орнамай қоймайтындығын көрсетеді. Менің ойымша мемлекетіміздің атауы «Қазақ елі» болып өзгерсе аржағынан монархиялық басқарудың түбі де көрінеді. Конституциялық монархиялық басқару орнаған жағдайда президенттік институт та алынып тасталынады. Монархиялық басқаруды ежелгі замандағы ұлы ғұламалар Платон, Аристотель және орта ғасырлар мен жаңа замандағы бірқатар ойшылдар да дұрыс көрген. Бұл жағдайдың қазақ қоғамында қалай боларын нақты болжау  қиындау көрінеді.

Қазіргі уақыта «Қазақ елі» атауын қолдап жатқандардың қарасы көптеу көрінеді. Тіпті танымал тарихшылар да, осы ғылым саласының докторлары мен кандидаттары да «Қазақ елі» атауын екі қолдарын көтеріп қолдауда. Оларды бұл атаудың мемлекеттік басқару түрін өзгерту мүмкіндігі алаңдатар емес. Осыған қарағанда бұл атауды билікке жақын тарихшыларға қолдатып, оның «дұрыстығын дәлелдетіп», халықпен, ғалымдармен, зилы қауыммен ақылдасқандай болып бүкілхалықтық референдумға да салмай-ақ Парламент арқылы қабылдатуы әбден мүмкін.

 Бұдан бірнеше жыл бұрын да Қазақстанда монархиялық басқаруды енгізуді ұсынғандар да болғанын білеміз. Англия сияқты демократиялы елде монархиялық басқарудың ешқандай да зардабы жоқ. Ал Қазақстан үшін оның зардабы ауыр болуы мүмкін. Әсіресе, адамның бостандығы мен еркіндігін және құқығын қорғауда.   «Қазақ елі» атауынан монархиялык басқарудың ұшы көрінетінін байқағандар «Қазақ Республикасы» атауын да ұсынуда. Бірақ Елбасымыз «Қазақ Республикасы» атауын ұсынған жоқ қой. Сондықтан да бұрын да қалыптасқан дәстүр бойынша Елбасы ұсынған атаудың ғана қабылданатыны анық. Бұл мәселе бойынша да халықпен шынайы ақылдасқан жөн.

 Қазақстандағы мемлекеттік басқарудың ауысу мүмкіндігі туралы оқырмандар не ойлайды екен? Олардың пікірін де білгіміз келеді. «Қазақстандық жол» немесе «Назарбаев моделі» дегеніміздің соңғы нәтижесі мүмкін конституциялық монархияға көшу болар. Менің ойымша «Қазақ Республикасы» атауы әбден дұрыс-ақ. «Республика» атауын алып тастауға мүлдем болмайды. Бұл кезде республикалық басқарудың құрдымға кетері анық.

Бекмырза Сырымбетұлы

masa.kz

Қатысты Мақалалар