Ер жігіттің болады – ҮШ ЖҰРТЫ, ЕКІ АНАСЫ...

/uploads/thumbnail/20170708210142743_small.jpg

КӨЗАЙЫМ-КӨҢІЛ

Жақынның қадірі

   Аяулы анашым Айман Жанпейісқызының,

Қадірлі қайын енем Ханиза Темірованың,

Асыл жарым Қымбат Жолдығұлқызының

туылған күндеріне жыр-шашу!

...Түн тілгілеп сананы,

Күн қысқарып барады...

Еңсе басып, жаншыды,

Теңгенің сатпақ балағы...

 

«Шықпа, жаным, шыдашы...»

Кете көрме «түн асып»...

Қалай қиям жақынды,

Бәрі, бәрі шын асыл...

 

Шын жанашыр анашым,

Пейілі пәк баласың...

Сенсіз менің өмірім,

Таба алмайды жарасым!

 

Білмегенде жөнді біз,

Қамқор, қалқан болдыңыз.

Ыстыққа да күйдіңіз,

Суыққа да тоңдыңыз.

 

Ұйқысыз таң атырған,

«Құлыным!» деп шақырған.

Айналайын анашым,

«АЙМАН» деген атыңнан!

 

Батыр қызы атандың,

Жанпейістей атамның.

Арқаладың анашым,

Салмақ-жүгін атанның...

 

Ұлың үшін қуандың,

Өрге шықса тасы мың.

Ауырмашы ана-жан,

Мың жасашы, асылым!

 

*******   *******   *******

 

...Түбіне түстім тұнықтың,

Өмірдің мәнін шын ұқтым.

Тағдырымен тел өскен,

Үш жұрты бар жігіттің...

 

Өз жұртың – күншіл, сом алмас...

Барлығыңды – көре алмас,

Жоқтығыңа – бере алмас,

Жақсы болсаң – күндеген,

Жаман болсаң – жүндеген...

Қалады сүлдер, құр денең...

 

Сыншыл жұртың – нағашың,

Атыңа таққан таға шын,

Барыңды беріп жағасың...

Кісі болсаң – сүйенген,

Кіші болсаң – күйінген.

Баға мен сының – күйіңнен...

 

Міншіл жұртың – қайының,

Шамасын таны жайының,

Керегі – қолдың ұзыны,

Беделің – жағаң қызылы,

Асырсаң ғана – жағарсың,

Жасырсаң – дауға қаларсың...

 

Сал-сері, кербез сылқымдар,

Сезімнің шоғын жұлқыңдар!

Сүйеніш, қорған, тілеуқор,

Жанашыр үшем жұртым бар...

 

...Тағдырдың талай таласы,

Пенденің – иман панасы.

Ер жігіттің болады –

ҮШ ЖҰРТЫ, ЕКІ АНАСЫ...

 

Қамқоршы пейіл, дара үнді,

Қайырым бойға таралды.

Ханымнан кем көрмеймін,

ХАНИЗАдай анамды!

 

Анама айтсам базына,

«Анашым» деген таза үн, ә?!

Ханиза – араб тілінде,

Қымбат байлық, қазына!

 

Бір діңгектің тезіміз,

Сезімімізді – сезіңіз...

Мейіріміне шомылған,

Қазынамыз – Өзіңіз!

 

Ананы сыйлау – ұлға сын,

Ананы ақын жырласын.

Көшірмеңіз секілді,

Өмірлік жарым ҚЫМБАТым!

 

Сындармен бітер сыралғы іс,

Сүтпенен сіңген тұрар күш...

Жаныма менің нұр құйған,

ҚЫМБАТым үшін мың алғыс!

 

*******   *******   *******

 

ҚЫМБАТым менің, серігім,

Өзімдей сүйер сені кім?!.

Дауылда мені құлатпас,

Сезімің менен сенімің!

 

Жалғанда жалғыз - жарымсың,

Кешімсің, түнім, таңымсың...

Жаратқан Ием бұйыртқан,

Бағымсың, тағым, барымсың!

 

Өмірдің татқан кермегін,

Қуаныш, үміт, сенгенім...

Ертеңге бірге ұмтылған,

Сыңарымсың сен менің!..

 

*******   *******   *******

 

Үш асылым, үш айым,

Шабытты қалай тұсайын?!.

Қос анам мен жарымды,

Құшағыма қысайын!

 

Сендермен шыңға теңдесем,

Қиындықтармен белдесем...

Бар арманым – жалғанда,

Мұңдарыңды көрмесем...

 

Жүректің жаққан жалынын,

Асыл жандарым – дарыным...

Кеміте көрме Жаратқан,

Жақындарымның қадірін!

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА

"Қамшы" сілтейді 

Қатысты Мақалалар