Қазақстан – Дүниежүзілік сауда ұйымының толыққанды мүшесі (ВИДЕО)

/uploads/thumbnail/20170708210507371_small.jpg

2016 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының толыққанды мүшесі атанады. 20 жылға созылған ресми келіссөздер нәтижесі осы жылы сәтті аяқталды, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.

Еліміз халықаралық ұйымның қатарына қосылған 162-мүшесі болды. Бұл тарихи оқиғаға қатысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы мәлімдеме жасап, Қазақстан өзіне тиімді шарттарға қол жеткізгенін айтты. Қой жылындағы басты оқиғалардың бірі – Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жөніндегі 20 жылға жуық жүргізілген келіссөздердің табысты аяқталуы. Ұлттық мүдде жан-жақты ескерілді. Ең басты жетістік – бұл ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидия мөлшері.

Ұйым шарты бойынша мемлекет бизнесті қолдауын шектеу қажет. Алайда Қазақстан үшін мемлекеттік субсидия көлемі 8,5% күйінде сақталды, ал ауылшаруашылық саласын қолдау өнімнің жалпы пайдасының 17%-ын құрайтын болады.

Гүлнәр Исаева, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары:

- Біз үшін қазір, ең бастысы, инфрақұрлымды дамытып, логистика жүйесін оңтайландыру. Тауар өндірушілер баға жағынан бәсекеге қабілетті болу үшін осы мәселелерді шешуіміз қажет. Қазіргі таңда ғылым, шаруаларды оқыту ісіне мемлекеттік қолдау көлемін арттыру бойынша шаралар атқарылуда. Үлкен ұйым. Тиісінше, үлкен бәсеке. Салыстырып қарасақ, біздің сауда-саттығымыздың анау-мынау емес, 90%-ы Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдерге тиесілі. Енді отандық кәсіпкерлер мейлінше сауатты құрылған сауда нарығына түседі. Тек талап күшейеді. Өзіндік құны төмен, жұрт қызығатындай сапалы тауар өндірсең ғана ұйымның қызығын көресің. Тұтынушы үшін де пайдасы аз емес. Енді шетелдік тауар біздің нарыққа кедергісіз келеді. Баж салығы төмендейді, тиісінше баға да арзандамақ.

Тимур Кулекин, Астана қаласының Мемлекеттік кіріс департаментінің бөлім жетекшісі:

- Бүгінгі таңда 1347 тауар түріне салынатын баж салығының арзандайтыны белгілі. Мұның қандай артықшылығы бар? Қазақстандық салық төлеушілер шетелдік тауарларды үшінші елдерден алып келіп, оларды төмендетілген тарифпен рәсімдей алады. Бұл ұйымға мүше өзге елдердің тәжірибесіне көз жүгіртсек. Мысалы, дамыған Қытайдың өзі жаһандық сауданың элитасына кіру үшін 15 жыл келіссөз жүргізген. Бұл елде алғашқы жылдары бәсекеге төтеп бере алмаған жүздеген кәсіпорын банкрот болды. Мұндай жағдай бізде қайталанбасына кепіл жоқ. Президенттің өзі бәсекеге дайын болу керек екенін сан мәрте ескертті. Дүниежүзілік сауда ұйымы атты алып айдынға шыққалы тұрмыз. Мұндағы ойын тәртібі қатаң. Бәсекеге шыдаған мықтылар ғана жағаға шығады.

Дереккөз: 24.kz

Қатысты Мақалалар