Қапастағы бұлбұл

/uploads/thumbnail/20170708211413238_small.jpg

1

 

Жаз.

Қала-

Тұрғызылған қара тастан,

Таулармен иықтасып жағаласқан.

Қолқаны қапқан қошқыл түтіні де,

Ақ шарбы бұлтты қуып араласқан.

 

Қала да жабы да, дүлдүл де бір,

Байланған пұл – ділдаға бұл күнде өмір.

Сыидырған кеудесіне кең даланы

Жыршылар сұм шаһарда сүргінде жүр...

 

Жырсыз...

Жоқ бұлбұл да – ән, талда – көрік,

Қас тағдыр, табалайды қарға көріп.

Көкте – тор, құрулы екен, жерде – тұзақ,

Қапыда тұтқын болды торға келіп.

 

Боз дала мекені еді жері жаннат,

Суы – бал, желі – жұпар, белі – манат.

Құйқылжып неше алуан әнге салып,

Армансыз сайрандайтын сері- қанат.

 

Көптұғын тілектесі, серіктері,

Алаңсыз өз қолында еріктері,

Көлде ойнап аққу- қаздар, өрісте- мал

Жусайтын, неткен ғажап көрікті еді!?

 

Биіктен қайда барса алады орын,

Бастайтын өзі басбоп дала хорын,

Тыңдайтын жанды- жансыз әнін балқып,

Керуендер басып өткен қара жолын.

 

Бөленіп барша тірлік таң нұрына,

Мәз еді, риза еді тағдырына.

Қоңыржай татулығын көп көрді ме,

Сұқ көздер сұғын қадап аңдыды ма!?

 

Қалада қапаста екен білгенде есін,

Жазықтыма шат өмір сүргенге шын?!

Тұтқын боп думан тірлік қараң қалды,

Тот басып көңілінің қыл пернесін.

 

Қайда сол ән мен жырлы сал дәурені?

Кер тағдыр ойда жоқта салды әурені,

Көгіне кең даланың сидырмады,

Құсадан құрып отыр әл дәрмені...

 

Мұнда- ән, бөлек екен, мұнда- ғұмыр,

Кешеді қалай айқай- шуда ғұмыр,

Сағындырды көк барқыт нудағы іңір,

Айланып орала ма думаны бір?!

                                                                 

 

2

 

Іш жалын тірі айырылып жаннатынан,

Тар қапас, тұншықтырды, қара тұман,

Мекеннің кім әкелер дем- хабарын,

Жүйрік жел- ол да айырылған қанатынан.

 

Үдеді даңғаза ду, желікпе жыр,

Жабығып одан сайын жеріп көңіл,

Дос қайда түсінетін ішқұстасын,

Зар болды мұң шағатын серікке бұл.

 

Көңілі мөлдір таза кір- күнадан,

Алдағы тағдырынан бұлбұл алаң,

Тор- түрме мәңгілікке құлыптанып,

Ашылмай ма бұлтты аспан тұнжыраған?

 

Тартқанда өлім тылсым құрдымына,

Құлағы шалды кенет үнді бұла.

Бойдан ұшқан рухының сыбдыры ма?!

Білмеді иланарын шындығына.

 

Сиқыр жел, тұрма алдап, құла дауыл,

Ғайыптан ашылыпты құлағы ауыр,

Ертегі сән көркімен көз алдына,

Тартылды алыс қалған бұла дәуір...

 

Айна көл аспан сиған тұнық қандай?!

Маужырап барша тірлік тыныққандай.

Боздаған мызғапты інген, тау да қалғып,

Жүрегін қоңыр әуен жылытқандай...

 

Түсінде шала естіп қана алмаған,

Мас қылып, зарықтырып сан алдаған,

Саз күйді тыңдап балқып, секілденді

Пейіштің бақшасында самалдаған.

 

Орманның  өпкендей боп таңғы лебі,

Шымырлап беріштенген жан жүрегі,

Бөленіп мәңгі өмір шуағына,

Дертінің табылғандай мәңгіге емі.

 

Тар қапас жаннат баққа ауысқандай,

Аңсатқан отанымен қауышқандай,

Орындап  армандарды, сүйіндіріп,

 Сөйлеуде  сиқырлы саз- дауыс талмай...

 

Елітіп сұлу саздың ырғағына,

Қайтадан қонақтады нұр бағына,

Дариға- ай оралды ма жыр тағына,

Айналмай сұм тағдырдың құрбанына?!

 

Желпініп зеңгір көкте құлаш ұрып,

О, ғажап! кетті біткен үні ашылып,

Қуанып, қаумаласып серіктері,

Бағасын, мадақтауын тұр асырып.

 

Барма ем әннен артық жан жараға?

Шаттықта айтылмай жыр ән қалама?

Тәңірге апарма деп дұға етті,

Жүрегін түршіктірген даң қалаға.

 

Шырқады далаға сән- нұр тіледі,

Жеңілдеп айтқан сайын мың түледі,

Жас жүрек- жапырақтан моншақ саулап,

Толысып балғын құрақ сілкінеді.

 

Жеткізді қоңыр саздың жан салғанын,

Естіді бәрінің де тамсанғанын,

Шыққандай дәл қасынан, сол қормал үн

Тұр әлі еліктіріп дел- сал жанын...

 

Ажал дауыл кеткендей сезілді өтіп,

Өлмей тірі қалғанға көзі жетіп,

...Қарсыдағы балконда зағип күйші,

Отыр ед домбырасын безілдетіп...

                                              

3

 

Болғанда бұлбұл- мұңлық, күйші- зарлық,

Сағынтып боз даланың иісі зарғып,

Қалаға шегеледі соңында әкеп,

Сұм тағдыр туылғаннан күйшіні аңдып.

 

Жарым жан, қос жанары- суалған көл,

Сандалтты сағым тірлік- шұбалған жол,

Қайғырса аң- құс шулап, дауыл тұрған,

Дүние маужырайды қуанғанда ол.

 

Домбыра жан жолдасы, жүрегі үндес,

Мұңы бір, олсыз жылап, күле білмес,

Нұр шуақ тіршілікпен табыстырған,

Түңілтпей көр жалғанның түнегінде еш.

 

Болмысты сыбдырынан тани білген,

Көңліне сиып дала, пәни күймен.

Киелі күй сандығы ашылғанда,

Ерітіп қара тасты, нар идірген.

 

Сырласқан табиғатпен жұмбақ тілмен,

Қурайдың қайғысын да тыңдап білген,

...Қалаға көшті ұлы быр-ақ түнде,

Айырып баба қоныс, жұмақ күннен.

 

Құлазып, қаңсып жатты қала шөлдеп...

Сар жайлау шақырады, дала кел деп...

Төрт тамға симай тарлан алас ұрды,

Жүрегін күйік- шемен, нала кернеп...

Ұйытқып маза бермей қайғы желі,

Көңілінің буырқанып айдын көлі,

Күй қылып жан әлемін әйгіледі,

Құстардың көкте  қанат жайды легі...

Үн қосқан тау даланың күбіріме?!

Арда өскен тұлпарлардың дұбірі ме?!

Тоғысып асау өзен бір арнаға,

Ғаламат екпін беріп тұр үніне.

 

Шер жұтып дертті болған жалғанда аз ба?

Айырылып сыңарынан қалған қаз да.

Бар мен жоқ, қайғы- шаттық, өмір- өлім,

Сиғандай қос ішекке- арман сазға.

 

...Күй еді қала аспанын күңіренткен,

Тордағы бұлбұлға да үні жеткен,

Көрісті екі бейбақ, іші босап,

Оралғандай сол арман күніне өткен..

Есбол Үсенұлы

 

 

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар