Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Еліміздің түкпір-түкпірінде қыз-жігіттер 11 жыл бойы алған білімдерін дәлелдеуге кірісті. Білім министрлігі осы жылы тапсырмалардан мағынасыз сауалдарды алып тастадық дейді. Мемлекеттік құпия саналатын сынақ сұрақтарының қорғалуы да күшейген. Ал сынның алғашқы күні оқушылардың біраз қулығын әшкере етті, деп хабарлайды КТК.
Шымкентте оқушылар сынаққа кіргізілмес бұрын тыңғылықты тексеруден өтті. Нәтижесінде, талапкерлердің қулығы жаппай әшкереленді. Себебі бір бозбала «шпаргалканы» іш киіміне, екіншісі шұлығына, ал бір қыз тіптен белдемшесіне тығып өтпек болған. Бірақ оған жол берілмеді. Ал астаналық түлектердің жасырын тест жауаптарын өзімен алып кіруге жүректері дауаламаған секілді. Ондай жәйт кездескен жоқ. Бірақ оларға назар ерекше. Емтихан алдында сәттілік тілеу үшін Білім министрінің өзі келді. «Қолым жеңіл» еді деп тест сауалдары салынған қорапшаны да ашып берді. «Ата-аналарың далада толқып тұрған сияқты. Сендер оларға қалталарыңда телефондарың бар ма, министр айтты үйлеріне бара берсін деңдер. Мына есептердің бәрі дұрыс екен деп. Беске тапсырыңдар!», - деп сәттілік тіледі Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов. «Айтқаныңыз келсін» дескен қыз-жігіттер қолдарына тапсырмаларын алды. Сағат тілі тура таңғы тоғызды көрсеткенде сынақ басталып кетті. Ғимаратта мүлгіген тыныштық. Аудиториялардың алдында жауапты кезекшілер ғана жүр. Өйткені талапкерлерге кедергі келтіруге болмайды. Оқушылар 125 сауалға жауап беруі тиіс. Берілген уақыт шектеулі. 3,5 сағат. Осы уақытта қыз-жігіттердің «жоғарғы оқу орныма түсе алам ба» деген өздерін көптен толғантқан басты сұрағына жауап алуы тиіс. Калкульятор қолдануға болмайды, қажеті қаламсап қана. Ұялы телефонның да пайдасы жоқ. Өйткені аудиторияларға байланысты ажырататын құрылғылар орнатылған. Ал сыртта қаумалаған ата-ана, ағайын-бауыр. Ұл-қыздарының болашығын ойлап алаңдаулы. Олар үшін арнайы монитор орнатылған. Онлайн режимінде сынақтың қалай өтіп жатқанын өз көзімен көруге мүмкіндік алды. Егде жасына қарамастан сексендегі Анар әжей де сынақ тапсыратын немересімен таңда еріп келіпті. Соның тілеуін тілеп жүр. «Беретін жәрдемеміз солардың тілегін тілейміз. Жақсы өтіп кетсе екен балалардың бәрі күліп шықса екен біреуі де ренжімесе екен дейміз ғой», - деп атап өтті талапкердің әжесі Анар Қалжанова. Жедел жәрдем де кезекшілікте. Абырой болғанда тестілеу кезінде есінен танып, қан қысымы көтерілген оқушылар болған жоқ. Ата-аналар үш жарым сағатты тапжылмастан күтті, ал сынақты алғашқы болып тапсырып шыққандарды қошеметпен қарсы алып жатты. «Өте қиын болды. Әсіресе математика. Қалған пәндер оңайлау», - дейді талапкер Баймұхан Нұрдәулет. Тек бап қана емес, бақ та қатар шабатын сынақ екі аптаға созылады. Жоғарғы оқу орнына түсу үшін оқушылар кемі 60 балл алуы міндет.
Дереккөз: bnews.kz
Пікір қалдыру